Қызылорда көпбейінді облыстық ауруханасының жоғары санатты дәрігер-нефрологы Лиза Нұрсұлтанова «Қызылорда облысында созылмалы бүйрек ауруларының (ҚҚСД) таралуы және бүйрек жеткіліксіздігінің өршуінің қауіп факторлары» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғады.
Лиза Нариманқызы Ақтөбе мемлекеттік медицина университетін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. 40 жылға жуық еңбек жолының 35 жылын нефрологияға арнады. 1990 жылдан бері облыстық көпбейінді ауруханада нефролог дәрігер болып еңбек етіп жүр. Ширек ғасырдан бері нефрология бөлімінің меңгерушісі, облыстың штаттан тыс бас нефрологы. Аймақтағы нефрология бағытының дамуына және созылмалы бүйрек ауруларын ерте анықтауға елеулі үлес қосып келеді.
Білікті дәрігердің докторлық диссертациясына медицина ғылымдарының докторы, профессор Қайрат Қабылбаев ғылыми кеңесшілік жасады. Өңір халқы үшін өзекті мәселені арқау еткен ол «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) атанды. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми алаңдарда ұсынылған және практикалық денсаулық сақтау саласына енгізілуде.
«СБ» ақпарат





