Ана болу – бір бақыт, көпбалалы ана болу – ерлік. Қызылорда қаласының тұрғыны Жібек Жақсыбалаева 9 перзенттің анасы, жасы 38-де. 28 жасында өмірге егіз қызын әкеліп, «Алтын алқа» иегері атанған. Бақытты отбасында жақында тағы бір перзент өмір есігін ашады.
– 21 жасымда тұрмысқа шығып, бір жылдан кейін тұңғыш қызымды дүниеге әкелдім. Қазір жасы 17-де. Аружан педколледждің 3-курс студенті. Грантпен білім алып жатыр. Екінші ұлым Дамир «Ұлағат» колледжінің 1 курсында оқиды. Жолдасым Берік Сарбасов – құрылыс саласының маманы. Өте балажан кісі. Қолы қалт етсе, балалардың сабағына көмектесіп, керек-жарағын түгендеп, қолғабыс етеді. Қызылорда университетін «мұнай-газ» мамандығы бойынша бітірдім. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін әйел адамның жұмысы от басы, ошақ қасы екенін түсіндім. Араға 1-1,5 жыл салып сәбилерім өмірге келді. Бала тәрбиесі мен күтімі үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен үйде отыруды жөн санадым, – дейді ол.
Жібек балаларының көпшіл, бір-бірімен тату, бауырмал екеніне қуанады. Балалары шетінен өнерлі. Оқуда озат. Егіз қызы – Кәмила мен Карина зерек, екінші сыныпта оқиды. Балалардың екеуі студент болса, алтауы мектепке барады. Ал, үш жарым жасар Әмина балабақшаға баруға талпынып жүр.
– Бастапқыда қиын болды. Аралары жақын болғандықтан үлгермей жататынмын. Кейін үлкендерім есейіп, кейінгілеріне өздері қарады. Менің анам – 19 құрсақ көтерген Батыр ана. Көпбалалы отбасында тәрбиеленгендіктен, өзімнің де көп баламның болғанын қаладым. Бұл тілегім де орындалды. Қазір шүкір, бақыттымыз. Еліміз ана мен балаға қамқор. Әлеуметтік қолдау бар. Жәрдемақы беріледі, көпбалалы аналарға жасалған барлық жеңілдіктерді пайдаланып отырмын. Мектеп ұжымы да балаларымның керекті құрал-жабдығын, формасын түгендеп береді. Онлайн кезінде планшет алдық. Балалардың үйден оқуына барлық жағдай жасалды, – дейді ол.
Жібекке жас аналардың сұрағы көп. Көпбалалы ананың оларға берер жауабы – біреу. «Әр баланың өз несібесі бар». Қазақ «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» демей ме мұндайда. Көпбалалы ана әлі де перзент сүюден қашпайды.
Бірлігі жарасқан отбасы осыдан біршама уақыт бұрын үй кезегіне тіркелген. Биыл қуанышты жаңалық болатынын жеткізді. Алтынқұрсақты ананың жаңа баспанасында 10-шы перзентін құшағыма алсам деген үміті бар.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<