Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына қарасты «Жансақтау» және «Балалар жұқпалы аурулары» бөлімшелері өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылады, деп хабарлады Syrboyi.kz. Жиында бөлімше қызметіне қатысты жаңалықтар айтылып, алдағы мақсат – міндеттер айқындалды.
Алдымен «Жансақтау және интенсивтік емдеу» бөлімшесінің меңгерушісі Болат Асанбаев баяндама жасады. 2024 жылы аталған бөлімде 409 науқас ем алған. Ем алушыларға тәулік бойы сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Жағдайы аса күрделі азаматтар ұдайы дәрігерлердің бақылауына алынған. Өткен жылы бөлімше көптеген жетістіктерге жетті. Жаңадан құрал – жабдықтар алынып, қызметкерлер біліктілігін арттыруға жағдай жасалды.
«Балалар жұқпалы аурулары» бөлімінің де ауыз толтырып айтарлық жетістіктері көп. Бұл туралы өз баяндамасында бөлімше меңгеруші Збира Айдарбекова мәлімдеді. Бүгінгі таңда бөлімше 60 төсектік болып бейімделген. Өткен жылы мұнда 2700-ге жуық науқасқа сапалы медициналық көмек көрсетілді. Жаңадан құрал – жабдықтар алынды.
Жиын соңында баяндамашыларға сұрақтар қойылып, дәрігерлер бөлімшелердің жұмысын одан әрі оңтайландыруға қатысты ұсыныс – пікірлерін ортаға салды.






