«Biz Birgemiz» қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат кім? Даулы іс бойынша барлық ақпаратты жинадық

396

0

Фото: Instagram Перизат Қайрат

14 қарашада Қаржы мониторингі агенттігі «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қоры жетекшісінің ұсталғанын мәлімдеді. 1,5 миллиард теңге жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат кім және қандай жұмыс істеді. Атышулы істен кейін Stan.kz ақпарат агенттігі еріктінің сәнді өміріне шолу жасап көрді.

«Biz Birgemiz» қоғамдық қорының жетекшісі Перизат Қайрат Ақтөбе қаласында туған, 32 жаста. 2015 жылдан бері Астана қаласында тұрады екен. Ұлыбританиядағы Ноттингем университетін «Бизнес менеджменті» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ерікті 2016 жылдан бастап, 4 жыл қатарынан Біріккен Араб әмірліктерінде, атап айтқанда Абу-Дабидегі әртүрлі компанияларда жұмыс істепті. Содан кейін, елге оралып әкімдікте, саяси партияда және үкіметтік емес ұйымдарда қызмет атқарған. Ол – Қазақстанның Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің қоғамдық кеңес мүшесі. Бұдан бөлек Астанадағы «Rebel flowers» гүл дүкендеріне иелік етеді. Сондай-ақ ерікті араб елдеріне ет жеткізетін отбасылық кәсібі барын айтқан еді.

Бір жазбасында ол «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қайырымдылық қорын тегін басқаратынын, қазір араб инвесторларымен бірлесіп ауқымды жобалар дайындап жатқанын жазған. 

Түрлі елдерге саяхат, сәнді заттар мен жылжымайтын мүлік

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам ақшаны ұрлады деген күдікке ілінген. Агенттіктің хабарлауынша, қайырымдылықтың негізгі бөлігін күдікті сәнді заттар мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсаған.

Мәселен, 2024 жылдың көктемінде Перизат Қайрат елордадағы автосалондардан 88 миллион теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 миллион теңгеге «Lexus LX-600», 39 миллион теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алған. 

Басқарманың мәліметінше, сол кезеңде ол 600 миллион теңгеге елордадан «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» ТК, «Vela Village» коттедж қалашығында пәтер сатып алған екен. 

“Сондай-ақ Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сынды бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған. Бұл елдерде ол «Cartier» және «Louis Vuitton» сияқты брендтердің қымбат зергерлік бұйымдарын сатып алған. Ол қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін жақындарына 8% сыйақы берген. Қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған”, – делінген агенттік мәлімдемесінде. 

Су тасқыны және өңірлерде көрсетілетін көмек тақырыбына арналған Instagram желісіндегі жарияланымдардан кейін Перизат Қайрат әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Ұлыбритания мен БАӘ-ден жеке суреттері мен жазбаларын жариялады.

Сондай-ақ ерікі су тасқыны кезінде гуманитарлық көмек жеткізуге Miu Miu брендіне тиесілі кардиган киіп барған. Оның құны 1457 доллар (7 миллион 171 мың 394 теңге) тұрады.

Желіге жарияланған тағы бір видеодан еріктінің қолына  Miu Miu брендіне тиесілі сөмке ұстағанын байқауға болады. Ол сөмкенің құны 1 миллион 366 мыңнан асады.

Перизат Қайрат «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының жетекшісі қызметінен бөлек “Rebel flowers” гүл дүкендеріне иелік етеді. Гүл дүкені 2022 жылы тіркеліп, Астанадағы Talan gallery және Sensata Park нысандарында орналасқан.

«Biz Birgemiz» қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат кім? Даулы іс бойынша барлық ақпаратты жинадық
Фото: Құжаттан скрин

Kompra қазақстандық компанияның сенімділік қызметінің дерегінше, гүл дүкенінің 2022-2024 жылдар аралығындағы салық түсімдеріне зер салып көрдік. Дүкен 2022 жылы 620 мың 094 теңге, 2023 жылы 756 мың 534 теңге, 2024 жылы 3 миллион 273 мың 826 теңге салық төлеген. 

Компания өзін премиум гүл шоқтарын сататын және іс-шараларды безендіретін «премиум гүлдер студиясы» ретінде көрсетеді. Сонымен қатар Rebel Flowers Academy деп аталатын флористика курсын жүргізеді.

Ал осы жылдың ақпан айында Rebel Flowers әлеуметтік желідегі жазылушылары арасында байқау өткізді. Жеңімпазға Cartier зергерлік брендінің гауһар тасы бар алтын алқасын тарту ету уәде етілген.

Сондай-ақ ерікті «Р-К» жеке кәсіпкерлігін басқарады және «Үстел теннисі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы.

Араб елдеріне ет экспорттайтын отбасылық кәсіп

Перизат Қайраттың өзі әлеуметтік желіде олардың отбасы араб елдеріне ет жеткізетінін үнемі жазып отырды.

«Елбасы барлық кәсіпкерлерді елдегі су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуге шақырды. Өздеріңіз білесіздер, біздің отбасылық кәсіп араб елдеріне ет экспорттайды. Rebel Flowers деп аталатын гүл дүкендері бар. Сондықтан анаммен ақылдасып, отбасы атынан шешім қабылдадық. Атырау облысының зардап шеккен тұрғындарына 3 тонна сиыр, 1 тонна тауық етін жөнелтеміз. Ал келесі аптада серіктестеріміз тағы 7 тонна ет жібереді», – деп жазды белсенді 2024 жылдың сәуірінде.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Перизаттың анасы Ғайни Алабаеваның ет өндіру және экспорттаумен  айналысатын ЖШС немесе жеке кәсіпкерлігі жоқ. Ол тек “Алашбаева” деген шағын жеке кәсіпкерліктің иесі. Мүмкін, «ет бизнесі» оның отбасының басқа мүшелеріне тіркелген шығар. Перизаттың өзі ешқашан анасының фирмасының атын және ет өнімдерін қай елдерге жеткізгенін көрсетпеген.

Айта кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде Перизат Қайрат өзінің Instagram-дағы парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаған еді. Ол су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында жұмыс істеген кезде көргендері туралы айтып берді. Ерікті президентті VIP-кездесулер ұйымдастырудың орнына, елдің ішінде болуға шақырған.

“Құрметті, президент! Мен 18 күн бойы төтенше жағдай аймақтарында жүрген ерікті ретінде сізге үндеу жариялаймын. Халық 100 теңгеден жинап 48 сағатта 100 млн теңгеден астам ақша жинады. Ал 18 күннің ішінде мемлекеттен бір тиын да бөлінбеді. Осы күнге дейін алынған техникалар мен гуманитарлық көмектің барлығы – халықтың садақасы”, – делінген жазбада. 

Сонымен қатар ерікті апат кезінде президенттің халық арасында болуы керек екенін, барлық іссапарларын кейінге қалдыруы керек екенін айтты. 

“Сіздің сөзіңізге сенсек, мұндай су тасқыны кейінгі 80 жылда болмаған. Ендеше осындай апатты жағдайда президент елдің алдында жүруі керек деп ойлаймын. Ұшақ дайындауға, VIP кездесулерге және осы секілді шараларға уақыт жоғалтпай”, – дейді Перизат Қайрат.

Алайда кейіннен ерікті әлеуметтік желідегі жазбасын өшіріп, халықтан кешірім сұрады. 

«Biz Birgemiz» қорының негізін қалаушы Перизат Қайрат кім? Даулы іс бойынша барлық ақпаратты жинадық

“Су тасқынының салдарынан еліміз бұл күндері қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатыр. Достар, бәріміз бірігіп, президентімізге қолдау көрсетейік”, – делінген екінші жазбада.  

Еске салайық, бұған дейін ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деп күдікке ілінгенін жаздық. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, ол қайырымдылық ақшасын сән бұйымдары, автокөліктер, жылжымайтын мүлік сатып алуға және қымбат қонақүйлерде демалуға жұмсаған. Сонымен қатар ол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, достары мен туыстарына сыйақы берген. Перизат Қайрат ұсталды, тергеу жүргізіліп жатыр. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<