Молдахмет – қызық болмысты адам, қарапайым, «қарапайым болса да, дара қайың».
Талай қарадомалақ баланың қолына былғары қолғап кигізіп, боксшы қылып шығарған кәнігі жаттықтырушы.
Өзі Өзбекстанның Бөке ауданына қарайтын Алқажар деген елді мекенде өмірге келген. Мектепте жүргенде денешынықтыру сабағынан сөктей «бес» болған. Пән мұғалімі Төребай Молдабаев баланың әбжілдігін, икемділігін, бойдағы қара күшін көріп, оны әртүрлі спортқа бейімдеген. Сөйтіп, ол оқушы кезінде-ақ волейболдан, футболдан, бокстан 1-санаттағы спорттық дәрежені қорғаған.
Кейін Төребаев мектеп директоры болған. Сөйтіп, Ташкент мемлекеттік денешынықтыру және спорт институтын бітіріп келген Молдахметті мектепке жұмысқа қабылдаған.
Бұл кісінің жаттықтырушылығы осы жерден басталады. Бірақ жас маман келер жылы әскер қатарына алынып, азаматтық борышын Германияда өтейді.
Әскерде жүргендегі қызықтарының өзі том-том. 7 қараша – Октябрь мерекесі қарсаңында полк бойынша спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Сол кезде қатардағы жауынгер Молдахмет Бәйменов 32 кіләлық кір тасын қырық бір рет көтереді. Бұл салмақты басқалар мықыны майысып, қолы дірілдеп ең көбі жиырма мәрте көтеріп, тарс еткізіп жерге тастап жатады. Соларға қарап осы да болар деп ойлайды, Молдахмет. Бір кезде бір дағыстандық солдат шығып, қырық екі мәрте көтеріп, озып кетеді.
Тағы бірде «Варшава келісімі» әскерлері арасында бокстан жарыс болып, онда да екінші орынға түсіп қалады. Бірақ сол жолы «Спорт шеберлігіне үміткер» атағын алып шығады.
Жалпы, кеңестік дәуірде әскерде болғандар жақсы біледі, әскерилер арасында орыс шовенизмі көзге ұрып тұратын. Молдахмет осындай теріс пиғылдыларға жол бермей, әлсіздерге пана болады.
Кейін елге келгесін Молдахметтің сол қамқорлығын көргендердің бірі, өзбек баласы оған үй алып береміз, басқа да жағдайың маңдайың шылқығандай болады, бізді боксқа жаттықтыр дейді. Бірақ олар момынның ақысын жейтін жуанжұдырықтылар тобы екен. Молдахмет келіспейді. «Кісінің еңбекақысын жеу арам, біреудің көз жасымен келген табыс арам. Балаларыңды адал аспен асыра. Арамнан ауыз тигіздің екен, ертең оның жазырын өзің татасың. «Тамағымнан өтсе де, жүрегіме жетпесін, жүрегіме жетсе де, ұрпағыма кетпесін» деген ғой, шайырлар». Үлкендер осылай деп отыратын. Сол сөзден аттамады.
1999 жылы Қызылордаға, атамекенге көшіп келді. «КБИ» деп аталатын қалаішілік аудандағы №197 мектепке алғашқы әскери дайындық мұғалімі болып орналасты, сонымен бірге жоғары сыныптарға денешықтырудан сабақ берді.
Сол кезде Молдахмет мектеп директорынан бір зал беруін өтінді, басқа ештеңе сұрамады. Басқасын өзі тапты, сөйтіп бокс секциясын ашты.
Алдымен арқан керіп, шаршы алаң рингін жасады, сосын «мешок», қолғап, әйтеуір тірнектеп тапты. Балалардың боксқа деген ынтасы жоғары екен. Самат Сейітпанов, Еркін Бурақожаев, Азамат Жәбікенов, Бағдат Назаорв, Асқар Қоңқабаев сияқты жас балалардың алды осы жаттығудың арқасында кейін ел біріншілігіне қатысып, жеңімпаз болды.
Айтпақшы, Асқар – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған боксшы, Қазақстан құрамасының капитаны, атақты Қамшыбектің туған ағасы. Қамшыбектің өзі жас кезінен Ғалымжан Байғондиев мектебінде жаттыққан.
Әке жаттықтырушы екінші сыныпқа өткесін 1994 жылы туған ұлы Тұрсынбай Құлахметті бокс секциясына қатыстырды.
Тұрсынбай он бес жасында, 2009 жылы Шымкент қаласында өткен 4-халықаралық турнирде 1-орынды жеңіп алды. Бұл Тұрсынбайдың жеңіс тұғырының басы болды. Содан сегіз жыл бойы әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 1-орын тұғырынан түспеді. Ол мектепте оқып жүріп-ақ Қазақстан чемпионы атағына жетті. Талантты боксшы екі мәрте Азия чемпионы және Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
2017 жылы Софияда өткен «Страндж» халықаралық турнирінде Рио олимпиадасының қола жүлдегері Камран Шахсуварлыны 5:0 есебімен жеңіп, қазақ боксының қайсарлығын тағы бір дәлелдеді.
Жаттықтырушының осы үлкен табыстағы еңбегі «әке» деген атымен ақталды. Бокс әлеміне бір мықтыны қосып жіберген Молдахмет бапкер есебінде елеусіздеу қалған жоқ па деп ойлаймыз, біз.
Өзі бұл оймен келіспейді, «мен боксшы емес, еліне адал қызмет ететін ұл тәрбиелеп шығардым» дейді.
Шынында, Молдахметтің тәлімі ұстынды. «Ала сөйлеп ұлыққа жаққанша, адал сөйлеп жұртқа жақ» дейтін ұстанымның адамы. «Атым озғанша, ағайынға болсын» дейтін көңілдің кісісі.
Оның осындай болмысына бойлаған ағайындары аталықтың көшбасшысы етіп сайлады. Енді осы жөніне келейік. Рас, базбіріміз «бас-басыңа би болып керегі не» деген пікірдеміз. Ал хадисте «туыстық қатынасты үзуден сақтаныңдар» деген. Ағайынға қадірі жоқ адамнан көлеңкесі бар ағаш артық.
Молдахмет жиырма үш жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықты. Жалықпай ұстаздық еткені, жігерлі, отаншыл жастар тәрбиелегені үшін «Еңбек ардагері», Ы.Алтынсарин, С.Нұрмағанбетов, Б.Момышұлы атындағы медальдарды омырауға тақты.
Бүгінде зейнет жасындағы Молдахметті үйінен кездестіру қиын. Ол әуелі бұрын заңды тіркелген қорды қайта жаңартып, көлемін көбейтті. Қорға түскен қаржымен өткен жылы Ортақшыл ауылында үйі өртеніп кеткен ағайынға көмек көрсетілді. Ақтоған ауылындағы көшеден өткен газды үйіне тарта алмай отырған отбасыларға ақшалай жәрдем берілді. Одан басқа ондаған үйдің балаларына мектеп жабдықтарын, киімдерін алып беру ісін ұйымдастырды. Ауыл-ауылдағы ауырып жатқан үлкендердің жағдайын сұрау да – бұл кісінің бір дағдысы. «Арма деген – әлге қуат» деп қарап бармай, қордың атынан көмегін де ала барады.
Қазір арнайы жұмысы болмаса, екі ағайын бірінің үйіне бірі кірмейтін болды. Сондай әдетке ұшырағандарға өнеге болсын дейді, бір жағы.
Біз бүгін қарапайым жұрт қамын жеген еңбек адамының ел ішінде жүрген бейнесін жазуға түсірдік. Ол бейнеден кейінгі буын толқынға алар өнеге де, өрнек те бар.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».





