Бүгін – Қазақстан кәсіподақтары күні. Аталған сала қызметкерлері еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғауда, олардың әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқарады.
Аймақтағы кәсіподақтардың жай-күйін бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев айтты.
– Қазіргі таңда Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 12 салалық кәсіподақтарда 1 020 кәсіподақ ұйымдары мен 95 600 кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Кәсіподақтардың негізгі міндеті – еңбеккер мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешіп, барлық тараппен тығыз ынтымақтастықта болу. ҚР Кәсіподақтар Федерациясы биылғы жылды «Лайықты еңбек жылы» деп белгіледі. Биылғы іс-шаралар мен жұмыс бағыттарының барлығы еңбек адамдарына дұрыс жағдай жасалып, лайықты ақы төленуіне және жоғары деңгейде құрмет көрсетуге арналып отыр. Мәселен, сәуір айында Кәсіподақтар федерациясымен Еңбеккер әйелдер форумы өтті, оған облыстан 4 делегат қатысты. Ал 8-9 қазан кәсіподақтар күні қарсаңында Астана қаласында «Еңбек эволюциясы: Климат. Құзыреттілік. Код» атты жұмысшы мамандықтардың екі күндік жастар форумы болды. Форумға Қызылорда облысы кәсіподақтарының Келешек жастар кеңесінің 3 белсенді өкілі қатысты. Бұл жұмыскерлердің құқықтарын қатаң мемлекеттік қадағалаумен қатар, лайықты еңбек ортасын құруға мүмкіндік береді,- деді Мақсұт Ыбрайханұлы.
Ал мұнай саласы бойынша кәсіподақ ұйымы 1989 жылдың қазан айында құрылған. Құрамында 1 400-ге жуық мүшесі бар ұйым әр жыл сайын өз қызметкерлерімен қоса олардың отбасына да қажетті қолдауды көрсетеді.
– Биыл біздің кәсіподақ ұйымының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Алғашында небәрі 10 адам мүше болған ұйым бүгінде 1 400-ге жуық қызметкерді біріктіріп отыр. Әр үш жыл сайын ұжымдық шартқа өзгерістер енгізіп, оны жаңартып отырамыз. Ұжымдық шартқа сәйкес, қыз-келіншектер дүниеге сәби әкелген күннен бастап оларға қажетті қолдау көрсетіледі. Зейнетке шыққан қызметкерлер мен ұжым мүшелерінің балаларына да әрдайым көмек қолын созамыз. Мысалы, биыл 450 бала Шымкенттегі демалыс орнына жолдама алды. Соынмен қатар, серіктестеріміздің қолдауымен де ұйым мүшелері демалысқа жіберіліп тұрады. Қазан, қараша айларында 100 адам Манкентке демалуға барады,- деді «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақытжан Мукашева.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<