Бөгеннің баласы

346

0

Біздің Қаратереңнен қозы көш жерде бүк түсіп, бұйығып жатқан Бөген деген ауыл бар. Екі ауылдың арасын сылаң қаққан Сырдария ғана бөліп тұр. Сұлу дария, сүлей дария ұлы теңізге тақап қалғанда оң жағындағы Бөгенге басын бұрып, бір қарап алып, сол жағындағы Қаратереңге қарай сәл қисаяды да, дәл осы тұстан арнасы толы ағын суды айдынды Аралға лақ еткізеді.

Қиналмай-ақ, қызғанбай-ақ айтайық, сол Бөгеннің боз да­ласы Қаратереңнің қара то­пырағынан да құйқалы ма деп қаламыз. Біз аулымыз­дан қаптаған ұшқыш шық­қан деп күпінеміз кейде. Ал Бөгеннен өркеуде Мәс­кеудегі ғарышқа адам ат­тандыру мәселесімен ай­налысатын құпия қа­ла­шық­та жұмыс істеген атақ­ты конструктор шық­қан. Қаламы жүйрік журна­листер көптеп туған Қа­ра­терең­нен жабылып жү­ріп өргізген көркем дүние жа­затын жалғыз-ақ жазушымыз бар. Одан өзгеміз публицис­тика­ның төңірегінен ұзай алмадық. Ал Бөгеннің қаптаған қара сөз ше­берлерінің тізімін әйгілі Зейнолла Шүкіровтің өзі бастап тұр. Одан кейінгілер де осал емес… Сайлаубай Жұбатыров, Қуаныш Жиенбаев, Толыбай Абылаев, Жұматәлі Әб­діраман, Болатбек Қожан… Дария­ның теңізге құяр жерінде тұрған Қа­ратереңнің күнқақты кісілері ба­лықты ешкімнен кем ауламайды. Әйтсе де, Бөгеннің балық аулау қарқыны бөлек. Баяғыда басқа емес, Лениннің өзінен хат келген жылы бір емес, он төрт вагон балық аулап, тәулік құрғатпай Еділ бойына жөнелткен де осылар. Бұл оқиға сырбаз суреткер Ғабит Мүсіреповтің «Жиырма төрт сағатта» деген әңгі­месіне өзек болды. Қаратереңнің ба­лықшылары өңіріне Ленин орде­нін тағып алып шақырыспаға ке­ліп, жүрек жалғап, жылытпа ішіп жүр­се, Бөгеннің балықшылары сол за­манның ең жоғарғы марапаты – Со­циалистік Еңбек Ерінің алтын жұл­дызын кеудесіне қондырып, Арал­ға жиылысқа кетіп бара жатады. Сөйтіп, қай кезде де берекелі Бө­геннің бір бәсі биік болды.

Сол Бөгенде тұратын Тастыбай Әбдиев деген әуесқой сазгер, ар­қалы ақын бар еді. Өзі ауылдағы ор­та мектепте сабақ беретін. Ірге­міз­дегі елді мекеннің адамы болса да, өмірі көрген емеспіз. Бірақ сол Тастыбайдың «Болмасын соғыс!» деген әнін күллі Сыр өңірі беріле шыр­қайтын. Ірілі-ұсақты көркем­өнер байқауларында айтылмай қал­­майды. Енді ән болғанда да, әдемі ән! Кәдімгі патриоттық сезі­міңді ұлғайтатын шынайы шы­ғарма. Бәріміз де «Болмасын со­ғыс­ты» өз бетімізше ыңылдап да, хор­ға қосылып та айтып, әуелетіп, әуен­детіп өстік. Бұл ән бірнеше ұрпақтың кәдесіне жарады. Демек, бүгінгіше баяндасақ, нағыз хиттің өзі болғаны. Өңірлік деңгейдегі, әри­не… Мына тұрған Бөген, таяқ тас­там жердегі ауыл. Сол замандағы бар­шаға танымал ән авторының көр­ші ауылдағы орта мектептің қара­пайым ғана мұғалімі екендігі, оның даңққа мас болып, көкке ұшып кетпей, Көнебөген мен Қарашалаңның арасында жұртпен бірге жер басып жүретіндігі бізді таңғалдырмай қой­майтын.

Арада жылдар өтті. Арман қуып Алматыға кеттік. Анығырақ айт­сақ, сол арман бізді өлгенше қуа­лап, Ақбас Алатаудың етегіне дейін апарып тастады. Баяғы ән мен сәннің бәрі естен шыққан-ды. Бір күні Аралға жол түсті. Зейнолла Шү­кіровтің туғанына 80 жыл толуына арналған ақындар айтысына қазылық еттім. Аудан ауқымы десек те, бұл бір жан алысып, жан беріскен алапат айтыс болды. Бө­геннің тұрпаты қатты қысқан жұды­рықтай біртұтам баласы өлеңді өз­геше өріп, қарсыластарын алып та жықты, шалып та жықты. Сөзіне үкі таға біледі екен. Аты-жөні – Ер­жеңіс Әбдиев. Құдай-ау, Әбдиев дегенді қайдан естіп едім осы?! Е, енді есіме түсті, ілгеріректе талайды тамсандырған Тастыбайдың тегі екен ғой… Үзілісте әлгі жұқалтаң баладан «Болмасын соғыстың» авторы Тастыбай Әбдиевке қатысың бар ма?» деп сұрадым. «Иә, баласымын ғой» деді ол. Бәсе…

Содан бері Тастыбайдың тұяғы­ның жазған-сызғандарына ара-тұра көз салып қоямыз. Бұл да әкесі се­кілді мұғалім. Мамандығы филолог емес, математик. Кәдімгі дүниені дүрілдеткен оқымысты шайыр Омар Хаям секілді небір қиын есепті ойнап отырып шығаратын арқалы ақын. Есепті жай шығара салмайды. Әбден әспеттеп, күрең шай секілді баптап, оны асықпай демдеп, шамбысын шөктіріп, суын тұндырып қо­йып шығарады. Кісәпір есепші емес, кәсіби математик. Кейде ол есепті өлеңмен де өреді. «Ержеңістің ерекше есептері» деген танымдық сипаты бөлек құнды кітап – соның айғағы. Кезінде академик Мұхтарбай Өтел­баймен бірге бұл жинаққа рецензент болғанбыз. Әрине, екеуміз екі шаһардың тұрғыны болған соң Ер­же­ңіспен тығызырақ араласудың реті келе қойған жоқ. Бірақ оны тә­уір жігіт деп топшылаймын. Се­бебін айтайық. Біріншіден, жанын­да жүрген жолдастары жақсы. Елге белгілі саңлақтар. Бұл баланы төбе­сіне көтереді олар. Екіншіден, қан­шама қызметке баруға мүмкіндігі болса да, әзір мектептен тамырын үз­генді қаламайтын тәрізді. Енде­ше тумысынан педагог, оның үсті­не ұстанымына берік болғаны. Үшін­шіден, қашанда сергектікті серік етіп жүреді. Қолы қалт етсе, спорт за­лынан шықпайды. Доп қуалайды. Ол допты қуалап, Сырдың сыртына дейін барып қайтады. Шамасы, бүкіл Сырды адақтап болған ба, білмейміз ғой, кейде іргелес облыстардың дәу стадионының дәу қақпасына келіп, шірене тартып, гол соғуға ұмтылып, жанталасып жатады. Қысқасы, атына сай, әрі – Ер, әрі – Жеңіс!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ