Баспана: Мұқтаж жандарға мемлекеттік көмек түрі қандай?

243

0

Фото: Облыс әкімдігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде барлығы 654 мыңнан астам адам тұр. Оның Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте келтірген мәлімдемесінен «ҚазАқпарат» жариялады.

Бұл ретте комитет басшысы кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары туралы тоқталды. Онда бірінші – жалға ұсынылатын тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру мәселесі.

– Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарға сатып алу құқығынсыз тұрғын үй кезектілік тәртібімен жалға беріледі. Бұл ретте, жалға берілетін тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 20 пайызы сатып алу құқығынсыз жетім балалар мен көпбалалы отбасыларға қарастырылған. Өткен жылы аталған мемлекеттік қолдау шаралары аясында кезекте тұрған 13 мыңға жуық адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 1-тоқсанда 3 мыңнан астам отбасы жалға берілетін пәтерге ие болды.

Ал екінші – жалдау ақысын субсидиялау.

2022 жылдан бастап азаматтардың мына санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының 50 пайызы субсидияланады:

– бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

– мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

– жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

– көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар.

Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам отбасы тұрғын үйді жалға алғаны үшін 50 пайыз төлем бойынша мемлекеттік қолдауға ие, – деді комитет басшысы.

Үшінші – Тұрғын үй сертификаттары. Оны әкімдіктер ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға береді.

– Өткен жылдың қорытындысында 2,6 млрд теңге сомасына 2,3 мыңнан астам тұрғын үй сертификаты, осы жылдың 1-тоқсанында жалпы сомасы 580 млн теңгеге 522 сертификат берілді, – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Төртінші – жеңілдетілген кредит беру. Яғни баспана кезегінде тұрғандарға 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген займдар ұсынылады. Бұл ретте 2 пайыздық мөлшерлемемен займды кезекте тұрған азаматтардың мына санаттары алады:

– бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

– мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

– көпбалалы отбасылар;

– жетім балалар.

– 2024 жылдың қорытындысында жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз болатын 3859 займ берілді. Ал төрт айда тұрғын үй сатып алуға 952 займ ұсынылды. Сонымен қатар, өткен жылы 5 пайыздық мөлшерлемемен 5145 займ берілді. Жыл басынан бері 1249 азамат жеңілдетілген займ алды. Бұл санаттағы қарыздар халыққа «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс банкі арқылы ұсынылады, деп толықтыр­ды комитет басшысы.

«СБ» ақпарат