Биыл Өзбекстан 2,2 млн қазақстандық туристі қабылдауға ниетті

354

0

Фото: Pixabay

Биыл Өзбекстан 2,2 млн қазақстандық саяхатшыны қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

2023 жылы Өзбекстанға барған қазақстандық туристердің саны 1,3 миллионнан асты. Саяхатшылардың көбі Ташкент, Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларының көрікті жерлеріне жиі барады.

Өзбекстанның Туризм комитетінен мәлім еткендей, қазақстандықтар үшін Қарақалпақстан да танымал туристік бағыттардың бірі саналады.

Сонымен қатар, шенгеннің азиялық баламасы ретінде есептелетін Silk Road Visa жобасын енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл электронды туристік виза әлем елдерінен келген туристерге бірден бірнеше мемлекетке саяхаттап баруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта жобаға қатысушы мемлекеттер тарапынан нормативтік-құқықтық және техникалық бағыттағы механизмдер мен виза мәртебесін айқындайтын ережені келісу, құқықтық реттеу режимі сияқты мәселелер шешілуде», – деп жауап берді ведомстводан Kazinform тілшінің сауалына орай.

Бұған қоса, Қазақстан мен Өзбекстан бірыңғай туристік бренд пен аралас турларды ұйымдастыру бағытындағы жобаларды қолға алды.

Сондай-ақ, мемлекетаралық ынтымақтастықтан өзге, Орталық Азияның «Бір тур – бүкіл өңір» бірыңғай туристік брендін құру жоспарланып отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<