«Бір айда төрт қыздың жасауын тіктім»

1704

0

Шиелілік Нұргүл Базарбекқызы – қол­өнер шебері. Көпбалалы ана өнерін кәсіпке айналдырып, табыс тауып отыр. Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім алды. Кәсіпкерлік сертификатын иемденді. Жоба жасап, комиссияға ұсынды. Нәтижесінде ынталы кәсіпкерге 505 мың теңге қайтарымсыз грант берілді.

Шебер есігінің алдынан шағын цех ашқан болатын. Қайтарымсыз қаражатқа екі заманауи тігін машинасын сатып алды. Керекті құрал-жабдықтарын түгендеді. Құрақ, ою-өрнекпен көмкерілген ­көрпешелер, қыз жасауы, қазақы нақышта безендірілген перделер тігу – негізгі жұ­мысы. Сонымен қатар түрлі моншақтар мен асыл тас­тардан сәукеле, білезіктер мен белбеулер  жасайды.

Нұргүлдің негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Алматыдағы  Орталық Азия университетін бітірген. Ауыл мектебінде 16 жыл ұстаздық етті. Бірақ қолөнерден ажыраған жоқ. Қолы қалт етсе, жанына жақын ісін жалғастырды. Аудандық, облыстық деңгейде ұйымдас­тырылған көрмелерге қатысты. Жүлделер мен марапаттарға ие болды. «Шиелі шеберлері» ұйымының белді мүшесі атанды.

– Бала кезден кілем тоқу, текемет басу, киізге түр салуды үйрендім. Анам шебер кісі болатын. Қолынан бәрі келетін. Мені қолөнерге баулыды. Білген-түйгенін үйретті. Ескі тігін машинасы үнемі бос болмайтын. Көрші-қолаң, ағайын-туыстың тапсырысын орындайтын. Уақыт өте келе менің де қолым икемделіп, тігін тігуді меңгердім. Жұмыс пен тігіншілікті қатар алып жүрдім. Қаншама қыз жасауын жасадым. Тұтынушылардың алғысы маған  жаңа дүние­лер жасауға шабыт берді.

Соңғы кездері қол­өнер бұ­йымдарына қызығушылық артқан. Көп­шілік тоқылған, табиғи таза өнімге ден қойды. Әсіресе, құрақ көрпешеге сұраныс бар. Бұрын қыздың жасауына «басы құралсын» деген ырыммен құрақ көрпе-жастық қосатын. Осы дәстүр қайта қолданысқа енді. Бұл бір жағынан ұлттық өнердің қайта жандануына түрткі болды, – дейді қолөнерші.

Нұргүл Шиелі ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Думан» оңалту орталығында да қызмет атқарды. Еңбек нұсқаушысы болған ол балалар қолының ұсақ маторикасын дамыту үшін түрлі моншақтармен жұмыс жасауды үйретті. Ептілігі бар балалардан шәкірт дайындады. Былтыр мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық «Жан жылуы» фестивалінде оқу­­шысы Қарақат Қыдыр­баева бас жүлдені жеңіп алды. Бірлесіп жасаған жұмыс­тары көпшіліктің көңілінен шықты. Фестивальде оларға 500 мың теңгелік сертификат табыс етілді.

Шебер уақыт өте келе қол­өнерге түбегейлі бет бұрды. Көпбалалы ана кәсіп бастап, жеке тігін шеберханасын осылай  іске қосты. Әзірге жұмысты жалғыз өзі атқарып жүр. Тапсырыстың көптігінен күні-түні еңбек етуге тура келеді.

– Алда жоспар көп. Кәсіп бастағаныма аз уақыт болса да еңбегім жемісін беруде. Тұтынушылар қатары күн санап артуда. Кейде үлгере алмай қалып жатамын. Бір айда 4 қыздың жасауын жасадым. Тағы екі қыздан тапсырыс түсіп, іске кірістім. Ұзатылатын, биші, әнші қыз­дарға сәукеле  жасап жатырмын. Ісімнің берекелі болуы – балаларымның несібесі. Ешкімге алақан жаймай, қажеттіліктерін өтеп келемін.  Бастаған шар­уама мемлекет тарапынан да қолдау берілді, – дейді Нұргүл Базарбекқызы.

Расында, біз тігіншілікті жай мамандық ретінде бағалаймыз. Бірақ осы салада еңбек етіп, толағай табысқа кенелген тігіншілерді жиі естіп, жазып та жүрміз. Тіпті, сән әлемін бағындырған ісмерлер көп. Міне, бүгін сол ке­йіпкерлердің бірін тағы да мақалаға арқау еттік. Аянбай еңбек еткеннің ғана бағы жанады. Мейлі ол тігінші болсын, ұстаз болсын…

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<