Биыл жас ғалымдардың жобасына 20 млн теңге бөлінді

229

0

Фото: Қорқыт ата атындағы ҚУ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде жыл сайын жас ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдау мақсатында гранттар тағайындалады. Биыл гранттың жалпы сомасы 20 млн теңгеге артып, 15 жоба жеңімпаз атанды.

Бұл жас ғалымдардың ғылыми – зерттеу жұмыстары мен инновациялық жобаларын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар, университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, өңірлік және республикалық деңгейде жаңашыл зерттеулерді жүзеге асыруға мүмкіндік.

«Биыл Ректор грантының жалпы құны  20 млн теңгеге дейін ұлғайғаны бізге үлкен серпін берді. Бұл қолдау ғылыми мақалаларымызды беделді басылымдарда жариялауға, әрі жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға зор мүмкіндік туғызады. Өз жобамда ауыл шаруашылығы саласының цифрлық трансформациясын мемлекеттік реттеудің заманауи моделін ұсынамын. Жоба нәтижесінде ауыл шаруашылығын климаттық қаржыландыруды субсидиялаудың жаңа механизмін әзірлеп, ұсынатын боламын», – деді жас ғалым Ағжан Сайлаубекқызы.

Университетте 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарға 2021 жылдан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін  арнайы грант бөлініп келеді. Бүгінге дейін 33 жобаға жалпы көлемі 50 млн теңге қаржылай қолдау көрсетілді.

Айта кетейік, оқу орнында 2024 жылы ғылымнан түскен жалпы табыс 4 есеге өсті. Бұдан бөлек, профессор-оқытушылар құрамының индекстелген журналдарда мақала жариялау белсенділігі жыл сайын артып келеді. Нақты айтқанда, 2024 жылы Scopus деректер базасында 99 ғылыми мақала, Web of Science деректер базасында 50 ғылыми мақала жарияланды. Университет ғылыми зерттеулердің нәтижелерін жариялау үшін 8 ғылыми журнал шығарады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<