Бірлігі бекем Абай ауылы

1703

0

Облыста үш ауыл ұлттың ойлау деңгейін келесі кезеңге көтерген атақты ақын есімімен аталады. Соның бірі – қаланың дәл іргесіндегі Абай атын иеленген ауыл. Жақын, бірақ жақын да болса барып көрмегендеріміз көп, ауыл туралы біле бермейтініміз де рас.


Қазір Қосшыңырау ауылдық округінің орталығы саналатын Абай ауылының тарихы осыдан 90 жылға жуық уақыт бұрын басталыпты. Ауылдың негізі 30-жылдардың басында құрылған Жаңаталап, Жың­ғылдыкөл, Интернационал, Сталин колхоздарының бірігуімен қаланған. 1952 жылы Абай кеңшары болып аталса, 1965-тен 1997 жылға дейін Абай совхозы, 1998 жылдан бастап Абай ауылы атанған.

Бүгінде мұнда екі жарым мыңнан астам халық бар. Ауылда дүрілдеп тұрған өндіріс орны, серпінді жобалар болмаса да, ел дегенде елгезектік танытып, қолдан келер іс болса, қарап қалмайтын кәсіпкерлер қолдауымен ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылдағы аялдама, жаңа мешіттің кәсіпкерлер демеушілігімен салынуы – осы сөзіміздің айғағы.


Ауылдық округтің орталығы саналған ауылда ақын атындағы көше, мен еңселі ескерткіштің болуы заңдылық көрінетіні рас. Иә, елді мекен ақын атын иеленгелі, яғни 1972 жылдан бастап мектепке апаратын негізгі көше де хәкім есімімен аталды. Үлкен жол теп-тегіс әрі түнде жап-жарық. 2012-2013 жылдары жөндеу жүргізіліп, содан бері тұрғындар асфальтталған көшенің игілігін көріп келеді. Бұл жолдың талапқа сай болуы тұрғындардан бөлек, ұстаздар мен оқушыларға да жағдай жасалғанын аңғартады.

Айта кету керек, ең алғаш Абай атындағы сегіз жылдық мектеп 1956 жылы ашылса, 1987 жылы №138 Абай атындағы орта мектеп пайдалануға берілген. Ал, ескерткішке келсек, еңселі болмаса да, мектеп алдында ақынның бюсті бар. Айтпақшы, бұл ауыл – арқалы ақын Иран-Ғайып туған мекен. Ал туған жерді ұмытпайтын Иранбек ақынның бір асыл арманы ауылдың кіреберісіне «Абай әлемі» аллеясын жасау екен.


Қай ауылға барсақ та мақтанышпен айтары елге белгілі азаматтары мен қазыналы қарттары. Бұл ауылда 15 баланы дүниеге әкелген алтын алқалы ана Нағима Аймағанбетова тұрады. Бес баланы көпбала санайтын қазіргідей уақытта осынша сәбиді өсіріп, ел қатарына қосу дегеніңіз елең еткізетін жаңалық, қолдан келе бермейтіндей ерлік көрінетіні рас. Үйде отырып, бала қарап, қатардан кем етпеудің жөні бір бөлек, ал сәбиді өмірге әкеле жүріп, күріш өсірудің қыр-сырын меңгеріп, жұмыста абырой биігінен көріну бір бөлек. Алғашқы 5 жылдықта – 57, онан соң – 75, одан кейінгі жылдары 90 центнерден өнім алған Нағима ана аудандық, облыстық кеңестiң депутаты, партия пленумдары мен съездерiнiң делегаты болып сайланып, ауыл мәселесін атқарушы органдарға жеткізе білген.

Қазір ауылда Нағима анадан үлгі алған келіндер де бар. Айталық, осы үйге қарама-қарсы тұратын, қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан Надежда Лукьянова есімді келіншек – 9 баланың анасы. Өзі – 32 жаста. Иә, «адамның бір қызығы бала» деп Абай айтпақшы, отбасының берекесін бәрінен биік қоятын ақын ауылындағы келіндер ел болашағы саналатын балалардың тәрбиелі болып өсуіне күш-жігерін жұмсап келеді.


Біз осындай тек пен тәрбиені басты ұстаным еткен аналар, елге еңбек сіңірсем деген азаматтарға қарап ауылдағы береке мен бірлік, тыныштық пен жылылықты сезіндік. Ал, «Абайды» дамыту жұмыстары кезең кезеңімен жолға түсіп келеді. Ендігі бір мәселе – ауылдың көгілдір отынға қосылуы. Алдағы уақытта ауыл іргесіндегі газ әр үйге жеткізілмек.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<