Бар қиындықты бір кісідей өткерейік

1329

0

Қазақтың қадым заманнан қалыптасқан ғұрпы бар. Ол – ағайынның қайғысына да, қуанышына да ортақтасу. Бұл – Ұлы дала төсіндегі ұмытылмас ұғым. Бүкіл әлемнің басына түскен нәубет, біздің халықты да айналып өтпеді. Індет жалпы халықтың қабырғасын қайыстырып, небір асылдарымызды келместің кемесіне мінгізді. Бірі бауырдан, бірі ата-анадан көз жазып қалды. Бұл қайғы тұтас ұлтымыз үшін сынаққа айналды. Ал сынаққа шыдап берудің жалғыз жолы – бірлікте болу, ел болып еңсеру.
Қазір кім-кімге де кінә артатын кезең емес. Керісінше бір-бірімізге демеу болып, бірлікті көрсететін, талап пен тәртіпке бағынатын уақыт. Тек өзіміз үшін ғана емес жақындарымыз үшін де сақтану қажет. Күн сайын індет жұқтырғандар санының артқанын көріп, бұлай демеске шара жоқ.

Мәселен елімізде ауру жұқтырғандардың саны 59 мыңнан асып, қайтыс болғандар 375-ке жетті. Аймағымызда да індет жұқтырғандар аз емес, расталған жағдай 1784 болса, жазылып шыққандар – 1207. Ал қайтыс болғандар – үшеу. Сананы сарсаңға түсіретін сандарды көріп, сақтанудан басқа амал жоғын түсінеміз.
«Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды» дейді қазақ. Ел Президенті телевизиялық үндеуінде «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей, әр азаматтың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде.» деген еді. Сонымен қатар ел басына түскен нәубеттен көз жұмған азаматтарымызды еске алып, рухына құран бағыштау мақсатында Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Бұл атадан келе жатқан ағайын қайғысына ортақтасу салтын білдіреді. Аты жаман аурудың құрығына ілігіп, бақилық болған азаматтарымыздың ішінде аймағымызға, республикаға белгілі, қоғамда өз орнын ойып тұрып қалдырған жерлес асыл тұлғаларымыз да бар. Композитор Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің ауыр қазасын естіп бар қазақтың қабырғасы қайысты. Сыр журналитикасының сайыпқырандары Қазақстанның Құрметті журналисі, қаламгерлеріміз Ахат Жанаев пен Әскербек Рахымбекұлы да келместің кемесіне мінді. Олардың жарқын бейнесі қашан да жадымызда.
Көптің қайғысын халық боп көтеру, дұға ету біздің мұсылмандығымызды әрі қазақтығымызды көрсетеді. Президентіміздің аза тұту күні деп арнайы жариялауы ұлтымыздың бар қиындықта біркісідей болатынын білдірсе керек. Сондықтан індет құрығына іліккен азаматтарымызды еске алып, жақындарына, жалпы қазақ халқына көңілқос айтамыз.

Света Артықбайқызы,

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының маманы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<