«Достық үйінде» Қызылорданың Астана болғанына 100 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Дәуірлер тоғысындағы Сыр өңірі: тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ассамблея құрылымдарының мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен жастар қатысты.
Конференцияның ашылуында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет өңірдің тарихи ерекшеліктеріне тоқталып, шараның мазмұнды өтуіне тілек білдірді.
– Сыр өңірі – көне өркениет іздері сайрап жатқан, тарихы терең, тағылымы мол мекен. Бұл өңірде ұлт тарихындағы ең маңызды шешімдер қабылданып, Алаш ардақтылары ел мүддесі жолында тер төкті. 1925 жылы дәл осы қалада халқымызға «Қазақ» деген атаудың қайтарылуы – тарихи әділдіктің орнауының айқын көрінісі.
Биыл – өңір тарихы үшін айтулы жыл. Алғашқыда Ақмешіт, кейіннен Қызылорда атанған қаламыздың Алашқа астана болғанына 100 жыл толып отыр. Алаш деп айқындап айтуымыздың себебі, сол жиырмасыншы жылдардың ортасында мұнда Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек Қожанов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Темірбек Жүргенов, Ахмет Жұбанов сынды саяси қайраткерлер, әдебиет, мәдениет саласының белді тұлғалары ел үшін қызмет етті. Қызылорда ел астанасы болған кезде маңызды шешімдер қабылданған саяси орталыққа айналды, – деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігі мен этносаралық татулықты нығайтудағы маңызы зор. Облыста 30-дан астам этнос өкілі тату өмір сүріп, 11 этномәдени бірлестік түрлі бағыттағы мәдени-ағартушылық шараларды тұрақты өткізіп келеді. Қала орталығынан «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясының қолдауымен жаңа «Достық үйі» салынуда. Ғимарат ассамблеяның 30 жылдығына тарту ретінде жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Конференция барысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы Айгүл Сәдуақасова «Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтық мектебі ретінде» тақырыбында баяндама жасады.
– Азаматтықты қалыптастыратын негізгі екі әлеуметтік институт бар. Оның біріншісі – отбасы, екіншісі – білім беру жүйесі. Биылдан бастап біздің мектептерде «Адал азамат тәрбиелеу» бағдарламасы осы мақсатқа қызмет етеді. Қай өңірде тұрсақ та, өмір сүру салтымыз бірдей. Әрине, әр өңірдің ерекшелігі бар. Тура солай, еліміздегі 124 этнос өкілінің тарихы бар. Депортациялау кезеңінде бір жарым миллион халық Қазақстан территориясына жер аударылды. Бұл ашаршылық жылдарында қаза тапқан халықтың тең жартысын толықтырса, екінші жағынан оларды теңестірді деп айтуға болады. Сондықтан ассамблея тарапынан 15 жыл бойы «Өткенге тағзым» деген тақырыпты көтеріп, депортацияға арналған шаралар өткізілуде. Қазіргі таңда «Шаңырақ» деп аталатын Қазақстан халқы ассамблеясының кафедралары 40 жоғары оқу орны мен колледждерде қызмет етуде, – деді А.Сәдуақасова.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов «Ұлттық рух алдаспаны немесе қалай қазақ атандық?» атты мазмұнды баяндама жасап, ұлттың тарихи жадын сақтау мен рухани сабақтастықтың маңызын айрықша атап өтті.
– Өткен тарихымызға көз жүгіртер болсақ, ұлтымыздың қазақ атауы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін түрлі аталып келгені ақиқат. Қазақ халқы патша отаршылдары күштеп таңғандықтан бірде «қайсақ», енді бірде «қырғыз-қайсақ», «қырғыз» аталып, ұлттық намысы қорланып, екі ғасырдай уақыт бойы тарихи шын атауынан айырылып келді. ХІХ ғасырда қазақ халқының тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және халық ауыз әдебиеті хақында арнайы еңбек жазған орыс зерттеуші-ғалымы, белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті тарихшы А.Левшин қазақтар туралы «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» деген үш бөлімді кітабын 1832 жылы жариялаған. Ғалым «қазақ» деген атауға ғылыми тұрғыдан әділ анықтама береді. «Еуропада «қырғыз-қайсақ» деп бір ұлтқа орынсыз таңылған атауға тарихи сипаттама бермес бұрын, олардың өзін-өзі де, тіпті орыстардан басқа ешбір көршілері де олай атамайтынын бірінші кезекте ескерте кетуді өзіміздің парызымыз деп білеміз» деп жазды ол. – Бұл атау қырғыз және қайсақ деген екі сөзден тұрады. Ал мұның алдыңғысы қырғыз – қазаққа қатысы жоқ… Қайсақ сөзі болса, қазақтың бұрмаланған аты. Ал қазақтар атауы кейбір шығыс жазушылары айғақтап отырғанындай, Христостың туғанынан бұрын қалыптасқан көне есім, – деді.
Басқосуда Түркия Республикасының Ескишехир Османгази университетінің оқытушысы Метин Эрдоган екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы өзара ынтымақтастық бағыттарына тоқталды. Одан кейін Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев этносаралық диалог мәдениетін қалыптастырудағы жастардың рөлі мен халық даналығының тәрбиелік мәні жөнінде ой қозғады.
– Қай кезеңде болмасын кез келген халықтың дамуы мен өркендеуінде қоғамдағы ақсақалдар институты маңызды рөл атқарған және солай бола да береді. Ақсақалдар институты халықтың даналық ойларының қайнар көзі саналады. Олай болса жастар тәрбиесінде бұл институттың осы қырын үнемі есте ұстағанымыз жөн. Халықтың даналық ойларынан дән іздеген кез келген адам өзара түсіністік пен келісімге бағытталған қанатты сөздер мен оймақтай ой арқылы терең тәрбиеге бағыттайтын мақал-мәтелдерді кездестіреді. Енді осыларды жастар арасында күнделікті қолдану, отбасы, қоғам, ардагерлер тарапынан шешен тілмен жеткізілуі өзекті мәселе. Олардың түрлі тілдерде түрліше дыбысталғаны болмаса, айтар мазмұны мен сабағында ортақ тұстар өте көп. Міне осы ортақ құндылықтарды жастарға түсіндіру мен солар арқылы тәрбиені қолға алу қажетті дүние, – деді Қ.Анарбаев.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ғабит Тұяқбаев «Қызылорданың астана кезеңі және қазақ зиялылары» тақырыбында баяндама жасап, Сыр өңірінде еңбек еткен Алаш арыстарының ұлт тарихындағы орны мен қызметін жан-жақты саралады.
Конференция жұмысына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысып, өңір дамуына университет ғалымдарының қосып отырған үлесі туралы айтты.
Жиын соңында қатысушылар Қызылорданың астана мәртебесін иеленген кезеңіндегі тарихи шешімдер мен сол дәуірдің тағылымды тәжірибесін зерделеудің маңызын атап өтіп, алдағы Ұлттық құрылтайдың Қызылордада өткізілуін ел бірлігі мен рухани жаңғыру жолындағы маңызды қадам деп бағалады.
– Тарихты білу – өткенмен өмір сүру емес, одан тағылым алып, келешекке нық қадам жасау. Сыр бойы – елдіктің, бірліктің, мәдениет пен өркениеттің ордасы. Бүгінгі конференция соның дәлелі, – деп түйіндеді М.Шермағанбет.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





