Бірлік пен берекенің айнасы ардагерлер бірқатар нысандарды аралады

154

0

Фото: Облыс әкімдігі

1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай облыс ардагерлері өндірістік және инфрақұрылымдық жобалармен, іске қосылған нысандар жұмысымен танысты.

Алдымен «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Заманауи орталық бір мезетте 500, тәулігіне 3 мыңға дейін оқушы қабылдай алады. Мұнда бассейн, фитнес және гимнастика залдары, үстел теннисі, жекпе-жек және үстел ойындарына арналған бөлмелер бар. Сонымен қатар кескіндеме, сурет, сәндік-қолданбалы өнер, робототехника, жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

Келесі нысан – «Қызылорда-Нан» ЖШС-ның нан-тоқаш, конди­терлік және макарон өнімдерін өн­діру кешені. Қазіргі таңда үш өн­дірістік цех іске қосылған, ал­­дағы уақытта печенье цехы жұ­мысын бастайды. Өнімнің 30%-ы кәсіпорынның жеке сауда желісі арқылы сатылады, қалғаны қала мен ауылдарға жеткізіледі. Жобаға 5 гектар жер беріліп, инфрақұрылым тартылды. «Қазақстан Халық бан­кінен» алынған 1,2 млрд теңге жеңілдетілген несиенің пайыздық мөлшерлемесі мемлекет тарапынан субсидиялануда. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етсе, болашақта олардың саны 150-ге жетпек.

Бірлік пен берекенің айнасы ардагерлер бірқатар нысандарды аралады

Одан кейін ардагерлер жаңа жылу-электр орталығының құ­ры­­лыс барысымен та­нысты. «Aksa Energy» түрік ком­па­ниясымен бірлескен жоба аясында қуаттылығы 240 МВт болатын нысан салынуда. Ор­талыққа General Electric (АҚШ), Doosan Skoda (Чехия), AC BOILERS (Италия), Mimsan (Түркия) компанияларының қондырғылары жеткізілген. Құрылыс жұмыс­тары­ның 80%-ы аяқталып, газ тарату стан­циясы мен 45 шақырым газ құбыры салынды. Биыл алғашқы газ турбиналық қондырғы мен екі жылу қазандығы іске қосылса, қал­ғаны 2026 жылы пайдалануға беріледі.

Ардагерлер қалалық мәде­ниет және демалыс паркін, Прези­дент саябағын қайта жаң­ғыр­ту жұ­мыс­тарында көрді. Жаңа ком­муналдық базарды, «Қызыл­орда САЗ-М» кірпіш зауытын, музы­калық кол­ледждің жаңа ғи­маратын, физика-ма­тематика мек­­теп-интернатын және 11 мың орын­дық жаңа ста­дионды аралап шықты.

Мерекеге орай қала мен аудандардан келген ардагерлердің басын қосқан салтанатты шара ұйымдастырылды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел ағалары мен ақ жаулықты аналарды мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.

Бірлік пен берекенің айнасы ардагерлер бірқатар нысандарды аралады

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басым міндеті – зейнетақы жүйесін же­тілдіру. Қажырлы ардагерлердің қоғамға үлесін ынталандыру маңыз­ды. Халықтың орташа өмір сүру жасы 75-тен асты, бұл – әлеу­меттік саясаттың жетістігі» деген болатын.

Өңірімізде қазыналы қариялар­ды жан-жақты әлеуметтік қолдау, медициналық қызмет көрсету сапа­сын арттыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда. Соңғы үш жыл­да жылына бір рет төленетін әлеуметтік көмектің көлемі Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге, олар­ға теңестірілгендер мен тыл ардагерлеріне 90 мыңнан 196 мың теңгеге ұлғайды. Биыл 1700-ге жуық ардагерге 322 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді. Облыста бірнеше жылдан бері «Сыр мейірімі» жо­басы жүзеге асуда. Жоба аясында көмекке мұқтаж 225 жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жан­дар, аз қамтылған отбасылар түс­кі аспен қамтамасыз етіліп келеді.

Қазақ халқы «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген. Бұл – халықтың ғасырлар бойғы құр­метінің айқын көрінісі. Сіздердің даналықтарыңыз, өмірлік тәжіри­белеріңіз бізге – кейінгі буынға жол көрсетер бағдаршам. Ел ішінің татулығы мен бірлігін сақтауда, ұлттың рухын биік ұстауда ардақты ардагерлеріміздің рөлі ерекше.

Мерейлі мерекеде баршаңыз­дың дендеріңізге саулық, отбасы­ларыңызға амандық, бақ-береке ті­леймін, – деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі