Кеше облыс орталығындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған республикалық «Бірлігі бекем Сыр елі» атты форум өтті. Форумды облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізіп отырды.
Ассамблея жылдар бойы халқымыздың ырысты ынтымағын нығайтуға, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келеді. Осы ұйымның белсенді қызметі арқылы еліміздегі барлық этностың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйлесімді дамытуға, сондай-ақ қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеруге жол ашылды.
– Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асыруға ұйытқы болды. Бірлігі жарасқан Сыр өңірінде де бірқатар оң өзгерістер көрініс берді. Облыстың барлық ауданында неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар, ардагерлер мен аналар үйі біріктірілген «Руханият» орталықтары ел игілігіне айналды. Онда бірлік пен татулықтың символы ретінде елдің ынтымағын нығайтуға бағытталған маңызды жобалар қолға алынып отыр. Орталықтағы «Қоғамдық келісім» кабинеттері түрлі этнос өкілдерінің мәдени-рухани бірегейлігін сақтауға мүмкіндік береді. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында құны 3 млрд 800 млн теңгені құрайтын жаңа «Достық үйі» бой көтерді. Бұл ғимарат жақын күндері ел игілігіне табысталмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Республикалық форум аясында Қарағанды облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, Жамбыл облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Жинақбаева тақырыпқа қатысты ой-пікірін білдірді. Олардың айтуынша, елімізде ұлтаралық татулық, бірлік пен достықты дәріптеу мемлекет саясатының басым бағытының біріне айналған. Бұл орайда Сыр өңірінде жүзеге асып жатқан байыпты бастамалар, маңызды жобалар өз жемісін беріп келеді. Сондықтан аймақтар арасында оң тәжірибені кеңінен насихаттау қажет.
Аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шарадан бастау алған мерейлі жыл аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Сәуір айында еліміздің барлық өңірінен келген Ассамблея жастарының басын қосқан «Сыр елі – достық мекені» форумы ұйымдастырылып, қатысушылар Байқоңыр ғарыш айлағына барды. Онда Ассамблея жастарының Туы ғарыш кемесінің бортына табысталып, қонақтар зымыран ұшырылымын тамашалады.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерекелік медальдар өңірдегі белсенді Ассамблея мүшелеріне салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар, облыстағы этномәдени бірлестіктердің онкүндіктері өткізіліп, аудан орталықтарына «Достық» көш-керуені жол тартты. Бұл шаралар мерейлі жылдың мазмұнын байытып, мәнін айшықтай түсті.
Форум соңы елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





