Бірінші байлықты баптаған

125

0

Ал, парықтаңызшы, Адам Ата мен Хауа Анадан бері басталған қиын да қызық, мақсат пен арманға, еңбек пен жанжалға, бақ пен сорға толы өміріміздің бар қыры мен сырын, жыры мен нұрын айғақтап, алға тартып тұрған жоқ па? Және кезегімен… Яғни бірінші басты байлық – денсаулыққа ие болмасақ, бәрі – бекер…

Міне, сондықтан да біздің бұл жолғы мақаламыз осы денсаулықты сақтаған, дұрысы осынау бірінші байлықты жақсылап баптаған, осы тараптағы ерен де жемісті мол еңбегі арқылы туған ауылы ғана емес, өзі ортасында жүрген айнала Сыр елінің үмітін ақтаған адам – азамат Яхия Кәдірбекұлы Шорабаев туралы біраз сыр ақтарып, қолдан келгенше оның жан-жақты қабілет-қырын, ақ халатты абзал жан ретіндегі жан-жүрек нұрын ортаға тартқымыз келеді.

Дау жоқ, бұл тұрғыда әңгімені әліппелік қағидалардан бастауымыз қажет. Қандай бір адамды да қалыптап, қалыптастыратын – әуелі отбасы. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Ендеше жақсы әке мен өнегелі абзал ана тәрбиесі – белгілі фактор. Үш ұлдың кенжесі Яхия 1958 жылы қыркүйектің 3-і күні жарық өмір есігін ашты. Әке – шындығына көшкенде, ауылдағы алғашқы оқығандардың бірі. Дәйектерге жү­гінсек, ол кісі Алаш қай­раткері Серқұл Алдабергенов «Байкенже» ауылында ашқан орта мектеп-мед­реседе бі­лім алған. Ақ пен қараны айқын ажырататын, саясатқа да құлағы түрік, жақсылық пен әділдікті жақтаған Кәдірбек 20-ға ілінген шақта-ақ кеңес өкіметінің қырын қабағына ұшырап, 1928 жылы Өзбекстан еліне ауады. Тәжікстан жерін де басады. Содан 1935 жылы туған өңірге бірақ оралды. Көппен бірге талай дүрбелеңді көрген, мүгедек болғандықтан Ұлы Отан соғысына бара алмайды. Есесіне колхоз басқарып, жұртына бас-көз болып, Қаратау етегінде мешіт тұрғызып, соғыстан кейінгі тұрмысты оңалту ісіне қызу араласады. Жас балаларға араб тілінен дәріс оқиды, құран әліппесін танытады. Тіршіліктің ащы-тұщысын, ыстық-суығын бірге өткерген жұбайы Бижамал анамызбен бірге 3 ұл, 3 қызды өсіріп, саналы азаматтар қатарына қосады.

Нақ осындай ортада өсіп, әке мүгедек­тігін, елдің неше түрлі ауру-науқастардан жапа шегіп жүргенін көрген Яхия аға­йын-жұрт денсаулығына демеу болуды ерте мақсат етсе керек. Туған ауылы «Ком­мунизмдегі» орта мектепті бітірісімен облыс орталығы – Қызылордадағы медучи­лищесіне бірден ат басын тірейді. Бұл – 1977 жыл. Фельдшер мамандығын қалайды. Арасында кеңес әскері қатарында 1978-1980 жылдары қызмет етіп, оны 1983 жылы аяқтайды.

Осылайша өмірдің кезекті белесіне қадам басқан ол 3 жыл бойы медбрат болып еңбек етеді. Ұнайтын жұмыс. Мамандықты меңгеруге қоса өмір мектебінен өте бастайды. Жоғары білім алмай болмайтынына көз жеткізіп, ол 1986 жылы Алматыдағы медицина университеті табалдырығын аттайды. Сөйтіп 28 жасында педиатрия факультетіне оқуға түсіп, студент атанады. «Ештен кеш жақсы» екен. Білім олқылығын толықтырып, оны 1992 жылы бітіріп шығады.

Осы жылы Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация және интенсивті емдеу бөлімшесінде дәрігер-ординатор болып жұмысқа орналасады. Төрт жыл өткенде аталған бөлім меңгерушісі. Тағы үш жыл уақыт өткен соң, ол – осы аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары. Осы қызметте жүргенде аса қауіпті жұқпалы дерттермен бетпе-бет келіп, тікелей емдеумен шұғылданады.

Тәжірибелі де білікті маманның көзге түсуі, кезекті мансап биігіне тағайындалуы өмір заңдылығы. Ол енді 2005 жылы об­лыстық денсаулық сақтау басқармасына жұ­мысқа шақырылып, дәрі-дәрмекпен қамта­масыз ету бөлімі басшылығына бекітіледі. Бұл саладағы кемшіліктер түзеліп, шаруа оңға басқаны түсінікті. Содан…

2012 жылы ол Қызылорда қалалық Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері бо­лып бекітілді. Жаңа жерде, өкінішке қарай, көп қиындық күтіп тұрды. Ең бас­тысы, емдік бекеттің аты – «Жедел жәрдем» болғаны­мен, заты – «Кешіккен көмек» болып табылады. Мың-сан аурумен айқастың алғы шебінде ахуал бұлай болса, денсаулық сақ­тау жолындағы аса маңызды майдан ахуалы қайдан болсын?! Сондықтан да облыс­ты мазалап, республикалық министрлікке дейін дабыл қағып, мәселе көтерді. Соның арқасында республикалық бюджет есебінен 18 жаңа санитарлық көлік сатып алынды. 2014 жылы мекеме несиелік қарыздан толық құтылып, қызметкерлер уақытылы айлық ала бастады. Автоматтандырылған ақпараттық-диспетчерлік орталық құры­лып, дер кезінде мұқтаж науқастарға ме­ди­циналық көмек көрсету алғаш үлкен жақсылыққа айналса, артынша күнделікті жақсылық хабаршысына айналды.

Бұдан кейінгі 2016-2018 жылдар аралы­ғында үлкен жауапкершілік – Шиелі ауданы денсаулық сақтау бөлімінің басшысы – бас дәрігерліктің орны ерекше. Өйткені облыстық, өңірлік деңгейде болсын, жеке аурухана, айрықша бөлім, «Жедел жәрдем» мекемесін басқару бір бөлек болса, дербес аудан денсаулық сақтау саласын басқарып, 70-80 мың халықтың тән саулығын қада­ғалау, қорғап-қолдау өз алдына бөлек іс. Бұл ретте бәрі мінсіз-мүлтіксіз дей алмасақ та, ол ісі аңызға ұласқан, ізі әлі өшпей, жарқырап тұрған даңқты бас дәрігер ағасы Смайыл Кәрімбаевтың ізін жалғастырып, ісін заман талап-тілегіне сай өрге бастыра білді.

Байырғы Көккесененің түлегі, дерт-де­мен жолықса жойсам деп ұмтылып тұрған білегі, кім-кімге де жақсылық жасасам деп соғып тұрған жүрегі Яхия Кәдірбекұлының соңғы қызметі – Жаңақорған ауданы ден­саулық сақтау бөлімінің басшысы бас дәрігерлігі айрықша қымбат, жанына ыстық. Бұл – 2020 жыл соңында қызметін абыройлы тәмамдап, зейнеткерлікке шыққаннан емес әсте. Майталман маман, іскер басшы қашанда денсаулық сақтау майданының алғы шебінен табылады.

Ұжым мүшелеріне ең бірінші кезекте тиесілі жалақысын тауып беру бір мақсатқа жұмылуды қалыптастыру, ынтымақты ұс­та­ным орнықтыру, ең негізгісі тек дәрі-дәрмекпен емес, ота пышағымен, медици­налық құрал-жабдықтармен емдейтін дә­рі­герлер емес, дұрыс диагноз қоя біліп қана қоймай, ақ ниет тілегімен, мейірлі алқап-білегімен ғана емес, жүрегімен ем­дейтін медбибі, дәрігер-емшілер қалып­тас­тыру. Неге дейсіз бе? Дәрігердің ең жақ­сысы баяғыда да, бүгін де дерт қоспаған, денсаулықты әлсіретуге қадам баспаған.

Халықтың алғысын арқалап, көптеген марапат иеленген Яхия Кәдірбекұлы Ден­саулық сақтау ісінің үздігі. Дағдарыс менед­жері атағын да еншілеген.

Айтпақшы, ол бүгін де сапта, мәлім май­данның жауапты шебінде, дәрігер статистік, эксперт болып еңбек етіп жүр.

Бақыт САРБАЛАЕВ