«Amanat» партиясының облыстық мәслихаттағы фракция мүшесі Алмас Рахметов ауылдағы түйткілдердің шешімін табуға, қолдауға әркез дайын. Халық қалаулысы әлеуметтік маңызды мәселелерді көпшіліктің үніне құлақ аса отырып шешкен жөн деп санайды. Облыстық мәслихат депутатымен газет тілшісінің сұхбатында олардың бірқатары туралы әңгіме өрбиді.
– Алмас Алтынбекұлы, депутат болудың өзіндік жауапкершілігі бар. Басты мақсат – елдің мұң-мұқтажын тиісті жерге жеткізу, шешімін табу. Елдің көкейіндегі мәселесін шешуге ықпал етіп, алғысын алу үлкен жетістік емес пе?
– Менің ұстанымым да осы. Тұрғындармен етене араласып, мәселелерін көтеріп, тиімді шешілуіне үлес қосу және халықпен тікелей ашық байланыс орнату – басты міндеттің бірі. Мен экология, жер, ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі және партиялық бақылау комиссиясының мүшесімін. Осы төрт комиссияның өзінде қаншама мәселе көтеріледі, қаралады. Мәселен, жерге қатысты отырыс кезінде жер кімге, қандай мекемеге бөлініп жатқаны талқыланады. Дұрыс болған жағдайда ғана шешім шығарылады. Оның ішінде кәсіпкерлер жер сұрап келеді, оған беруге бола ма, жоқ па, оны да саралаймыз. Заңға сәйкестігін тексереміз. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты, су, жер сынды мәселелер қаралады. Оларға партия тарапынан қандай көмек барын айтып, сұрақ туындаса жауап береміз. Партиялық бақылау комиссиясы салынып жатқан жаңа құрылыс нысандарының талапқа сәйкестігін бақылайды. Құрылыс материалдарының сапасы тексеріледі. Олқылықтар орын алып жатса, түзетіледі. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі атқарылып келеді.
– Халықпен тығыз байланыста болғандықтан сізге елдің тыныс-тіршілігі жақсы таныс екені белгілі. Аудан, ауылдарда қаншалықты жиі болып тұрасыз?
– Барлық ауданды аралап, ел ішінде қандай мәселелер бар екенін анықтап, тиісті жерге жеткізіп, шешілуіне ықпал етеміз. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарында болып, сапасын, жұмыс барысын көреміз. Қазір аудан, ауылдардың өзінде көптеген әлеуметтік нысан бой көтеруде. Солардың уақытылы берілуін, қаражатын, талапқа сай салынуын, бәрін де көзімізбен көріп, танысып шығамыз. Мысалы, жаңа мектеп берілсе, онда оқушылар үшін барлық жағдай жасалғанына көз жеткіземіз. Құрылыс келіскен межеден кешігіп жатса, себебін анықтап, жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс атқарамыз. Мәдениет, білім ошақтарында тұрғындармен кездесіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап береміз. Жастардың ойын тыңдаймыз. Олардың талап-тілектері ескеріледі.
– Ауыл тұрғындары көбіне қандай мәселемен келеді?
– Әр депутаттың бір жылдық кестесі бар. Соған сәйкес қала, аудан, ауыл халқымен кездесу белгіленген. Жақында Тасбөгет кентінің тұрғындарымен кездестік. Негізгі көтерген мәселе, жаңадан емхана салып беруді сұрады. Осы мәселені «Amanat» партиясы көтеріп, қазіргі таңда қаражаты бөлінді. Мұнда халық саны артқан, емханасы ескі ғимаратта орналасқан. Сол себепті тұрғындардың мәселесі назарға алынды. Бүгінде жаңа ғимарат салуға жер беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұдан бөлек, көшені жарықтандыру мәселесі де қозғалып, шешімін табатын болды. Аяқсу мен ауызсуға қатысты біз тиісті мекемемен сөйлестік. Олар ауызсудың жеткілікті мөлшерде жіберіліп отырғанын жеткізді. Алайда жасыратыны жоқ, жазда тұрғындар ауызсумен бау-бақша суарады. Сондықтан судың қысымы түсіп кетеді. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, үй-үйді аралап, тексеруде. Енді ауызсуды мақсатсыз пайдаланса, айыппұл салынады.
Одан кейін «Қарауылтөбе» ауылының тұрғындарымен кездестік. Ауылда амбулатория шағын әрі тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге қолайсыз екен. Арнайы барып көрдік, талапқа сәйкес еместігі анықталды. Жаңа амбулатория салынады деп шешілді. Енді жер мен қаржы жағы қарастырылуда. Мұнда да ауызсу мәселесі көтерілді. Ал су саласының мамандары ауылға ауызсудың белгіленген мөлшері толық жіберілгенін айтты. Тексеру жұмыстарын бастапты, нәтижесінде бау-бақшасын суарғандардың алды айыппұл арқалады.
– Көпшілікпен жұмыс жасау оңай емес. Дегенмен қазір ауыл тіршілігі жанданған. Оны байқап жүрміз. Осы тұрғыда не айта аласыз?
– Расында ел ішіндеміз ғой. Қала іргесіндегі ауылдардың да тыныс-тіршілігімен жақсы таныспыз. Бір мысал айтайын, осыдан 10 шақты жыл бұрын «Қарауылтөбе» ауылында болдым. Санаулы үй. Жол жоқ, шаңы көтеріліп жататын. Жақында жол түсіп, сондағы ауыл тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Елдің талап-тілегін тыңдап қайттық. Байқағаным, баяғы көз алдымдағы көріністің ізі де қалмаған. Жаңа үйлер салынған. Тіпті екі қабатты зәулім үйлерді де кездестіруге болады. Ауыл екі есе үлкейген. Әлеуметтік нысандар бой көтерген, халықтың тұрмысы түзелген. Көш ілгері жылжыған. Іштей қуанып қалдым. Шүкір ғой, кейінгі кездері ауылдарға да «көгілдір отын» жетіп, халық күл шығару машақатынан құтылды. Ауызсу, аяқсу да шешімін тапқан. Жолдары тегіс, асфальтталған. Жарықтандыру, абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Қоғамдық көлік мәселесі шешілген. Халықтың әл-ауқатын көтеру үшін тиімді жобалар да жүзеге асырылып келеді. Әсіресе, елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлік жақсы дамыған. Егін, мал, құс шаруашылығы, ағарған өнімдері мен тігін, ағаш цехы, тәтті пісіретін тұрғындар кәсіптің көкжиегін кеңейтті. Тұрмысы жақсарған ауыл адамдары заман ағымына ілесіп келеді. Осыған сәйкес олардың да сұранысы өзгерген. Бұрындары көбіне айлықтың уақытылы берілуін, әлеуметтік жағдайды қозғайтын. Қазір кездесулерде көбіне, спорттық алаң салып беруді, мәдениет үйі, жастар орталығы, заманауи медициналық қызмет көрсету орталығын ашып беру мәселесін көтереді.
Облыс әкімінің қолдауының арқасында тың жобалар жүзеге асуда. Өңірдің әлеуметтік мәселелері мен экономикасын көтеру мақсатында тынымсыз еңбектенуде. Қарап отырсақ, бюджеттің өзі үш жылда еселеп өсті. Нәтижесінде құрылыс қарқын алды. Мұның бәрі де ел игілігі үшін. Жолдың өзінде қанша еңбек жатыр. Қаланың сырт аумағына шығатын және ірі даңғылдар екі жолақтан төрт жолаққа кеңейтілді. Шет аймақтардағы жолдар да жөнделуде. Өздеріңіз күнделікті көріп, естіп жүргендей аймақтың әлеуеті артып, күннен-күнге өркен жаюда.
– Шешімін таппай тұрған түйінді тарқату кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны да байқалады…
– Иә, көптің мәселесін шешуде табандылық керек. Халық қалаулысы әлеуметпен де, билікпен де жақсы байланыста болған жөн. Сонда мәселе тез шешімін табады. Әрине, қай ауылға, елді мекенге барсақ та алдымен тұрғындармен кездесеміз, тыңдаймыз. Ауылда не жоқ, не керек екенін айтады. Біздің негізгі жұмысымыз осы. Көтерілген мәселені тиісті жерге жеткізіп, шешілуіне атсалысамыз. Бәрі де кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
– Алдағы жұмыс жоспарыңызды білсек…
– Елге қызмет ету – баршамызға міндет. Біркісідей жұмыла әрекет етіп келеміз. Біздің атқарып жатқан жұмыстарымыз, көтеріп жүрген мәселелер мен алдағы жоспарлардың бәрі де ел игілігіне бағытталған. Сол үшін тұрғындармен барынша байланыс орнатып, жұртшылықтың талап-тілектерін тыңдап, шешімін табуға күш салудамыз. Алдағы уақытта да туған жерге қызмет етуден шаршамаймын.
– Біздің білуімізше, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсетесіз. Осы бағыттағы жұмыстарыңызға тоқталсаңыз…
– Бәріміз ауылда өстік. Жоқшылықтың не екенін көрдік. Қазір заман өзгерді. Дегенмен тұрмысы төмен, табысы аз отбасылар бар. Бір ғана мысал айтайын, қабылдауға ерлі-зайыптылар келді. Әйелінің көзі дұрыс көрмейді екен. Ер адам қарапайым электрик, балалары бар. Әлеуметтік жағдайлары төмен отбасы болғандықтан, денсаулық сақтау басқармасына хат жазып квота беруін сұрадым. Алматы қаласындағы көз институтында ота жасайтын болады. Үлкен кісілерден бөлек балаларға да қолдау білдіріп отырамын. Бұл менің азаматтық борышым деп санаймын. Сондықтан оны жария етуді жөн көрмеймін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет. Алдағы жұмысыңызға табыс тілейміз!
Әңгімелескен
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»






