Қызылорда қаласында соңғы кездері жол сапасы едәуір жақсарды. Көлік ағыны қарқынды даңғылдар мен көшелер кеңейтіліп, қайта жаңғыруда. Шет аумақтарға да көше салынып, көлік қатынасы жолға қойылды. Жол-көлік инфрақұрылымының дамуында жылдамдық байқалады.
«Асфальт қалай дайындалады, құрамы қандай, өндіретін қандай мекемелер бар?» деген сауал көпті толғандыратыны белгілі. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі арнайы мамандармен бірлесіп пресс-тур ұйымдастырды. «Қыран» және «УАД» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыттарына барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Алдымен «УАД» ЖШС-на бардық. Өндіріс аумағында тіршілік қайнап жатыр. Алып жүк көліктері дайын асфальтты тасымалдауда. Қазір мұнда 280-дей адам еңбек етеді екен. Мекеме директорының орынбасары Мұрат Сәрсенбаев жалпы атқарылып жатқан жұмыстарды көрсетіп, кеңінен айтып берді.
– Асфальттың құрамы әртүрлі фракциялық қиыршық тастан құралады. Мәселен, қиыршық тасты Жаңақорған ауданы Шалқия елді мекенінен алдырамыз.
Маңызды компоненттің бірі ол – битум. Битум мұнай өндіретін Батыс пен Павлодар, Шымкент зауыттарынан келеді. Мынау қиыршық тас иленген үлкен қазандыққа 150 градуста қыздырылған битум құйылады. Ол автоматтандырылған басқарумен тиісті мөлшерде беріліп отырады. Шамамен бір сағаттың ішінде біз қажетті шикізатты аламыз. Қазір мұнда екі асфальт-бетон зауыты бар. Бірі сағатына 160-180 тонна, екіншісі 180-200 тонна асфальт өндіреді. Зауыттың темір бөлшектерін Қытайдан, ал ішіндегі дайындау технологиясын Италиядан алдырдық. Асфальт зауытының біріншісі 2009 жылы ашылса, екіншісі 2019 жылы іске қосылды. Содан бері жұмыс істеп келеді. Ең бастысы, сапаға мән береміз, – дейді ол.
Зауыт өндірген асфальт бірден төселе салмайды. Сапасы арнайы зертханада зерттеледі. Мекеменің зертханасында 15 жылдай қызмет істеп келе жатқан Жұлдыз Сағындықова негізгі қызметіне тоқталды. Ол зауыттан шығатын асфальт құрамын күнделікті жіті қадағалап, сапасын ұдайы тексеріп отырады.
– Осы жол саласында еңбек етіп жүргеніме 15 жылдай болды. Тәжірибелі мамандар қатарына ендік. Ең алғаш лаборант болып қабылдандым. Кейін зертхана маманы, қазір зертхана инженері қызметін атқарамын. Асфальт шығарылмай тұрып сапасын, құрамын тексеріп аламыз. Қосылатын қоспалардың өз мөлшері бар. Талапқа сай келген кезде ғана өндіруге рұқсат береміз. Жұмыс оңай емес. Шаң-тозаңның арасында, өндірістің ортасында жүреміз. Бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Қасымдағы әріптестерімнің көбі – ер азаматтар. Олар қажет кезде үнемі көмек қолын созады. Зауытта асфальтқа қосылатын барлық заттың құрамы зертханалық тексеруден өтеді. Кейде жолға шығып, асфальт жабындысынан сынамалар аламыз. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Қандай да бір олқылық анықталған жағдайда қайта қалпына келтіреміз, – дейді ол.
«Қыран» ЖШС – өңірдегі ірі жол құрылысы мекемелерінің бірі. «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолын қайта жаңғырту жобасына қатысқан кәсіпорын. Мұнда да жұмыс қызу жүріп жатыр. Тау болып үйілген қиыршық тас. Асфальт шығаратын зауыт маңында жүк көліктері таразыға түсіп жатыр. Жол сапасын тексеретін арнайы орны да бар. Маман да жеткілікті. Мекеме директорының орынбасары Әбсұлтан Ибрагимов жұмыс барысын айтып берді.
– Биыл жоспарда біраз жұмыс бар. Әуежай, саяжай жолдарымен қатар, қаладағы ірі көшелерді салудамыз. Қазір зауытта 300-ден астам адам еңбек етеді. Күніне 1200-1300 тонна асфальт шығарылады. Негізінен тапсырысқа қарай. Кейде одан да көп болуы мүмкін. Мәселен, маусымның қызған шағында күніне 2000 тоннаға дейін өндіреміз. Ең алдымен сапаға мән береміз. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда өзіміздің зертхана жұмыс істейді. Күнделікті зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Зауыт Украинаның озық технологиясына негізделген. Қиыршық тасты Жаңақорған ауданынан алдырамыз. Жалпы кез келген материалдың сапасын тексеріп алғаннан кейін ғана, өндіріске қолданамыз. Қажетті шикізат қорын барынша жинаймыз.
Алдағы уақытта «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізін Ақтөбеге дейін кеңейту жұмыстарына қатысамыз. Бұдан бөлек Жаңақорған ауданы Шалқия аумағында сағатына 80 тонна өндіретін асфальт-бетон зауытымыз жұмыс істеп тұр. Қазір Түркістан облысындағы жол жөндеу жұмыстарына қатысуда. Біз үшін ең маңыздысы – талапқа сай, сапалы жол салу, – дейді ол.
Бүгінде облыс аумағында 23 асфальт-бетон зауыты бар. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары жыл сайын кәсіпорындар жұмысын тексереді.
– Бірінші сәуірден бастап өңірдегі асфальт-бетон зауыттарына тексеру жүргізудеміз. Қазір 15 мекеменің тиісті сертификат құжаттары мен материалдық-техникалық базасын бағаладық. Негізінен оларға қойылатын 16 міндетті талап бар. Соның әрқайсысын тексеріп, қорытынды шығарамыз. Кемшіліктер болса, тиісті сын-ескертпе жасап, қайта түзетуге мүмкіндік қарастырылған. Сонымен қатар зауыттан шыққан асфальт құрамы да өзіміздің зертханада тексеріледі, – дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК ҚОФ инженері Асылбек Қаппазов.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<