Бүгін жалпыға бірдей декларация тапсырудың соңғы күні

510

0

Бүгін жалпыға бірдей декларация тапсыру мерзімінің соңғы күні. Осы декларациялаудың екінші кезеңінде мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т.б саланың қызметкерлері және олардың жұбайлары тапсыруы керек болатын.

Тиісінше, облыс бойынша декларация тапсыруға міндеттелген азаматтардың 98 пайызы тиісті жеке мүлігі туралы анықтама берген. Бұл туралы Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қуанышбек Бекшин хабарлады.

– Осы жылдың 8 айындағы салық түсімі былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артты. Атап айтқанда, мемлекеттік бюджет түсімі – 169,4 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 137,7 пайызға өскен. Сондай-ақ, жергілікті бюджетке – 71,6 млрд теңге түсім түсіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,0 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілді. Ал соңғы бес жылда салықтық түсім – 57,5 млрд теңгеге ұлғайып отыр, – деді Қуанышбек Махметұлы.

Өз кезегінде Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Гүлжамал Шортанбаева жалпыға бірдей декларацияның екінші кезеңінің қорытындысы туралы баяндап, нақты деректерді атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі, көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі – жалпыға бірдей декларациялау жүйесі. Декларация жүйесінің өзі екі түрге бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, қызметтің 33 түрін электронды түрде, ал eGov.kz порталы арқылы 16 түрін алуға болады. Бүгін жалпы декларация тапсырудың екінші кезеңі аяқталады. Ендігі кезекте келесі жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ дара кәсіпкерлер де тапсырады. Ал төртінші кезеңде яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәмелет жасына толған азаматтар, қандастар және біздің елде тұруға ниеті бар жандар, еліміздің аумағында мүлкі бар немесе тұрғын үй құрылысында өз үлесі бар шетелдіктер тапсырады, – деді Гүлжамал Сейтбайқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<