Ақпараттық технологиялар әлемінде цифрлық сауатты болудың маңызы зор. Әсіресе, елімізде бұл мәселе ерекше назар аударуды талап етеді. Өйткені күн сайын интернет алаяқтарының ойлап тапқан айла-амалдарында шек жоқ секілді. Оның алдын алу үшін әр адам, тіпті бала кезден цифрлы әлемнің қыр-сырын терең меңгерген жөн. Оқушылардың ақпараттық білімін дамытуды бастауыш сыныптардан бастап оқыту осыдан 4-5 жыл бұрын алғаш тәжірибе ретінде енгізілген болатын. Ал «Цифрлық сауаттылық» пәні 2, 3, 4-сыныптарда ғана емес, 1-сыныпта 2022 жылдың 1 қаңтарынан оқытыла бастады.
Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Айсұлу Бижанованың пікірінше, оқушылар арасында цифрлық платформалар мен ЖИ-ді дамыту үшін робототехника, кодтау үйірмелері мен цифрлық лабораторияларды көбейту керек. Осылайша, бүгінгі оқушылар ертеңгі цифрлық экономиканың инноваторларына айналады. Президент Жолдауындағы «Қазақстан үш жылда цифрлық мемлекетке айналуы тиіс» деген сөзі – жастарға берілген үлкен сенім мен міндет, – дейді.
Қазіргі таңда цифрлық платформалар мен жасанды интеллект технологиялары әлемдік дамудың басты қозғаушы күшіне айналғанын барлығымыз білеміз. Қазақстан да осы жаһандық трендтен тыс қалмай, болашаққа батыл қадам басуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында цифрландыру мен ЖИ-ді барлық салаларға енгізу ұлттық басымдық ретінде айқындалды. Қазақстанның алдағы үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы міндетті түрде жүзеге асуы тиіс екені баса айтылды. Экономиканың барлық саласын ЖИ арқылы жаңғырту тапсырылды.
Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы цифрлық технологиялардың түбегейлі жаңа орта қалыптастыратынын, сондықтан ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, осы өзгерістерге бейімделу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Бұл шешім Қазақстанның цифрлық державаға айналу жолындағы маңызды қадам болып отыр. Осы стратегиялық бағыттардың жүзеге асуында жастардың, оның ішінде оқушылардың да рөлі өте маңызды.
Жастар – цифрлық дәуірдің негізгі тұтынушысы әрі жасаушысы. Қазірдің өзінде Қазақстанда ЖИ-ді оқыту бағдарламалары (мысалы, AI-Sana жобасы), студенттер мен оқушыларға арналған арнайы курстар, хакатондар мен конкурстар ұйымдастырылуда. Болашақта 100 мыңнан астам жас маман ЖИ саласында даярлануы жоспарланған, – дейді Айсұлу Бижанова.
Білім беру жүйесінде жасанды интеллектінің қолданылуы оқушылардың қабілеті мен зейініне қалай әсер етеді деген сұрақ туындауы мүмкін. Айталық, кейбір зерттеулерде оқушылардың 100%-ы ЖИ-ді идеяларды генерациялау үшін пайдалы деп санайды, өйткені ол тез әрі көптеген нұсқалар ұсынады. Бірақ сол зерттеулердің өзінде ЖИ идеялардың жалпы жиынтығында қайталанатын, ұқсас болатыны байқалған. Педагогтің айтуынша, Қазақстан контекстінде осы тақырып әлі де талқыланып жатыр.
– Қоғам тарапынан ЖИ оқушылардың сыни ойлауы мен шығармашылығын тежейді деп есептесе, ал басқа пікірлерде ол шабыт беріп, жаңа мүмкіндіктер ашады делінеді. Бірақ мұнда оқуға қызығушылық және ЖИ-ді түсіну деңгейі өте маңызды рөл атқарады. Бұл бүгін шешілетін мәселе емес, тек тұрақты зерделеу арқылы қол жеткізуге болады. 2022 жылдан бері 1-сыныптан бастап жеке пән ретінде бар болса, қазір оның мазмұнына жасанды интеллект элементтері қосылып жатыр. 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғанына байланысты, мектептерде «Цифрлық әлем» апталықтары, «Day of AI» сабақтары, робототехника, медиасауаттылық ойындары жиі өтіп жатыр. Қазір 1-4 сыныптарда ЖИ-ға кіріспе ойын түрінде, ал жоғары сыныптарда этика мен практикалық жобалар енгізілуде. Осы қысқа іс-шаралар ЖИ-ді тек информатикада емес, цифрлық сауаттылықтың өзінде этика, деректер қорғау, чат-бот жасау сияқты тақырыптар арқылы үйрету тұрақты пәннен гөрі тиімді және мазмұнын тереңдететіні байқалады.
«Цифрлық сауаттылық» пәнін балалардың интернетте қауіпсіздігін ерте қалыптастыру, смартфон, планшетті тек ойын үшін емес, цифрлық құралдарды оқу мен шығармашылық үшін пайдалану, робототехника мен кодтаудың қарапайым деңгейін түсіну немесе болашақта цифрлық әлемде экономикалық бәсекеге қабілетті болуға дайындық деп түсіну керек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





