Бу-газ қондырғысы құрылысына қатысты мәселелер талқыланды

445

0

Фото: Облыс әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Катар еліне іссапары барысында еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын болдырмау үшін қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге бу-газ қондырғысын салу келісілген болатын.

Аталған жобаны жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» АҚ мен катарлық «Power International Holding» компаниялары арасында келісімге қол қойылып, жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары басталуда.

Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің төрағалығымен өткен мәжілісте станция құрылысына қатысты негізгі мәселелер талқыланды.

Жиынға «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері, облыстық басқарма және жергілікті мекеме басшылары қатысып, бірқатар мәселе пысықталды.

Станция құрылысы үшін 250 гектар жер телімі белгіленген. Жоба аясында «Қызылорда-Жезқазған» және «Қызылорда-Шымкент» бағытында 500 кВ жоғары қуатты электр желілері салынады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы өте маңызды жоба еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын болдырмауға, республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл мегажобаны 2028 жылдың аяғына дейін толық іске асыру көзделген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<