Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мархабат Жайымбетов
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.Склярға цифрлық такси платформаларына қатысты депутаттық сауал жолдады. Бірқатар әріптестерімен бірге ұсынылған сауалдың толық мәтіні жариялануда.
«Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында инновациялық инфрақұрылымды дамытуды еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды кепілі ретінде атап өтті.
Соңғы жылдары нарықта цифрлық платформалар артып отыр. Бірақ көлік қызметтері нарығында біз автобекеттердің іс жүзінде жоғалып кеткенін, қалааралық тасымалдау көлемінің азайып бара жатқанын байқаймыз. Такси парктері үлкейеді немесе банкротқа ұшырайды.
Жүз мыңдаған қазақстандық жүргізушілер цифрлық такси агрегаторларына қатты тәуелді болды. Төленген әрбір жол ақысының бір үзімін отандық жүргізуші алса, қалғанын сырттағылар иемденеді.
Осы күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен онлайн сервистік такси қызметінен тапқан табыстардың белгілі бір пайызы сыртқа кетіп жатыр. Яғни, қазынамызға қажетті қаражат түсіп отырған жоқ.
Бір қарағанда барлығын шетелдік технократтар жасап беруде дей салуға болады. Шын мәнісінде біз соларға тәуелді болу арқылы ішкі қаржы айналымында оңбай ұтылып отырмыз.
«Amanat» партиясының Жол картасында интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдардың құқықтарын заңнамалық деңгейде қорғау көзделген.
Қазіргі таңда цифрлық такси платформалары 16%-дан басталып, қосымша таксопарктер тағы 2-4% қосып алады. Шын мәнінде, табыстың көп бөлігі платформалар мен таксопарктердің комиссиясына кетіп, жүргізушілерді күректеп ақша тауып жатыр деп айта алмаймыз. Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз. Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе мереке күндері немесе ауа райы күрт өзгерсе, баға бірден шарықтап кетеді.
Бүгінгі таңда шетелдік цифрлық платформалар экономикалық айналымнан жүргізушілер мен халықты қоса алғанда, ел экономикасына инвестиция салмай-ақ, инфрақұрылымды дамытпай-ақ ондаған миллиард теңге алып отыр деуге болады. Осындай жағдайлар еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, нарықтағы монополиялық жағдайы оның кірістерін бақыламай-ақ қайта арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Цифрлық қызметтер саласындағы комиссиялық саясатты қайта қарап, ұлттық мүддені қорғауды күшейту – уақыт талабы.
Осыған байланысты, келесі ұсыныстарды қарауды сұраймын.
Біріншіден, қазақстандық цифрлық қосымшаларды құруға қолдау көрсету. Табысты қазақстандық цифрлық платформаларды жұмысқа тарту.
Екіншіден, осы нарық үшін аса маңызды инфрақұрылымды – елдің цифрлық картасын құру қажет! Ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды.
Үшіншіден, нарықтың өзгермейтін монополиялық жағдайы ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін бағалық реттеуді талап етуіміз керек. Яғни, такси платформалардың комиссиясын 3-5%-ға дейін түсіру қажет!
Төртіншіден, такси, азаматтық авиация және теміржол жолаушылар көлігі агрегаторларының қызметтерінің монополиялық нарықтарында пайдаланылатын динамикалық баға белгілеуді олардың негізгі шығындары іс жүзінде өзгермейтінін, ал монополиялық көрсетілетін қызметтерге сұраныс қана өзгеретінін ескере отырып, реттеуіміз қажет деп санаймыз».
Құрметпен,
Мәжіліс депутаттары
М.ЖАЙЫМБЕТОВ, М.ЕСКЕНДІРОВ,
М.ЕРГЕШБАЕВ, С.ЕГІЗБАЕВ





