Басты мақсат – жұмыссыздықты еңсеру

1460

0

Апта басында Арал ауданынан басталған баспасөз туры Қазалы мен Қармақшы аудандарында жалғасты. Аймақ тілшілері «Жұмыспен қамтудың жол картасы» негізінде қолға алынған бірнеше нысанның құрылысын көріп, бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Айтпақшы, аталған мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаты – жұмыссыздардың санын азайту.

Жоғарыда айтқанымыздай, бұл бағдарламаның елге берері көп болып тұр. Бір ғана мысал, облысқа бөлінген 37 млрд теңге қаржының бір бөлігі Қазалы ауданына да тиесілі. Ауданға келген қаржы 3 млрд  теңгеден асады. Осының арқасында 42 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылатын болады. Мысалы, бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ апару, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салу, ауданды абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу сияқты өзекті мәселелер биыл шешімін табады.

Ғаниға газ, Бекарыстан биге ауыз су барады

Бүгінде Қазалы ауданының мемлекеттік сатып алу бөлімі арқылы 33, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы жарияланған 9 жобаның жеңімпаздары анықталған. Жеңімпаздардың барлығы да аудан – кәсіпкерлері. Мұны жергілікті бизнеске көрсетілген қолдау десек те болады. Қолға алынған жобалар бойынша ауданда 436 адам жұмыспен қамтылады және әр азаматтың жалақысы 85 мың теңге.

Басты мақсат – жұмыссыздықты еңсеру

Қуаныштысы, биыл Ғ.Мұратбаев елді мекеніне газ тартылады. Құрылысқа 239,507 млн теңге қаржы бөлінді. Бас мердігер «Сапақ» ЖШС «көгілдір отынды» тарту жұмысын әрі кетсе 5 айда бітірмек. Жоспарға сәйкес жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары арқылы 30 адам жұмысқа алынған.

– Елге газ тартылып, қуанып жатырмыз. Ауыл жылдан-жылға көркейіп келеді, бұдан 10 жыл бұрынғы уа­қытпен тіпті салыстыруға келмейді. Халықтың әлеуметтік жағдайы жасарып, жұмыссыз жастар азайып, кәсіпкер жігіттер көбейді. Елді мекенде тұрғын саны да өсті, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бурабай Рахмет­ов.

Сонымен қатар ауылда бағдарлама шеңберінде «Балдәурен» балабақшасы мен көшелер жөнделіп, округтегі аяқсу мәселесін реттеу мақсатында «Ақарық» каналын қазу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа жергілікті тұрғындар көптеп тартылған.

Биыл «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша Бекарыстан би ауылының әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 930,4 млн теңге бөлінгені белгілі. Мұндай үлкен қаржы елді мекенге біраз көмек болары сөзсіз. Санамалап айтсақ, ауылдағы №24 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, жекелеген тұрғын үйлерге сервистік су желілері тартылады. Сондай-ақ жеті көше орташа жөндеуден өтіп, 8 көше жарықтандырылатын болды.

Бүгінде ауызсу желісі 454 отбасының үйіне кіргізіліп, суесептегіш орнатылған. Жоба аясында 22 азамат уақытша жұмыспен қамтылады. Соның бірі, ауылдың белсенді жас тұрғыны Бекжан Қарабек.

– Ауылдағы жұмыссыз жастар құрылыс жұмыстарына тартылуда. Соның бірі – өзім. Бір жағынан, туған жерімізде атқарылып жатқан жұмыстарға қатысып, ауылымыздың көркеюіне атсалысамыз, – дейді ол.

Тұрғындардың жұмыспен қамтылуы елдің үлкендерін де қатты қуантқан.

– Біздің ауыл – аудандағы іргелі елді мекен. Былтыр «Әлсейіт» көпірі пайдалануға беріліп, бізден бөлек, дарияның бергі жағында жатқан біршама ауыл халқы қуанышқа бөленді. Биыл тағы да Бекарыстан би тұрғындары үшін өте қуанышты жаңалық бар. Ол осы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен атқарылып жатқан құрылыстар. Үй-үйге су кіргізу, көшелер мен білім мекемесін жөндеуге ауыл жастары жұмысқа орналасуда. Ауылға деген қамқорлықты анық сезініп отырмыз, – дейді дербес зейнеткер, ауыл ақсақалы Болат Сәдуов.

Қала мен кенттегі қарекет

Бағдарлама бойынша биыл Қазалы қаласының 8 көшесін абаттандыру (тротуарлар орнату) жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Ғ.Мұратбаев атындағы саябақты абаттандыру, қалалық мәдениет үйін жөндеуге де қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта жеңімпаз мердігерлер тиісті жұмыстарын бастап кетті. Құрылыс жұмыстарына Қазалы қаласында жұмыссыз ретінде тіркелген 60 азамат тартылған.

– Бізде 9 жоба іске асуда. Жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартудамыз.  Басты мақсат та сол, жұмыссыздық санын азайту. Қазір әр мердігер мекеме өзіне қажетті адам санын ұсынуда, соған сәйкес біз тағы да қосымша жұмысшыларды тартатын боламыз, – дейді қала әкімі Рахметулла Жәдігерұлы.

Әйтеке би кентіндегі жарты ғасырдан астам жөндеу көрмеген Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияда жұмыс басталды. Ғимарат 1967 жылы пансионат болып салынған, 1996 жылы мектеп ретінде бейімделген.

– Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібімен өткізілген конкурста «Энергомера» ЖШС жеңімпаз болған еді. Мердігер мекеме жұмысын бастап кетті. Жоба-сметалық құжат бойынша ғимараттың есік-терезесі, шатыры, жылу жүйесі мен электр желісі толығымен ауыстырылып, ішкі және сыртқы қабырғалары сыланатын болады. Сондай-ақ, асхана ғимаратының төбесіне жөндеу жүргізіледі, – дейді мектеп-гимназияның директоры Ерік Өмірзақов.

Басты мақсат – жұмыссыздықты еңсеру

Білім мекемесінің құрылысында 57 жұмыс орны ашылып, уақытша 29 адам «Жұмыспен қамту орталығының» жолдамасымен жөндеуге атсалысып жатыр.

Майлыбаста мәдениет үйі түрғызылады

Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылында 150 орындық клубтың құрылысы басталды. Ал 1954 жылы бірқабатты күйдірілмеген кірпіштен салынған бұрынғы клуб үйі апаттық жағдайда. Қазіргі кезде құрылыс-монтаж жұмыстары басталып, қазық қағу, жер қазу, орналастыру, құрылысы басталған нысанды қоршау жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша жергілікті жерден 12 адам жұмысқа алыныпты.

– Біздің Ақсуатта жыл сайын түрлі ғимараттар салынуда. Осыған дейін саябақ және 90 орындық балабақша құрылысы бітті. Жолдар жөнделіп, жұмыссыз тұрғындар да азайды. Енді басталған мәдениет үйінің құрылысына да ауыл азаматтары жұмысқа тұрып үлгерді, – дейді ақсуаттық тұрғын Салтанат Сханова.

Жаңа мәдениет үйінің құрылысын «Болашақ» ЖШС жүргізеді. Нысанның жалпы құны 230 млн теңгеден асады.

Қорқыт еліндегі жобалар

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының бастамаларынан Қармақшы ауданы да қалыс қалмады. Бүгінде бағдарлама аясында жұмыс басталып та кетті.

Атап айтқанда, Қармақшыда абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарға ағымдағы жөндеу өткізіледі. Осыған сәйкес жергілікті тұрғындар көптеп жұмыспен қамтылып жатыр.


Жосалы мен Төретам кентіне спорт­тық-тренажерлық және стрит­болдық алаңдарының құрылысы, аудан­дағы 8 әлеуметтік нысан, елді мекендердегі 9 көшеге орташа жөндеу, 2 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу және 14 көшені жарықтандыру мен 3 нысанға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.


Қазір Қармақшы ауылдық округіндегі №13 «Балбөбек», Жосалы кентіндегі №6 «Айсұлу» балабақшасы мен балалар кітапханасындағы ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кетті.

– Балалар кітапханасы орналасқан ғимарат 1990 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Биыл жоба-сметалық құжаттары дайындалып, 15 мамырдан бастап құрылыс жұмыстары басталды. Қазірдің өзінде 50 процент жұмысы аяқталды. Жергілікті жерден үш адам жұмыс істеуде. Осы маусым айының соңында бітеді, – дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева.


Төретам кентіндегі электр желілерінің 80%-нің тозығы жеткен. Бұған дейін қыс айларында соққан жел мен боран кезінде жарық сөніп қалып немесе кернеу көбейіп кетіп, тұрғындарды әбігерге түсіретін еді. Осы мәселелерді шешу мақсатында биыл аталған бағдарлама аясында тиісті басқарма арқылы Төретам мен Ақай ауылдық округіндегі 6-10/0,4 кВт электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту, Төретам кентіндегі №22 35/10 кВт қосалқы стансасын кеңейту және қайта құрылымдау құрылыс жұмыстары қарқын алды.


– «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында аудан бойынша 3 млрд 550 мың теңгенің көлемінде үлкенді-кішілі 40 жоба басталып кетті. Жұмыстар өз деңгейінде жүріп жатыр. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар жөндеуден өтеді. Осы жобалар аясында жалпы 804 жұмыс орны, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы тіркеуде тұрған 409 адам жұмыспен қамтылатын болады. Құрылысты қадағалау, сапасына мән беру басты назарда, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев.


Сонымен қатар, биыл Қорқыт ата елінде мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Бүгінде 585 жаңа жұмыс орны ашылған.
Мемлекеттік бағдарлама нәти­жесінде Қармақшыда тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге күш салынып отыр. Сонымен бірге, мемлекет тарапынан бөлінген қаржының уақытылы игерілуі, әлеуметтік нысандарда жасалып жатқан жұмыстардың сапасы мен белгіленген уақытта халық игілігіне берілуін бақылау басты назарда болмақ.


Суреттерді түсірген А.САҒЫНДЫҚ.

Ержан ҚОЖАСОВ,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<