Ол бар болғаны 22 жыл өмір сүрді, төрт жылы жан алып-жан беріскен сұрапыл соғыста өтті. Минометшілер взводының, ротасының командирі, аға лейтенант Сражадинді полк, армия командирлерінің ұсынысымен бес жауынгерлік орденмен марапаттап, ерлігі мен есімі Ұлы Отан соғысының тарихында қалды.
Соғыстың жеңіспен аяқталуына 95 күн қалғанда Варшаваны азат етуде ауыр жараланып, қираған қорғаныс үйіндісінің астында қалып, жедел көмектің болмауынан дүниеден өткен немере ағам Сражадин Дүйсенбайұлы Айтуаров Шығыс жастарының жұлдызы Ғани Мұратбаев, «Менім құрдастарым» кітабының авторы Саттар Ерубаев, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаров, журналист-жазушы Баубек Бұлқышов сияқты өмірі қысқа, бірақ ерлікке толы болған.
Сражадин өмірге құштар, қатарының алды болып, Қармақшыдағы орта мектептің 9-10 сыныптарын қатар оқып, өте жақсы бағамен бітіреді. Оның мектепте оқып жүргендегі алғырлығы мен пысықтығын марқұм әкем үнемі айтып отыратын.
– 1938 жылы бұрынғы Мирзоян колхозы, қазіргі (Бұқарбай батыр ауылы) «Нұрыш табаны» деген жерге еккен күріштен гектарына 37 центнерден өнім алынды. Еңбеккүнге 7 килограмм күріш беріліп, тойынып, мемлекетке астық тапсырудағы жоспары артығымен орындалды. Шаруашылықтың 17 колхозшысы Мәскеуге халық шаруашылығының көрмесіне баратын болдық. Бұрын-соңды далаға ұзап шықпаған, үлкен қалаларды көрмеген, бұйығы ауыл адамдарына ел астанасына аман-сау барып қайту үлкен сын болды. Сонымен аудан басшыларының тапсырмасымен заман талабына сай, костюм-шалбар, бәтеңке, пальто сияқты киімдер алдырылып, дайындық жұмыстары жүргізілді. Кісілерді Мәскеуге алып бару, көрмені аралату, оның мақсатын түсіндіру, жүріп-тұру сияқты жұмыстарға басшылық жасайтын, орысша білетін адам табылмай жоғарыдағылар да қиналды. Бұл жауапты жұмысты Қармақшыда 9- сыныпта оқып жүрген Дүйсекеңнің баласы, менің інім Сражадинге аудан басшылары сеніп тапсырды.
Сонымен Мәскеуге аттандық. Арамызда алпысты алқымдаған егде кісілерден бастап жастар да, әйелдер де болды. Сражадин вагонда бәрімізді жинап алып, Мәскеудің тарихын, бара жатқан көрменің мақсатын, қалада қонақүйде қалай жүріп-тұруды, қоғамдық асханада тамақ ішуімізге дейін оқытып, түсіндірумен болды. Сондағы оның айтқаны «Біздер қазақ ұлтының Отанымыздың астанасы Мәскеуге үлкен сенімге ие болып бара жатқан еңбек адамдарымыз. Сондықтан да сол сенімді ақтауымыз керек» деп бойымызға күш-қуат беріп отыратын.
Мәскеуге де келдік. Қазан вокзалынан түстік. Халық иін тіреседі. Сражадин бәрімізді жинап, ажырап қалмауды, сақ жүруді қайта-қайта тапсырумен болды. Барған бойдан Мәскеудің картасын сатып алды да, топты бастап жүре берді. «Красный крестьян» қонақүйіне орналастырды. Көрмені көрсетті, Мәскеуді қыдыртты. Қайтарымызда өзі бас болып, дүкен аралатып, қажетті заттарды алдыртып, елге аман-есен алып келген еді. Соғыс басталғанда мектептің соңғы сыныбында оқып жүрсе де жасын ұлғайтып, әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, арыз жазып сұранып, майданға алынды.
Ашхабад қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училищені бітірместен, 1942 жылы 26 тамыздан бастап Кавказ майданындағы 23-атқыштар дивизиясы 69-атқыштар полкінің құрамындағы 32-минометшілер взводының командирі болып соғысқа қатысады. Орта мектепті өте жақсы бітірген, математикадан алғыр Сражадин минометшілер взводының атыс құралдарын жаудың нысанасына дәл тиюін есептеп, жау бекіністерін жойып, қиратылуын қамтамасыз етіп отырған. Сөзіміз дәлелді болу үшін, Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында Подольск қаласындағы Ұлы Отан соғысының архивінен алған анықтамаға, Сражадинді жауынгерлік марапаттарға ұсынған командирлерінің мәліметіне жүгінейік.
89-атқыштар полкінің командирі, подполковник Н.Бастеев Сражадинді «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынғанда былай деп жазған: «1943 жылдың 25-26 қыркүйегінде Днепр өзенінен өту кезінде жаудың арғы жағалауында орналасқан бекіністерін жойып жіберіп, өзеннен тікелей өтетін біздің шабуылдап келе жатқан әскерге жағдай жасау тапсырылды. Лейтенант Айтуаров өзінің взводымен Днепр өзенінен тікелей жүзіп өтіп, жағалаудың тік жарына қарамастан жауынгер минометшілер үлкен тапқырлық, қаһармандықпен жаудың шамасын келтірмей, естен тандырды. Осы мүмкіндікті пайдаланып біздің әскерлер Днепр өзенінен жүзіп өтіп, 175,5 биікті басып алды. Жау жағы бірнеше рет биікті қайтарып алуға әрекет жасағанымен офицер Айтуаровтың минометшілері олардың бас көтеруіне мүмкіндік бермеді».
Ұрыс қорытындысында офицер Айтуаровтың взводы жаудың 60 солдаты мен офицерін, үш пулемет нүктесін адамдарымен жойып жіберді. Осы ерлігі үшін Айтуаров 23-атқыштар дивизиясы командирі бұйрығымен 11 қазан 1943 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды.
1944 жылдың 31 шілдесінде I дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ұсынған 89-атқыштар полкінің командирі, подполковник Татаренко өзінің ұсынысында былай деп жазады: «Қасиетті Совет жерін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысында 1944 жылдың 30 маусымынан шілде айының 20-сы аралығында аға лейтенант С.Айтуаров өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен минометшілер ротасын жақсы басқара білді. Сөйтіп, шабуылдап келе жатқан жау әскерінің ілгері жылжуына кедергі жасап отырды. Брест облысының Жабинск ауданына қарасты Остров елді мекенін азат ету үшін болған ұрыста, ол миномет оғымен 5 пулемет нүктесін, жаудың миномет батареясын жойып, біздің әскерлерге алға жылжуға жағдай жасады. Бүкіл ұрыс жүргізілген уақытта 8 пулемет нүктесін, 2 пулемет батареясын, 1 рота солдаттар мен офицерлерін жойып жіберді. Мұндай ұрыстағы жетістік командирдің минометшілер ротасын қабілетті басқара білгендігіне, оқ ату орындарын таңдағанына байланысты болды. С.Айтуаров ротасындағы техникалар шығын болған жоқ. Ұрыста рота жауынгерлерін шеберлікпен басқарып, орасан зор ерлік көрсеткені үшін 61 армия командирінің №282-н 19.08.1944 жылғы бұйрығымен екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және ерекше ерліктері үшін кіші командирлерге берілетін «Александр Невский» ордендерімен наградталды».
Кеңес әскерлері жаудан Польша мемлекетінің астанасы Варшава қаласын босатудағы қиян-кескі ұрыстар жүргізіп жатты. Осы ұрыста С.Айтуаровтың минометшілер ротасы ерекше ерлік көрсеткен. 89-атқыштар дивизиясының командирі Татаренко: «Варшава қаласындағы қорғанысты бұзып өтуде 1945 жылдың 14-15 қаңтар күндері аға лейтенант Айтуаровтың минометшілер ротасы жаудың бекінісін қиратты. Осы сәтті пайдаланған шабуылдағы әскерлердің алға жылжуына жағдай жасалды. Осы ерлігі үшін С.Айтуаров «Отан соғысының» ІІІ дәрежелі орденімен наградталды» деп жазған. Варшава қаласын азат етудегі ұрыстарда ауыр жараланған Сражадин қираған ғимараттың астында қалып, ұзақ жатып, қансырап госпитальге жеткізіледі. Өмірден өтерде әл үстінде жатқан рота командирінің әкесіне жазған қоштасу хаты жоғары қолбасшылар мен командирлерінен алған Алғыс, мадақтау қағаздары өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін қарт әке-шешесінің қолында сақталып келген еді. Өкінішке қарай, сол құнды құжаттарды ауданның құзырлы орындары музейге алған. Кейіннен ол құжаттар жоқ болып кеткен.
Рота командирі С.Айтуаров 1945 жылдың 16 ақпанында 2402 әскери дала госпиталінде бұл дүниеден өткен. Қысқа ғұмырында батырға тән жанқиярлық ерлік көрсеткенін Подольск қаласындағы әскери музейден алынған деректер осылай баяндайды. Айтылған марапаттар осының дәлелі.
Бұқарбай батыр ауылындағы Мәдениет үйінің алдындағы соғыстан оралмаған жерлес жауынгер бауырларға арналған ескерткіште Сражадин Айтуаровтың есімі бірінші қатарда тұр. Жас та болса майданда қол бастап ерекше ерлік көрсеткені үшін майдан қолбасшыларынан бес жауынгерлік орден алған Сражадиннің ерлігін ауылдастары мақтаныш етеді. Бұқарбай батыр ауылында бір көшенің аты берілген.
Рысбай КӘРІМОВ,
Жалағаш ауданының
құрметті азаматы





