«Біріңді қазақ, бірің дос…»

1654

0

Облыс әкімінің Жаңақорған ауданына сапары кезіндегі келеңсіз жағдайды әлеуметтік желілерден көрдім.

Бұл жерде Абайдан артық ештеңе айта алмаймын. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» дейді ол. Адасқан адамның алды өзіне дұрыс болып көрінеді. Бірақ соқпағы болатынын ескермейді. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос, Ақылыңа ақыл қос» дейді тағы хакім Абай.


Жасы үлкен, көпті көрген деп ізімізден ерген іні-қарындастарымыз көбіне бізден ақыл сұрайды. Менің айтпағым, мынадай қиын кезеңде ауызбіршілікте болуымыз керек. Онсыз да елге оңай тиіп отырған жоқ. Мұндай сәтте тырнақ астынан кір іздеп, бір-біріміздің кемшілігімізді көзге шұқып көрсеткеннен абырой таппаймыз. Бір-бірімізді түртпектеп, сыбыр-күбірге кетсек, ақыры жақсы болмайды.


Біз әдетте «Қызылорда – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке» деп мақ­танамыз. Тянь-Шаннан бастап Аралға құйып жатқан Сырдың бойы әулие-әмбиелер мекені екенін айтқанда кеудемізді қуаныш кернейді. Сыр өңірі – мәдениеттің, ғылым-білім мен әдет-ғұрыптың ошағы.

«Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос» деп тағы Абайға жүгінеміз. Сондықтан сын сәтте сыр білдірмейік! Сыр елінің даңқын қолдан келгенше еңбегімізбен, адал пейілімізбен асыра берейік!


Бірлессек қана індетті жеңеміз!

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

ғалым, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<