Бүгін — Халықаралық балаларды қорғау күні

468

0

Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

Бұл айтулы дата Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде 1949 жылы ресми түрде бекітілді. 1950 жылдан бері бүкіл әлем осы күнді балаға қамқорлық күні ретінде атап өтіп келеді.

Осы үрдістен Қазақстан да тыс қалған жоқ. Елде азаматтық қоғамның қалыптасуы жеделдеген сайын бала құқығын қорғауға деген жауапкершілік, балаға деген қамқорлық артып келеді.

Қазір елімізде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Бұл лауазым иесінің тікелей Президентке бағынатыны бала құқығын қорғауға деген мемлекеттің ұстанымы қандай деңгейде екенін көрсетеді.

Қазақстанда бала мен әйелдің, жалпы адамның құқығын қорғайтын негізгі заңдардан бөлек, балаларға арналған ондаған заң мен нормативтік актілер қабылданған.

15 сәуірде Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды

Аталған құжат әйелдерді немесе балаларды жарақаттағандарды қылмыстық жазаға тартуды көздейді. Ондай жайт қайталанса, сот жәбірлеушіге қатысты шараны күшейте береді. Сондай-ақ, заңда педофилдер мен бала өлтіргендерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы бар. Заң мемлекеттік орган өкілдеріне кәмелетке толмаған немесе мүгедектігі бар балалардың арнайы мекемелерін ескертусіз тексеруге құқық береді.

Сонымен бірге, заңда:

  • кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;
  • 16 жасқа дейінгі балалар жол ақысын төлемесе де қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Балаға қарсы қылмыс азаймай тұр

Құқықтық статистика деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың басынан сәуір айына дейін кәмелетке толмағандарға қатысты 1027 қылмыстық іс тіркелген. Оның 68-і теріс қылық ретінде, 959-ы қылмыс ретінде сараланған. Осы 959 қылмыстың ішінде 215 аса ауыр қылмыс деп бағаланған.

Қаңтар-сәуір аралығында жасалған суицидтердің саны 1109 болса, соның 16-сын 5-14 жастағы ер балалар, 32-сін 15-14 жастағы ер балалар, 5-уін 5-14 қыз балалар, 16-сын 15-17 жастағы қыз балалар жасаған.

Жылдың 4 айында кәмелетке толмаған 497 адам қылмыс жасаған. Оның 182-сі ауыр, 35-і аса ауыр қылмыс. Тіркелген қылмыстың 29-ын ғана қыз балалар жасаған.

Қаңтар-сәуір арасында тіркелген қылмыстық істерде 11 жасқа дейінгі 275 бала, 12-13 жастан 124 бала, 14-15 жастағы 292 жасөспірім, 16-17 жастағы 329 жасөспірім құрбан ретінде тіркелген.

Жыл басынан бері адам өліміне әкеп соққан қасақана қылмыс салдарынан 246 адам көз жұмса, соның 11-і – кәмелетке толмаған бала. Оның 7-уі анасының жаңа туған баланы өлтіруі ретінде, 1-уі аффект жағдайында кісі өлтіру ретінде, 3-уі денсаулыққа қасақана зиян келтіру ретінде сараланған.

Ал абайсызда қазаға ұшырату санатымен кәмелетке толмаған 7 адамның өлімі тіркелсе, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізудің 26 фактісі тіркелген. Сондай-ақ, 31 жағдайда криминалдық өлім фактісі анықталмаған.

Сондай-ақ, кәмелетке толмаған адамды қылмыс жасауға тартудың 7 фактісі, қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудың 2 фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 7 фактісі, кәмелетке толмағандарды сатудың 9 фактісі, бала асырап алумен байланысты 4 заңсыз әрекет, бала асырап алу құпиясын жария етудің 1 фактісі, кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеумен байланысты мiндеттердi орындамаудың 113 фактісі, балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндеттерін тиісінше орындамаудың 43 фактісі, кәмелетке толмаған адамды Қазақстаннан тысқары жерге заңсыз әкетудің 2 фактісі белгілі.

Ұлттық қор – балаларға

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы биыл іске аса бастады. Биыл 18-ге толатын 304 815 жасөспірім Ұлттық қордан алатын несібесін алғашқы болып кәдеге жаратуға мүмкіндік алды. Қаржы министрі Мәди Такиев БАҚ өкілдеріне берген мәліметінде осындай дерек айтқан болатын.

«Биыл алғашқы қадам жасалып, 6,9 млн бала 100,52 доллардан алды. Өйткені, Ұлттық қордың кірісі 1,3 млрд долларды құрады. Оның жартысы – 695 млн доллар, осы қаражат бөлінді. 2024 жылы 18 жасқа толған не толатын балалар саны – 304 815. 1 наурызда олар 30 млн 640 мың доллар қаражатты алды. Ұлттық қордың кірісі артқан сайын балаларға төленетін төлем көлемі де ұлғаяды», – деген министр.

12 наурыздағы мәлімет бойынша, 304 мың 815 адамның 775-і өз шотындағы ақшаны жұмсауға өтініш жазып үлгерген. Оның ішінде 487 адам шотындағы 100,52 долларды білім алу шығындарына, 288 адам баспана шығынына жұмсайтынын айтқан.

Бұл жердегі баспана шығындарына мыналар жатады:

  • Азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді меншігіне сатып алу (түпкілікті есеп айырысу);
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде);
  • Ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешегін ішінара өтеу (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде);
  • Тұрғын үй құрылыс жинағы арқылы ипотека алу (құрылысты қоспағанда);
  • Төлемді бөліп төлеу арқылы сатып алу, жекешелендіру, сатып алу-сату құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға алу шарттары бойынша ішінара төлеу;
  • Жеке тұрғын үй салуға немесе жеке қосалқы шаруашылыққа арналған жер учаскесін азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша меншікке сатып алу (түпкілікті есеп айырысу);
  • Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйді (пәтерді) сатып алу немесе көп пәтерлі тұрғын үйдің үлесін беру туралы акті жасаған кезде (түпкілікті есеп айырысу);
  • Одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылыс жинағына салым салу.

Ал білім алу шығындарына мыналар жатады:

  • Қазақстан аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу;
  • Шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бір рет толық көлемде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу:
  • Білім беру жинақтау салымын толықтыру;
  • Білім беруге қаржы жинақтау шартының сақтандыру жарнасы түрінде енгізу;
  • Білім беру кредитін ішінара немесе толық өтеу.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<