Сырдың бас шаһары – Қызылордаға іргелес Қарауылтөбе ауылы көпке белгілі. Бүгінде елді мекен өзіндік бет-бейнесі қалыптасқан, зиялы қауым мен еңбек адамдарының құтты мекені. 1100 гектар алқапты алып жатқан елдің жұртшылық арасында «Ғалымдар ауылы» деп те аталуы тегін емес. Бүгінде ауылда 342 отбасы, жалпы саны 3250-ге жуық тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешуде.
Ауылдың басты тыныс-тіршілігі Сыр салысы – күріш шаруашылығымен тығыз байланысты. Мұнда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе шаруашылығы орналасқан. Бұл – ауылдың экономикалық негізі ғана емес, сонымен қатар аграрлық ғылымның қарашаңырағы.
Қарауылтөбе заманауи жайлылықпен толық қамтылған. Табиғи газ және таза су желісі тартылған. Егінге қажетті аяқсу мәселесі де оңтайлы шешілген. Ең бастысы, тұрғындарға арналған шағын медпункт, балабақша және рухани темірқазық болған зәулім мешіт жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ 150 орындық клуб ауылдың мәдени шараларының орталығына айналған.
Ауылдың болашағы – білімді жастар. Кейінгі жылдары салынған 240 орындық жаңа мектеп білім ордасына айналды. «Ғалымдар ауылы» деген атқа лайық, қарауылтөбелік өрендер жыл сайын жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттарды көптеп жеңіп алады. Біліммен қатар спортта да ауыл балаларының мерейі үстем. Түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, ауыл беделін асырып жүр.
Қарауылтөбе – ескі салт-дәстүр мен әдептің қаймағы бұзылмаған мекен. Мұнда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – бұлжымас қағида. Тұрғындардың бір бөлігі тәжірибе шаруашылығында еңбек етсе, басым бөлігі іргелес қалаға барып жұмыс істейді. Еңбекқор халықтың арқасында ауылдың әлеуметтік ахуалы тұрақты, рухани деңгейі биік. Расымен, біздің ауыл тек күріш егетін жер емес, ол нағыз білім мен дәстүрдің тоғысқан жері. Әрбір шаңырақ ұрпақ тәрбиесіне, оның ілім ізденуіне ерекше көңіл бөледі. Алдағы уақытта да біздің ауыл өзінің ғылыми әлеуетімен, еңбекқор халқымен және білімге құштар жастарымен алдағы уақытта да өңірдің мақтанышы болып қала бермек.
Қарауылтөбе халқы Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатпен атап өтеді. Бұл күндері нағыз этно-ауылға айналып, қазақтың байырғы салт-дәстүрлері тіріледі. Ауыл жастары мен балалары арасында асық ату, теңге ілу, арқан тарту сияқты сайыстар ұйымдастырылып, білек күшін сынағандар қой көтеруден бақ сынайды. Бұл додалар тек көңіл көтеру емес, ұрпақ бойына ерлік пен ептілікті егудің көрінісі.
Ауылдың ең басты мақтанышы – сөзге шешен, ойы терең ақсақалдар. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Бата беру» жарыстарына Қарауылтөбе ақсақалдары тұрақты қатысып, жүлделі орындармен оралып жүр. Қариялардың ақ батасы мен өнегелі сөзі – ауылдың мызғымас рухани тірегі десек, артық айтпаспыз.
Ораз БЕЙСОВ,
Қарауылтөбе ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы





