Басқарма төрағасын қабылдады

4

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдады. Компанияның өткен жылы атқарған қызметінің нәтижелері жөнінде мәлімет беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары таныстырылды.

Талғат Алдыбергенов тарифтік жүк айналымы 10 пайызға артып, 289 миллиард тонна-шақырымды құрағанын айтты. Тасымал көлемі 5,5 пайызға ұлғайып, 320 миллион тоннаға дейін жеткен. Экспорттық тасымал 89 миллион тоннадан асты. Жүк транзиті 20 пайыздан астам өсіп, 33 миллион тонна болды.

Президентке былтыр пайдалануға бе­рілген «Достық-Мойынты» теміржолы­ның екінші желісі арқылы 6 миллион тонна немесе 100 мың вагоннан аса жүк жеткізілгені баяндалды. Алматы бекетін айналып өтетін теміржолдағы техникалық қозғалысқа рұқсат етілді.

Теміржол инфрақұрылымдарын тарту және жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жобалардың жалпы ұзындығы 3900 шақырымды құрайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компания қызметінде қауіпсіздікті, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрлық жо­балар жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Тәлімгерлік институты жолға қойылып, жастар кадрлық резерві жасақталған. Президент әлеуметтік мәселелерді шешудің маңызын атап өтіп, теміржолшыларға ар­налған қолжетімді тұрғын үй салу бастамасын құптады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамын транс­формациялауды жалғастыру, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты ны­ғайту, цифрлық шешімдерді енгізу, мульти­модальдық логистиканы дамыту мақса­тында инфрақұрылымдарды кеңейту жөнінде тапсырма берді.