Біріктіре түскен бір мүдде

236

0

Фото: облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбында ХХVІІ сессиясы өтті.

Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қарақат Абден, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, саяси партия филиалдарының жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар мен облыстық Ассамблея құрылымдарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар қатысты.

Аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өңірде қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

– Ассамблеяның 30 жылдығына «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының қолдауымен 3 млрд 800 млн теңгеге «Достық үйінің» жаңа ғимараты салынуда.

Сәулетті ғимараттың іргетасын өздеріңізбен бірге 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қалаған болатынбыз. Нысан қараша айында ел игілігіне беріледі. Өздеріңізге белгілі, өткен 2024 жылды өңірімізде «Руханият жылы» деп жариялап, мәдени-көпшілік шаралармен бірге көптеген ауқымды жобаны жүзеге асырдық.

Барлық 7 ауданда ішінде қоғамдық келісім ка­бинеттері, неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталық­тары» салынды.

Бір мұрат, бір мүдде жолында тыным­сыз еңбек ету – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Достықты ту еткен, жасам­паздық пен өрлеу жолындағы айшықты істеріміз көпке үлгі бола бергей! Бірлігіміз бекем, тірлігіміз толымды болсын! – деді облыс әкімі.

Сессияда этносаралық келісімді одан әрі нығайтудағы жұмыс бағыты айқын­далды. Аймақ басшысы өңірдегі этносаралық жұмыс жоспарын жан-жақты талдап, оның тиімділігін арттыру мақ­сатында нақты ұсыныстар әзірлеуді және кеңес отырыстарын жүйелі түрде өткізуді тапсырды.

Сонымен бірге, жаңадан бой көтеретін «Достық үйін» туристік бағыт­тарға қосып, оны бірлік пен ын­тымақты насихаттайтын заманауи мәдени-идео­логиялық орталыққа айналдыру міндеті қойылды.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, облыстық Қа­зақстан халқы Ассамблеясы төр­ағасының қоғамдық негіздегі орынбасары Дильфура Байрахтарова, «DaRALAce» шығарма­шылық үйінің негізін қалаушы, «Шапағат» медалінің иегері Светлана Цой, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының мүшесі Айнұр Тұңғышбаева пікір білдірді.

Ассамблеяның 30 жылдығы аясында бірқатар азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелік медалімен, ҚР Президенті Әкімшілігі Ассамблея хатшылығының Алғыс хатымен, сондай-ақ облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі