Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Н.Бекежанов атындағы театрда, «Оқушылар сарайында», С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде мектепке дейінгі, орта, техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен кездесті.
Басқосулар салалық министрлік өкілдерінің, облыстық білім басқармасы, қалалық, аудандық білім бөлімдері, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар басшыларының, мектеп, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері директорларының қатысуымен өтті. Сондай-ақ, жиынға басқа өңірлерден келген білім саласының басшылары да қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәжілісті жүргізіп, атқарылған жұмыстар туралы айтты.
«Бүгін білім мен тәрбиеге қатысты еліміздегі жаңа бастамаларды, тың жобаларды талқылауға бас қостық. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен аймақта жаңа білім нысандары көптеп салынып, ел игілігіне берілуде. «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында физика-математика мектеп-интернаты, «Шығармашылық-инновациялық орталық», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынуда.
Қазан айында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы алғашқы 900 орындық мектепті табыстадық. Қазіргі таңда тағы 9 мектептің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін 4 мектеп іске қосылады.
«Адал адам. Адал еңбек. Адал қоғам» қағидаты негізінде еңбек адамын құрметтеу, жастарымыздың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығын арттыру, сапалы және қолжетімді, заманауи техникалық, кәсіптік білім беру бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз. Өңірдегі 28 колледж 97 мамандық пен 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар даярлайды»,– деді Н.Нәлібаев.
Кездесуде Тамара Дүйсенова әлеуметтік саладағы ауқымды жобаларға тоқталып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады, алдағы жұмыстар бағытын айқындады.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі тәрбие және оқыту департаментінің директоры Манара Адамова, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов, «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, басқа да қатысушылар өз ойларын ортаға салды.
Айта кету керек, биылдан бастап Тараз, Түркістан және Шымкент қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарына ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді. Облыстағы 12 шағын жинақты білім ошағын «Тірек мектептер» жобасына енгізу үшін 3 мектеп бекітілді. Бұл ретте «Қазақстан халқына» қорының «Білім беруді тұрақты дамыту» қорымен бірлесіп, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылуда. Оның шеңберінде 2022-2024 жылдары 6 мектеп 1,5 млрд теңгеге қайта жабдықталды. Алдағы жылға 2 мектепке сұраныс берілді. Қазір атқаратын жұмыстар жүйеленуде.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<