Шиелі ауданындағы Бидайкөл ауылының тұрғындары егіншілік саласын жете меңгерген. Әсіресе нарықтық қатынас үстемдік құрғалы әр тиынды есептеп, пайдалы жұмыс істеуге бейімделді. Ауылдағы 44 шаруашылықтың 28-і егін шаруашылығымен шұғылданса, өзгесі мал шаруашылығының жайын күйттейді. Ал осы ауылдағы «Бидайкөл» шаруа қожалығы екі кәсіпті де қатар өрістетіп келеді. Нақты кезеңде Талғат Байдалиевтің басшылығындағы іргелі ұжым өздеріндегі күріштіктің жартысына жуығын орып үлгерді.
Шаруа қожалығы жылына 1000 гектарға егіс салатын болса, оның жартысы күріш дақылы. Ұжым биыл да 466 гектар көлемге Сыр салысын орналастырыпты. Шаруашылық мамандары жаңа технологияны меңгеру барысында күріштің әртүрлі сорттарын тәжірибе ретінде егуді де қолға алғандығы аңғарылады. Мәселен, алқаптағы 188 гектарға «Янтарь» сорты егілсе, 278 гектарына «Лидер» сорты себілді. Міне, жазғы ыстық та өтіп, дақылдың ораққа түсер кезі келді. Ұжымдағы еңбек ететін 110 адамның ертеңгі несібесі мен тіршілігі күріш дәнінің түсімділігіне байланысты екені түсінікті. Сондықтан да дала төсінде тынбай еңбек еткен еңбеккерлер егінді төкпей-шашпай жинап алудың қамына ертерек кірісті. Негізінен дәнді дақылдарды орналастыратын №1 өндіріс бригадасы. Оның жетекшісі Қойшыбай Маханбетовтің басшылығындағы диқандар қауымы, міне, осы талап тұрғысынан табылып, өз істерінің берекелі боларына сенімді.
– Жаз айында күрішіміз судан тарықпады. Нормаға сай су берілді. Сондықтан да дақылдың дәні толық. Биылғы жылғы межеміз әр гектардан 50 центнерден аса өнім аламыз деген жоспарымыз бар. Егін жинауға қатысып жүрген техникаларымыз сақадай сай, толымды табыс болады деген үміттеміз, – дейді ол.
Қазір дала төсінде қызу еңбек. Әсіресе, озат комбайнер Болат Асановтың іс-қимылы ширақ. Іле-шала дән жегіш комбайндар да ілесіп келеді. Әзірге орта өнім түсімділігі тәуір. Осындай күн нұры төгілген кемпіршуақ кезеңде егін жинауды қарқындатып алу мақсаттарындағы бидайкөлдіктердің жүздері жарқын. Бұл – тиімді еңбектің көрінісі.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<