Бұл жерде ең алдымен сессияның бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылын арқау еткеніне назар аударғым келеді. Ойлап қарасақ, 30 жыл тарих үшін азғантай ғана уақыт. Дегенмен, сол уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарылды. Тәуелсіздігіміздің қиын қалыптасу кезеңінен өттік. Ассамблея еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы толыққанды саяси институтқа айналды. Тұрақтылық пен өркендеу этносаралық қатынастар мәселелерімен тығыз байланысты. Бұл ретте Елбасы атап өткендей, басты құндылығымыз бірлік, тұрақтылық пен бейбітшілік болып қала бермек.
Карантин жағдайына байланысты онлайн өткен сессияда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяны басқару құқығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беретінін мәлімдеді. Елбасының Ассамблеясының барлық мүшелеріне қолдау білдіргендері үшін алғыс айтқаны ерекше әсер етіп, көңіліміз толқыды. Бұл тұрғыдан Ассамблея Мемлекет басшысының саясатын үнемі қолдайды. Барлығымыздың мақсатымыз ортақ, тілегіміз бір.
Сондай-ақ, көптеген азаматтар, оның ішінде жастар мен еріктілер сөз сөйлеп, өз ойларын білдірді. Жастарымыздың ел өміріне бейжай қарамайтыны қуантты. Қоғамдық ұйымдардың, мәдени бірлестіктердің де ауқымды жұмыстар атқарып жатқанына қуаныштымын.
Ассамблея дүниеге келген жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті.
Елена КИМ,
«Қызылорда облыстық корейлер ассоциациясы»
ҚБ төрайымы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<