Басқарма төрағасын қабылдады

5

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусинді қабылдады. Президентке компанияның қызметі мен соңғы екі жылда жүзеге асырған негізгі инфрақұрылымдық және технологиялық жобаларының қорытындылары жөнінде баяндалды.

Бүгінде «Қазақтелеком» 1,75 мил­лионнан астам үй шаруашылығына қыз­мет көрсетеді. Компания ел аумағында талшықты-оптикалық желіні жүйелі түрде кеңейтіп, телекоммуникация нары­ғының негізгі сегменттерінде көш­басшылық орнын сақтап отыр.

Елді мекендерді байланыспен қамту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. 2027 жылдың соңына дейін 1 миллионнан астам тұрғыны бар 3 мыңнан аса ауылды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған.

Мемлекет басшысына «Каспий ТОБЖ» халықаралық жобасының жүзеге асырылуы туралы ақпарат берілді. Аталған жоба Ақтау – Сумгаит бағытында суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды көздейді. Бұл бастама Қазақ­станның транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азия арасында цифрлық дәліз қалыптастырмақ.

Кездесу барысында деректерді өңдеу инфра­құрылымын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Екібастұз қаласында «Деректерді өңдеу орталығы алқабы» стратегиялық жобасы аясында қуаты кезең-кезеңімен ұлғайтылатын зама­науи орталық құрылуда. Бұл жоба халықаралық технологиялық компа­нияларды тартуға және елдің инвес­ти­циялық тартымдылығын арт­тыруға жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалалар мен ауылдарды сапалы байланыспен және интернетпен қамтудың маңызына назар аударды. Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту салаларында инвестициялық жобаларды уақытылы жүзеге асыруды тапсырды.