Бесарықтағы бастамалар көпке үлгі

4

0

ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов облыс әкімінің орын­басары Ардақ Зебешевпен бірге Сырдария ауданының Бесарық ауылына барды.

Бұл ауылда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асуда.

«Абай Дәулет» ЖШС құрған өн­дірістік алаңда ауыл тұрғындарының 13 бизнес бастамасы шоғырланған. Жартылай фабрикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар бар. Өсімдік, құс, мал шаруа­шылығымен, құрылыс өнімдерін шығарумен айналысатын көпсалалы компанияның өндірістік қуаты артуда.

Премьер-министр кеңесшісі серік­тестік бастамасы «Сыр құсы» агроөнеркәсіптік кооператив жұмы­сымен де танысты.

Өндірістік кооператив «Ауыл ама­на­ты» бағдарламасы аясында құры­лып, 27,6 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Шағын құс фермалары (птичник) салынған. Әрқайсында Тараз қаласынан әкелінген 1500 бас бройлер балапаны (барлығы 4500) бағылады. Бройлердің ерекшелігі еттілігінде, олар 30-55 күнде сойылады және аз уақытта 2-2,5 келі ет береді. «Сыр құсы» кооперативі былтыр 29,7 тонна құс етін өндірді.

Жалпы өңірде құс шаруашылығы бағытында екі кооператив («Сыр құсы» АӨК, «Шиелі құс» АӨК) құрылып, 4500 бас құс бағатын 6 типтік ферма (птичник) жұмыс жасайды. Өткен жылы облыста 85,3 тонна тауық еті өндірілсе, оның 38,3 тоннасы, яғни 46 пайызы осы кооперативтердің үлесінде. Биыл аталған кооперативтер 46 тонна тауық етін өндіріп, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен ұсынды.

Айта кетейік, «Абай Дәулет» ЖШС 2018 жылдан бері ауылды да­мытуға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрі­герлік амбулатория сияқты әлеу­мет­тік нысандарды абат­тандыруға, көгал­дандыруға, жөндеуге бағыт­талды.

Ералы Тоғжанов ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоғары көрсеткіштерге жеткізу басты міндеттердің бірі екенін айтып, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ал Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған жоба­ларды тек облыс көлемінде емес, республиканың барлық өңірлеріне тарату қажеттігін айтты.