«Біз теңізге қарызбыз»

6

0

Аты әлемге мәлім Арал аймағында төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты тең көрген, елінің жігері, қоғамның тірегінің бірі болып жүрген азамат Әйімбетов Әділбек десек, асыра айтқандығымыз болмас. Біздің бұлайша пайымдауымызға бір ойшылдың «Өзгеге де сенбе, өзіңе де сенбе, істеген ісіңе сен» деген қағидасы себеп болып отыр.

Айтса айтқандай, биыл Әдекең 80 жасты еңсеріп, ел-халықтың ыс­тық ықыласына кенеліп жүрсе де қа­ра­пайым қалпынан айнымай адами қасиетін, жаратылысындағы кісілік пен кішілік болмысын жоғалтпай, ең­бек етуімен жайраңдай басып жүріп келеді.

Осы жазбаны ойға алғанда жер­лесіміз, белгілі жазушы Қуаныш Жиен­баевтың «Қазақ әдебиеті» газе­тінде жарияланған «Әдекең теңізге қарыз, теңіз Әдекеңе қарыз» деген кө­лемді мақаласы еске түсе кетті. Алдымен Әдекеңнің өнегелі өмір жолына сәл-пәл шегініс жасалық.

Әдекең 1946 жылдың қаңтар айын­да Арал теңізі жағасындағы «Қара­шалаң» ауылына қарасты балықшылар «Станында» өмір есігін ашады. 1963 жылы Жалағаш кентіндегі орыс орта мектебін күміс медальмен тәмамдаған ол еңбек жолын қатардағы құрылысшы болудан бастады. 1965 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шар­уа­шылығы институтына оқуға қабыл­данды. Экономика мамандығын ие­ле­ніп жолдамамен Мемлекеттік жос­пар­лау комитеті жанындағы Алматы экономика ғылыми-зерттеу инсти­тутына инженер-экономист қызметіне тағайындалды.

Теңізбен тамырлас азаматты туған жерге оралсам деген ой күн сайын мазалайды. Сөйтіп 1970 жылы Ара­лымен табысып, алдымен «Арал­тұз» комбинатында ла­бо­ра­тория бас­ты­ғы, кейіннен «Қызы­лорда­құ­ры­лыс» тресінде бөлім бастығы қызмет­терін атқарды. Бертін келе Қы­зыл­орда қалалық, облыстық пар­тия ко­ми­­тет­терінде нұсқаушы, эконо­мика бө­лімінің меңгерушісі, «Аралтұз» ком­би­­натының директоры, Арал аудан­дық атқару комитетінің тө­ра­ғасы қызмет­терінде болып, «Арал ба­лық өндірістік бірлестігінің» бас ди­ректоры қызметіне 1991 жылы та­ға­йын­далады. Тоқырау жылдары іргелі өндіріс орнының құрдымға кет­пе­уіне Әде­кеңнің сіңірген еңбегі орасан зор.

Ресей Басқару академиясынан менеджер мамандығын алған ол аймақ басшылығының ұсынысымен 2000 жылы республикалық «Қамыстыбас балық өсіру питомнигі» мемлекеттік кәсіпорнына директор болды. Осы жерден зейнет демалысына шықты, бірақ қол қусырып қарап отыруды қаламайды. Арал балық комбинаты орнына «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Осы зауыттың атқарушы директорлығына қоса об­лыстық балық шаруашылығын дамы­ту консорциумының төрағасы қыз­ме­тін атқарып келді. Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қо­ғам­дық қызметі тағы бар. Қазір елі­мізді ғана емес, ондаған шет елді ба­лық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр­ған «Арал сервистік дайындау орталығының» тыныс-тіршілігі жайлы сәлден соң баян етілмек. Жоғарыда айтқандай, «Әдекең теңізге қарыз, теңіз Әдекеңе қарыз» пайымына сөз берелік.

– Жазушы ініңіз Қуаныш Жиенбаев айтқандай, Арал теңізі сізге қарыз көрінеді ғой? – дедім сөз арасында.

– Жо… жоқ, біз теңізге, Аралға қарызбыз. Айтайын, – деді ол  ойлы жүзбен. – Өздеріңізге мәлім, кезінде мұз жастанған аралдық балықшылар Еділ бойына 14 вагон балық жөнелтіп, есімдері тарихқа жазылып қалған. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі кезінде Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын орынсыз пайдалану салдарынан теңіз тартылып, жағалаудан 150-200 шақырымға қашықтап кетті. Тұтас бір аймақтың экологиялық тепе-теңдігі бұзылып, экологиялық аймаққа айналды. Теңіз суында тұз мөлшерінің шектен тыс көбеюінен балықтар мүлде жойылды десем, асыра айтқаным болмас. Осы тұста «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұстаным ажырамас  тіркеске айналды. Міне, теңіз бізге емес, біз теңізге қарызбыз.

«Аралбалық» комбинатына бас ди­ректор болып келуім-ақ екен, кә­сіпорынға еркіндік берілді. Себебі, елі­міз Тәуелсіздігін алған жылдары мемлекеттің бұл өндіріс орнын ұс­тап тұруға шамасы жоқ еді. Ол кезде теңізде де тіршілік көзі жоқ есеп-ті. Көлдерден ауланған балық кәсіпорын сұранысының 5 пайызын ғана қамта­масыз ететін…

Өндіріс орнының шаңырағын шай­қалтпай ұстап қалу оңайға соқ­қан жоқ. Әдекеңнің тікелей бастамасы­мен «Каспий», «Қапшағай», «Балқаш», «Бұқ­тырма» су қоймаларымен байланыс жасалып, балықшылар осы жерге аттандырылды. Сондай-ақ Атырау балық комбинатымен де келісім жасалады. Мұнда ауланған балық сол жерде тұздалып, Аралға өндіріс орнына жеткізілетін. Тіпті сонау Мурманскіге барып, Қиыр Шығыс, Балтық жаға­ла­уынан жылына 6-7 мың тонна мұхит балығын әкелуге мұрындық болады. Ал 1990 жылдары «Ақбасты» учас­кесінің «Шығанақ» аймағы мен «Тастүбек» учаскесіне камбала ба­лы­ғын жіберген, олда ауланып, өнді­ріске енгізіледі. Бұл – даниялық балық­шылармен жасалған «Каттегаттан Аралға дейін» деген халықаралық жо­ба. Әдекең Данияға қоғамдықтың ша­қыруымен 14 күн өз мамандарымен барып, соңынан 30 балықшысымен де ба­рып, камбала аулау технологиясын үйреніп, игерді.

Екі жылдан кейін  атыраулықтар сыр бере бастады, қызғанышыда барма қалай?

– Бердібек Машбекұлы Сапар­баев Қызылорда облысының әкімі қыз­ме­тіне тағайындалды. Жаңа жұмы­сы­на енді кіріскелі жатқан Б.Са­пар­­­баевқа Алматыда іс-қағаз­дарын тап­­сы­рып жатқан уақытында қабыл­дау бөл­ме­сіне барып, кіруге талап жасадым. Тез қабылдады, Атырау облы­сының әкі­міне телефон соғып, бір минут сөй­лесіп мәселемді шешті.

Сол күні Атырауға ұштым. 150 тонна көксерке балығын қабылдап алу­ға рұқсат алдым. Сөйтіп ұжымым­ды бір қуанышқа кенелткенім бар, – дейді Әдекең марқұм Бердібек Маш­бекұлының сол көмегі Арал ба­лық­шыларының мәңгі есінде қалға­нын айта отырып.

2000 жылдың наурыз айында «Қа­мыстыбас» балық өсіру пито­м­нигіне басшылыққа келді. Мемлекеттен ба­ры-жоғы 4 млн 800 мың теңге алынады екен. Айлықтарын алты айлап ала алмай жүргендіктен ауыл тұрғындары үдере көшіп жатты. Өндіріс орнын сақтап, ауыл тұрғындарының көшуіне тоқтам салуды ойлаған Әдекең ат сабылтып қаржы көзін іздестіреді. Үкіметтен 9 млн теңге, ал келесі жылы 11 млн теңге алуға қол жеткізеді.

– Ұмытпасам, 2002 жылы Қызыл­ордаға сол кездегі ҚР Премьер-ми­нистрі Қасым-Жомарт Тоқаев көшпелі мәжіліс өткізуге келді. И.Абибуллаев пен Ә.Әйімбетовтің «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигінде 3 миллионнан 12 млн бас майда шабақ өсіру ұсыныстарын қолдады. Мұны іске асыруға 36 млн теңге қосымша қаржы сұралып, Үкімет қаулысына енді. Ал қаржының қаралуына кезіндегі Парламент депутаттары Б.Досмамбетов пен Ұ.Қараманов ағамыздың сіңірген еңбегі орасан болды, – дейді ол.

Иә, Әдекең айтса айтқандай, сол жылдары «Қосжар» мен «Тастақ» ауылдары ажарланып, балық өсіру питомнигі озық өндіріс орнына айналды. Жаңа ғимараттар жарыса бой көтеріп, ондаған тұрғын үй салынды. Сондай-ақ өндіріс орнына көп­те­ген техника алынып, балық сақ­тайтын 200 тонналық мұздатқыш пай­далануға берілді. Балық бассейні са­лынды, өзі бастап Израильге балық өсі­руші­ле­рі­мен барып, «Машав-Юсайд» ар­қы­лы құны 200 мың АҚШ доллары тұратын уылдырық шайқау аппараттары алынды.

Даниялық Курт есімді азамат­тың бастамасымен Аралға бір мың ау, балықшы киімдері мен құрал­да­рын әкеліп, камбала балығын аралдық­тар­дың асыраушысына айналдырады.

«Әдекең басшылыққа келген жылдары өсірілетін майда шабақтар 3 млн-нан 13 млн данаға жеткізілді, 420 мың дана екі жаздық шабақ өсіру орны жолға қойылды. Жүзге жуық жаңа жұ­мыс орны ашылып, еңбекақымыз 6 мың теңге болса,  ол 7 есе өсті», – дейді ауыл тұрғындары.

Осылайша «Қосжар» балық өсіру питомнигі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ең үздік өнеркәсіп» атағын алды. Ә.Әйімбетов «Ерен ең­бегі үшін» медалімен марапатталып, «Балық шаруашылығының еңбегі сің­ген қызметкері» атағын иеленді.

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүс­тік бөлігін сақтау» жобасының нәти­жесінде қаладан 75 шақырымға қа­шық­тап кеткен теңіз 17 шақырымға де­йін жақындады. Бұрын жоғалып кет­кен балықтың 22 түрі қайта тіріліп, балықшылар атакәсіптеріне орала бас­тады.

Бір өкініштісі, балық қабылдау пункті мен өңдеу зауытының жоқ­ты­ғынан балықшылардың теңіз-көлдерді жағалап аулаған балығы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатты. Демек, балық қабылдануы, өңделуі, ел-халық несібесіне берілуі керек. Осындай шешімге КИМЭП бі­тірген, Англиядан магистратура тә­мамдаған баласы Нұрбекпен тоқтам жасаған Әдекең 2008 жылы «Оңтүстік» әлеуметтік корпорациясы мен банктен қомақты несиеге қол жеткізіп, балықты қазіргі заман талабына сай өңдеуге кіріседі. «Аралбалық» комбинатын мүмкіндігінше қайта қалпына келтіріп, балық өңдеу зауытының ір­ге­тасын қалап, 2010 жылы қараша айын­да зауыт жұмысын бастады. Осы жылы «Арал сервистік дайын­дау орталығы» ЖШС шаңырақ кө­тер­ді. Оның демеушілігіне баласымен кірісіп, күні бүгінге дейін жыл­ма-жыл инвестиция салып, зауыт еуро­стан­дарт­қа сай 2012 жылдан  еврокодпен жұмыс жасауда.

Кейінгі 10 жылда зауыт дамуына 3,5 миллиард теңге инвестиция құйыл­ды. Арал қаласы мен Бөген, Жалаңаш ауылдарынан бірнеше балықты терең өңдейтін цехтар мен бөлімшелер бой көтерді. Жаңа технология енгізу аясында шетелдерден және республикадан 25-ке жуық мұздатқыш, балық қыршу, мұз дайындайтын аппараттар, катер, қайықтар алынып, 20,9 мың тонна балық ауланды. Балық өнімінің шығарылуы 200 млн теңгеден 2 миллиард теңгеге жеткізілді, экспорт үле­сі 90%, балықты терең өңдеу үлесі 88%. Теңізді және бекітілген көлдерді балықтандыруға 38,2 млн теңге, ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарына 225 млн теңге жұмсалды.

Жаңадан тұрақты 60 жұмыс орны ашылып, өңдеушілер мен балықшы­лардың табыстары жылма-жыл 30-40% өсуде. Бүгінгі таңда зауыттың ба­лық өнімдері жеті Еуроодақ елдеріне және көршілес Ресей, Грузия, КХР мемлекеттеріне жөнелтілуде.

Зауыт ұжымы 8 мәрте өткен об­лыстық слеттердің бесеуінде «Облыс­тың үздік балық шаруашылығы», «Үз­дік экспорттаушысы» атанып, ма­­рапатталды. 2005 жылы «Қамыс­ты­бас» балық питомнигі Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің «Үздік шар­уа­шылық» марапатын иеленді. 

Әдекеңнің ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған емес. Ондаған ме­рекелік медальдары бар. ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапат­талды. 2025 жылдың өзінде ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің және Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, Қызылорда облы­сы­ның дамуына еңбек сіңірген медалі және «Облыстың құрметті арда­гері» атағын иеленді.

Ә.Әйімбетов 1986-1992 жылдар ара­лығында Қызылорда облыстық жә­не Арал аудандық  Кеңестерінің депутаты, облыстық және Арал аудандық партия комитеттерінің мүшесі, 2007-2012 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты атанды.

Әйімбетовтер – өскен, өркен жай­ған әулет. 2015 жылы  «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсында көш бастап, жүлдегер атанды. Бұған Әдекеңнің өмірлік жары Бағдагүлдің қосқан үлесі орасан зор.

– Мен үшін ең басты марапат – ел-халықтың алғысы. Билік те, байлық та уақытша, ал басты байлық – сау-саламат жүріп, елің үшін еңбек ету, жұртшылыққа қамқор қолыңды созу. Біз теңізге қарызбыз. Осы қарызды өтеу – біздің өтелмеген парызымыз. Өйткені біз бақытты теңізден таптық, – дейді Әділбек Әйімбетов. 

Еркін ӘБІЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Арал ауданының құрметті азаматы