Ұзақ жылдар бойы (1950-1965) Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандық партия комитеттерін, ал 1965 жылдан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты шаруашылықтарды басқарған Көмекбай Қаракөзов ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен байланысты үзген жоқ.
1975 жылы қараша айында Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрі Моториконың бұйрығымен Қазалы ауданынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына құрылыс жөніндегі орынбасар қызметіне ауыстым. Кейінірек ойлап отырсам, Қазалы ауданында ауыл шаруашылығы басқармасында 8 жыл, облыста 30 жылдан астам уақытымды бір мекемеге арнаппын. Ол аздай, зейнетке шыққаннан кейін, яғни 2005 жылдан бері 20 жыл облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында ардагерлер ұйымының төрағасы болып қоғамдық жұмыс атқарып келемін.
Тағдыр қоғам қайраткерлерімен, обкомның бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімов, екінші хатшы Сұлтан Сарсембаев, ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары Айса Махамбетов, Орынбасар Бәйімбетов, Омар Азхожаев, Елтай Тыныштықбаев, шаруашылық басқарған Көмекбай Қаракөзов, Камал Бердаулетов, Құлмырза Тлеуов, Өзбекбай Досмағамбетов, Шынтас Жалғасбаев, тағы басқа азаматтармен қызметтес болуды жазыпты. Аты аталған азаматтар біздің мекемеде ардагерлердің есебінде тұрды, олармен қызмет істеген жылдары да, зейнетке шыққаннан кейін де кездесіп тұрдым.
Тегінде зиялы қауым өкілдерімен дидарласып бір жүрудің, сөйлеген сөзін, атқарған еңбегін тыңдап, сұхбаттасудың өзі үлкен ғанибет екенін зор қанағат сезіммен атап айтқым келеді. Солардың бірі емес бірегейі Көмекбай Қаракөзов ағамыздың тындырған істерін көзбен көргенімді, өз аузынан естіген әңгімелерін еске аламын.
Көмекбай Қаракөзов 1915 жылдың сәуір айында Қазалы ауданы «Көларық» елді мекенінде дүниеге келген. Әке-шешеден бес жасында жетім қалып, нағашысының тәрбиесінде болды. 1935 жылы Қазалы зооветтехникумында оқып жүріп Коммунистік партия қатарына өткен. 1938 жылы оқуын бітіріп, еңбек жолын Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметінен бастайды. 1939 жылы армия қатарына шақырылып, Финляндия, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысты. Бірақ мамандығына сәйкес броньмен елге қайтарылып, 1943 жылдан облыстық партия комитеті мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, кейін облыстық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
1949 жылы Жоғары партия мектебін бітіріп, ұзақ жылдар бойы Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық партия комитеттерін басқарды. Ал 1965 жылдан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты бірнеше мекемелерге жетекшілік жасап, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.
1975 жылдан, яғни ол облыстық арнаулы мал бордақылау бірлестігінің бастығы қызметін атқарған жылдардан бастап қызметтес болдым. Аталған мекеменің облыста, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандарында бөлімшелері бар. Көмекбай аға ілтипатты, мәдениетті, аз сөйлейтін. Құрылыс оңайлықпен жүзеге асырыла салмайды, қаражат пен материалдық ресурстарды талап етеді. Оларды жобалау, содан кейін жоспарға енгізу, қажетті мөлшерде қаржы мен материал тауып беру қаншалықты қиындықпен келетінін өз басымнан талай рет кешкенмін.
Көмекең басқаратын бірлестікке қарасты «Жетікөл», «Бірлік», тағы басқа мал бордақылау алаңдарында қызмет бабында жиі кездесіп жүрдік. Ол кісі жас айырмашылығымызға қарамай, ойымызды еркін айтуға мүмкіндік жасайтын, өте сыпайы еді, дауыс көтермейді, қолдаған көмегімізге ризашылықпен қарайтын. Бір байқағаным, ел ағалары Қонысбек Қазантаев, Еламан Жүнісбаев, Тәкей Есетов, Исатай Әбдікәрімов, тағы да басқалар Көмекбай ағаны құрметтейтін, сыйлайтын.
Ардагерлер кездескенде қызмет істеген жылдарындағы есте қалған оқиғаларды айтып отырады. Сондай бір кездесуде Көмекбай ағаның әңгімесін бар ынтаммен тыңдадым.
– Шиелі ауданының экономикасын дамытып, енді оның жемісін көремін деп жүргенде, 1954 жылы Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлады. Қызметім төмендеген жоқ, бірақ ауыртпалық әкелген, жайлар бар, – еді дейді ағамыз. – Ауданға келгенімде қыстың қаталдығы көп шығын әкелген, мал саны азайып қалған. Бұл аздай, егін күтімсіз қалып, ауыл шаруашылығы өнімі аз жиналған, аудан қарызға белшеден батқан. Сол себепті сенім артып, жұмысты жолға қоюды маған жүктеді. Әрине оңай емес, бірақ амал жоқ.
Осындай күндердің бірінде телефон шыр ете қалды.
– Жолдас Қаракөзов, КПСС ХХ съезіне бара жатқан республика басшылары мінген ұшақ Жосалыға қонатын болды. Хабар жаңа тиді. Тұп-тура бір сағаттан кейін келеді, – деп әуежай бастығы Козлов шұғыл хабар жеткізді.
– Біз қазір барамыз, буфетке жеңіл тамақ дайындатып қой. Одан басқаға енді үлгермейміз, – дедім.
Бұл 1956 жылдың ақпан айының 14 жұлдызы еді. Асығыс әуежайға жеттік, 30 минуттан кейін ұшақ та қонды. Ішінен бірінші хатшы Брежневтен басқа, екінші хатшы Яковлев, Жанкелдин, совхоздар бөлімінің меңгерушісі Ливенцов, Ауыл шаруашылығы министрі Рогинец түсті.
Олармен амандасып, танысқаннан кейін дастарқанға шақырдым. Келетінінен бейхабар болғанымды айттым.
– Оқасы жоқ, Қаракөзов жолдас, біз сынауға келген жоқпыз, бұйырғаннан ауыз тисек жарайды, – десті.
Леонид Ильич мені қасына отырғызды да:
– Ал, райком, жағдайларың қалай? – деп қалды.
Маған керегі де осы еді, проблеманың тиегін ағытып жібердім. Жағдай жаман емес, егін егуді бастаймыз, мал да төлдейді, ауданда 6 шағын колхоз бар, олардың болашағы қиындау. Басын біріктіріп, екі күріш, бірі мал совхозын ұйымдастырсақ дейміз, алайда оның шешімі әлі табылмай келеді.
– Мынадай хатшыдан айналу керек, Қаракөзов секілді азаматтарды қолдау қажет. Жолдас Рогинец, жаңадан құрылатын совхоздардан қалғаны бар ма?
– Үш совхозды құруға мүмкіндік болады.
– Тіптен жақсы, ұшатын уақыт болып қалды.
Біз орнымыздан тұрдық. Жолай Рогинец мені қолтықтап алды да «Қам жемеңіз, Мәскеуге барған соң, жігіттерге телефонмен тапсырма беремін, қалғанын съезд біткен соң шешеміз» деді.
Ағамыздың осындай естелік әңгімелері көп болатын. Жосалы әуежайында Ауғанстан Президенті Мұхаммед Даутты, белгілі геолог Қаныш Сәтбаевты күтіп алғаны бөлек әңгіме. Жамал апай екеуі қонақжай еді. Құдай қосқан қосағымен 65 жыл отасып, 7 бала тәрбиелеп өсірген.
Еңбегі ескеріліп «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Сыр елінің танымал ұлдарының бірі, қоғам қайраткері, ғасырға жуық ғұмыр жасаған ағамыздың өмірі, азаматтық келбеті жастарға үлгі.
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<