Өңірде өткен 5-ші дәстүрлі республикалық спартакиадада мұғалімдер 7 спорт түрінен сынға түсті. Айта кету керек, былтырдан бастап спартакиада бағдарламасына ұлттық ойындарды насихаттау мақсатында «Бес асық» және «Асық ату» ойындары енгізілсе, биыл «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған.
Байрақты бәсекеде қызылордалық ұстаздар «Бес асық», «Тоғызқұмалақ» және ерлер арасындағы волейболдан бірінші орынды иеленіп, жалпы командалық есепте жеңіске жетті. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына жауапты сала мамандары келіп, жарысты қорытындылады.
– Өткен жылы Тараз қаласында өткен спартакиадада жалпы командалық есепте біздің облыстың мұғалімдері бірінші орынды иеленген еді. Биыл да осы дәстүрді жалғастырып, өзге өңірлерден озық шықтық. Тараз қаласындағы жарыстан кейін ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында спартакиада бағдарламасына үш ұлттық ойын түрін қостық. Сондай-ақ, қазіргі таңда аймақ басшысының қолдауымен «Сыр лигасы» жобасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бұл жобада оқушылар 8 түрлі сайыс бойынша бақ сынап, өзара жарысады. Қараша айында облыстық кезеңінің нәтижесі белгілі болады. Одан бөлек, ұлттық ойындарды жаңғырту бағытында «Ләңгі fest» атты арнайы жобаны қолға алдық. Қазіргі уақытта бұл жоба өңірлерде кеңінен таралып жатыр. Мұнда оқушылар ләңгінің 5 түрінен сайысады. 8 қараша күні осы сайыстың қорытындысы өтеді, оған әр өңірден жеңімпаз болған 40 бала қатыспақ. Айта кетерлік тағы бір жайт, Арал ауданының ұстазы Түркияда өтетін «Асық ату» сайысына бас төреші ретінде шақырылды. Бұл – біздің Сыр спортының ұлттық ойындарымызға, ұлттық құндылықтарымызға қатты мән бергенінің белгісі деп білемін, – деді облыстық білім басқармасының тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының директоры Фархат Досаев.
– «Бес асық» ойыны былтырдан бастап мұғалімдер спартакиадасының бағдарламасына қосылған болатын. Өткен жылы бұл сайыста біздің команда екінші орынды иеленсе, биыл жеңімпаз атанып отыр. Өзім осы сайыс бойынша І дәрежелі ретінде төрелік еттім. Жалпы, «Бес асық» – бұрынғы «Бес тас» ойынының жалғасы іспеттес. 2012 жылы бұл ойынның нақты ережелері бекітіліп, ресми түрде атауы берілді. Содан бері бұл ойын ұлттық мектеп лигасының құрамына және Қазақстан Республикасының чемпионатына енгізілді. Биыл елімізде өткен Көшпенділер ойындарында «Бес асық» түрінен Арал қаласындағы әріптесіміз Әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты. Қазіргі таңда бұл ойынға мектеп оқушыларының да қызығушылығы жоғары, – деді республикалық мұғалімдер спартакиадасының «Бес Асық» түрінен төреші Үміт Есендікова.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<