Бірлік пен келісімді ту еткен

1206

0

Қазақстан халқы ассамблеясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы 1 наурызда құрылды. Бүгінде Қазақстан – 150-ден астам этнос пен 40 конфессияның ортақ үйі. Елімізде 471 ұлттық-мәдени бірлестік, 19 республикалық және облыстық газет, радио мен телебағдарламалар, 6 ұлттық театр, 100-ден астам этникалық мектеп пен 170 тілдік орталық бар. Ұлттық жаңғыру мектептерінде 11 тілді оқытатын 29 кафедра жұмыс істейді, 4 мыңнан астам діни бірлестік, 3 мыңнан астам ғибадат орны бар.

«Ұлт көп, бірақ бәрімізге жер ортақ. Демек, заңда бекітілген басқалардың құқықтарын құрметтеу және барлығының жан-жақты дамуына кең мүмкіндік жасау – міндет. Кез келген, тіпті ең кіші ұлттық топтың мүдделеріне назар аудару, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды шынайы құрметтеу – әділ халықаралық бейбітшіліктің негізі», – деді Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясында. Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі жоғары халықаралық деңгейде танылды. Оны әлемнің көптеген елдерінің саяси және рухани көшбасшылары, қоғам қайраткерлері де атап өтті.

Бүгінде Қазақстан халқы ассамблеясы тек консультативті-кеңес ғана емес, сонымен қатар қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңесі, Достық үйлерінің үлкен ордасы іспетті. ҚХА барлық қазақстандықтармен бірге пандемия кезінде әлеуметтік дағдарыстан шығуға үлес қосты. Оның нәтижесін ұғу үшін «Біз біргеміз!», «Біз үйдеміз!» әлеуметтік акцияларын еске түсіру жеткілікті.

Елбасы ҚХА-ның ХХІХ сессиясында ҚХА төрағасының өкілеттілігін Қазақстан Республикасының қазіргі Президентіне бергенін жариялай отырып, алысты болжайтын прагматикалық саясаткер екенін айқын дәлелдеген еді. Елбасы бұл шешім ассамблеяның мүддесіне қызмет ететінін және біздің Президентке ел азаматтарының, қоғамның және мемлекетіміздің болашағы үшін барлық жұмыстар мен жоспарларды бірлесе құруға көмектесетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады» деген сөзінің мазмұны терең. Іргелі мемлекет атануда, бірлік, келісім және өзара қолдау қағидаттарына негізделген Қазақстан халқы ассамблеясының рөлі ерекше. Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауының VII тарауы этносаралық қатынастың дамуына арналған. Президент ұлттар арасындағы үйлесімді қатынастың Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі, әрдайым солай болып қала беретінін тағы бір еске салды. Онда: «Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсінуі қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз», – делінген.

Бүгінде Алаштың анасы – Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Ежелден бауырмал, қайырымды қазақ халқы тағдыр тәлкегіне ұшырап, әлемнің әр бұрышынан елімізге жер аударылған немесе күштеп депортацияланған ұлттарды жатсынбады, оларға кең құшағын жайды, паналатты, барын бөліп берді. Ұлттар мен ұлыстардың терезесі тең, мүдде-мақсаттары бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатқа араласуына барлық жағдай жасалған. Ең бастысы кейбір ұлт өкілдерінің балалары орта мектепті ана тілінде оқып, өз ұлтының салт-дәстүрлерімен және мәдениетімен танысады, ұлт әдебиетіндегі жауһар туындылармен  де сусындайды. Осындай ерекше артықшылықтардың арқасында  қазіргі кезде елімізде бір қауым елге айналып жатқан диаспоралар бар.

Қызылорда облысы – еліміздегі біртекті этникалық құрамымен ерекшеленетін  өңірлердің бірі. Халықтың 96,4%-ін қазақ ұлтының өкілдері және тек 3,6%-ін  басқа этникалық топтар құрайды. «Қоғамдық келісім» КММ директоры Болатбек Айтбенбетовтың айтуынша, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанында 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым, сондай-ақ аудандарда 6 этнобағытталған ұйым жұмыс жасайды. Облыстық ҚХА Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Қазақстан халқының тарихы және ассамблеясы» кафедрасымен тығыз қарым-қатынас  орнатқан.

– Күллі қазақстандықтар қолдап, бүгінде татулықты ту еткен еліміздегі барлық этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына топтастырып отырған Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы біздің өңірде де жақсы жолға қойылған. Этномәдени бірлестіктер 1 наурыз – Алғыс айту күнінде және Наурыз мерекесінде, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мен Тілдер мерекесінде және жыл сайынғы Құрбан айт пен ұлттық және діни мерекелерде қазақ халқының және облыс аумағында тұратын  этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін насихаттауға бағытталған ауқымды шаралар ұйымдастырып отырады, – дейді ол. 

Сырдан түлеп ұшқан әр ұлт өкілдерінің жеткен жетістіктері мен қазақтың көк туын желбірете көкке көтерген жеңістерін халыққа таныстырып, оларды дәріптеп марапаттау мақсатындағы шаралар да жүйелі түрде қолға алынған. Қазақ елінің мақтаныштары  Илья Ильин мен Александр Зайчиков және әйелдер боксынан олимпиаданың қола жүлдегері Мария Вольнова мен қазақ күресінен «Қазақстан барысы» жүлдесін жеңіп алған Еламан Ерғалиев туралы түрлі іс-шаралар аясында ұйымшылдықпен дәріптелді.  Шығармашылық өкілдері мен еңбек ардагерлерінің  мерейтойлары мен кештерін облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткізу дәстүрге айналған.

Облыстық ассамблея өңірде қайырымдылықты үйлестіру және дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қазақстанда «Игі істер марафоны» жалпыұлттық жобасы іске қосылды. Өңірде бұл жоба 1 наурызда басталды. Мысалы, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіліп, ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дене шынықтыруды дамытуға бағытталған спартакиада өткізілді. Аудандар да бұл марафонға белсене қатысты. Шиелі аудандық Жастар ресурстық орталығы «Жасыл ел» жасағының сарбаздарымен бірлесе отырып Шиелі кентіндегі Ы.Жақаев атындағы саябаққа тазалық жұмыстарын жүргізді. Байқоңыр, Қармақшы, Сырдария және Жалағаш аудандарының еріктілері тыл ардагерлеріне көмек көрсетті.

Бірнеше жыл бойы Қазақстан халқы ассамблеясы «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақстандықтар арасында қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын танымал етуге бағытталған. Оның аясында «Ұлттық киім – ұлттық құндылық» атты ұлттық әйелдер киімдерінің көрсетілімі өтті. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесімен бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға кәсіпкер әйелдер, дизайн мамандығының студенттері, сондай-ақ заманауи қазақ ұлттық киімдеріне ерекше қызығушылар қатысты. Көрсетілімде жас дизайнер-модельер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасының жеңімпазы Малика Дүйсенбаеваның жұмыстары ұсынылды. Көрсетілім жас ұрпақтың ұлттық киімге деген қызығушылығы мен құрметін ояту үшін және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

«Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісім мекені» жобасы аясында дәстүрлі түрде этномәдени бірлестіктердің мәдениет күндері ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, «Достық үйінде» «Егін мерекесі» атты неміс, өзбек, еврей  этносының мәдениеті күні және корей тағамдары фестивалі, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Аймақтағы грек мәдениетінің көрінісі» тарихи жобалар байқауы өтті. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің мәдениет күндері аясында «Ашық есік» күндері, «Сольналь», «Масленица», «Сабантой» және басқа ұлттық мерекелер тойланады.

2014 жылдан бастап облыстық ҚХА жанында Аналар кеңесі жұмыс істейді. Бұл ретте отбасы мен неке құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Ақ орамал» жобасы ерекше маңызға ие. Жоба аясында түрлі форматтағы іс-шаралар, қайырымдылық акциялары, фотокөрмелер, кездесулер өткізілуде. «Әке – өмір тірегі», «Әке болу оңай ма?» атты Аналар кеңесі жүзеге асыратын іс-шаралар әкелердің отбасылық тәрбиедегі рөлін күшейтуге, олардың беделін арттыруға, үлгілі әкелердің үздік тәжірибесін насихаттауға бағытталған.

Қазақстан халқы ассамблеясының құрылымында қоғамдық келісім кеңестері маңызды буын саналады. Олар жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді қарастыра отырып, қоғамдық бақылау қызметін орындайды. Тоқсан сайын «Достық үйінде» облыстық қоғамдық келісім кеңесінің отырысы өтеді. Осындай іс-шаралар барлық аудандарда өткізіледі.

2015 жылдан бастап медиацияны маңызды қоғамдық институт ретінде дамыту Қазақстан халқы ассамблеясы қызметінің бір бағытына айналды.  Медиаторлар саны мен олардың сапалық деңгейі ұлғаюда. «Достық үйінде» және барлық аудан орталықтарында, мектептерде медиация кабинеттері құрылды, олар тиімді жұмыс жүргізуде.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясын насихаттайды. Сонымен бірге «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға қатысады. Екіжақты халықаралық ынтымақтастық кеңеюде. Тамыз айында Қызылордада Кореяның ұлттық батыры, генерал Хон Бом Доның сүйегін Корея Республикасынан келген делегацияға тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея президенті Мун Чже Иннің Қызылордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы өтінішін қолдаған болатын. Кореяның Ардагерлер мен патриоттар істері жөніндегі министрі Хван Ги Чолем бастаған делегация құрамында Төтенше және Өкілетті Елші Ку Хонг Сока, «Генерал Хон Бом До мемориалы» қорының төрағасы У Вон Шик пен актер Чо Вон Джуна өңір халқына ризашылығын білдіріп,  достық қатынастың жалғасатынына және одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Тіл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында облыстық ҚХА арнайы жоспар әзірледі, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік тілді білуге арналған челлендждер мен байқаулар өткізілуде. Қазақстан халқы ассамблеясының «Мың бала» жобасы аясында 12 бағыт бойынша акциялар, семинарлар мен конкурстар өткізіледі. Тілдер күніне арналған мәдени-ағарту жобасы аясында облыста жаппай жалпыұлттық диктант өткізілді. Оның мақсаты – қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылықты арттыру.

Миллиондаған тағдырлардың бірлігі – жүздеген этностардың өзара байланысы, Ұлы Дала елінде ғасырлар бойы бірегей мәдениеттің, халық бірлігінің, мықты мемлекет құрудың негізін қалады. Бірлік пен келісім бар жерде ғана табыс пен даму болатынын көрсетті.

Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Ал ассамблея тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып тарихта қалары анық.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<