Білім мен технологияның үйлесімі елді жаңа деңгейге көтереді

179

0

Фото: облыстық маслихат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғам үшін аса маңызды екі үлкен тақырыпқа ерекше тоқталды. Оның бірі – жасанды интел­лект пен цифрлық серпіліс, екіншісі – оқу гранттарының тиім­ділігі мен түлектердің жұмысқа орналасуы. Бұл мәселелер Қызылорда облысы үшін де айрықша өзекті.

Президент тапсырмасымен елі­мізде Цифрлық және жасанды интел­лект министрлігі құрылатын болды. Сондай-ақ Цифрлық кодекс қабыл­данады. Бұл шешім – технологиялық дамудың бағытын анықтайтын стра­тегиялық қадам. Жасанды интеллект қазірдің өзінде медицинадан бастап білім, ауыл шаруашылығы сала­ларында да қолданыла бастады. Бұл ауылдағы дәрігер тапшылығын азайтуға, мектептерде оқушылардың үлгерімін талдап, мұғалімге тиімді әдіс ұсынуға, шаруалар үшін егін өнімділігін болжауға мүмкіндік береді. Президент атап өткендей, Қазақстан үш жылда цифрлан­дырудың ең жоғары деңгейіне жетуі тиіс. Біздің аймақ та бұл өзгерістен шет қалмауы керек. Интернеттің қолжетімділігін күшейтіп, ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жою – басты міндет.

Қызылорда облысында соңғы жылдары электронды мемлекеттік қызмет кеңінен қолданыла бастады. Egov.kz порталы мен мобильді қосымшалар арқылы құжат рәсімдеу, мектепке құжат тапсыру, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру – бәрі онлайн қолжетімді. Алайда, облыстың шал­ғай ауылдарында интернеттің әлсіз­дігі әлі де өзекті. Кейбір азаматтардың цифрлық сауаттылығы төмен болған­дықтан электронды қызметті толық пайдалана алмайды. Сондықтан цифрландыру технология ғана емес, адам капиталына инвес­тиция екенін түсінуіміз керек.

Жолдауда Президент жастарға қатысты тағы бір маңызды мәселені көтерді. Ол – оқу гранттарының тиімділігі. Жыл сайын мыңдаған жас мемлекет есебінен жоғары оқу орын­дарына түседі. Бірақ едәуір бөлігі мамандығы бойынша жұмыс істе­мейді. Қызылордада да жағдай осыған ұқсас. Біз бұл тақырыпты облыстық қоғамдық кеңесте де, облыстық мәслихатта да егжей-тегжей талқы­лағанбыз, мемлекеттік орган­дарға ұсыныс та айттық. Өңірде заңгер мен экономист көп, бірақ инженер, дәрігер, ІТ маман тапшы. Жастарға мүмкіндік бар көрінгенімен шын мәнінде бұл – ресурстың тиімсіз жұмсалуы.

Президент бұл олқылықты жою үшін еңбек нарығына қажет мамандықтарға ғана грант бөлуді, техникалық және жұмысшы маман­дықтар мәртебесін көтеруді, түлек­тердің нақты жұмысқа орналасуын қадағалауды тапсырды. Бұл – жастардың білім алуымен қатар өз өңірінде еңбек етіп, қоғамға пайда әкелуін қамтамасыз етуге бағыттал­ған әділ шешім.

Білім мен технологияның үйлесімі ғана елді жаңа деңгейге шығарады. Ал цифр­ландыру халыққа қызметті қол­жетім­ді, жасанды интеллект өмірді жеңіл­дету үшін қажет. Білім беру жүйесінің тиімділігі елдің эко­но­микасын арт­тырып, тұрақ­тылығын сақтайды.

Аида АБИБУЛЛАЕВА,

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты