Бірқатар нысандарды аралады

168

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен қала әкімі Нұржан Ахатов қала аумағындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Алдымен 1500 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс алаңында болды. Құрылыс толық аяқталған, ғимарат заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда оқу кабинеттері соңғы үлгідегі құрал-жабдық­тармен қамтылған, арнайы STEM-зертхана, кітапхана, спорт және акт залы, асхана бар. Бас мердігер – «Integra Construction KZ», жобалаушы ұйым – «Project Construction KZ», техникалық қадағалаушы – «Самұрық Қазына Девелопмент» серіктестіктері. Нысан жақын күндері пайдалануға беріледі.

Әрі қарай облыс әкімінің бірінші орын­басары аулаларды абаттандыру жұмы­сы­ның барысын бақылады. Биыл Қызылорда қаласындағы 20 аулаға ойын және спорт алаңдарын орнатуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Әр аулада әткеншек, сырғанақ, жаттығу құрылғылары, кіші футбол және воркаут алаңдары болады. Жарық шамдары мен демалыс орындары орналастырылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Мұнан бөлек, 153 млн теңге бөлініп, тұрмыстық қатты қалдыққа арналған 375 контейнер қойылды.

Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 6900 орынға арналған 10 мектеп салынды. Бүгінде оның 9-ы пайдалануға берілді.