Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді.
Сапардың мақсаты – 28 қыркүйекте болатын Қазалы ауданы әкімінің және 26 қазанда өтетін Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданындағы шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауын дайындау және өткізуді пысықтау.
Сапарға ОСК мүшесі Азамат Айманақұмов және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты. Іссапар барысында жоспарланған барлық іс-шаралар сайлау комиссияларының дайындық деңгейін бақылауға, электоралдық оқыту барысына мониторинг жүргізу, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге және сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған.
Қазалы ауданы әкімінің сайлау науқанына 1 аумақтық және 40 учаскелік, жалпы 41 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Қызылорда қаласы және Жалағаш аудандық мәслихат депутаттарының сайлауына 2 аумақтық, 2 округтік, 6 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған.
Сапардың алғашқы күнінде Ортсайлауком басшысы аумақтық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, полиция департаменті, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және өзге де уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
«Достық үйінде» өткен жиында сайлау науқанын ұйымдастыру мәселелері, сайлау өткізудің күнтізбелік жоспарына сәйкес іс-шараларды іске асыру, азаматтардың сайлау құқықтарын сақтау, электоралдық процесс барысында заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
ОСК төрағасы жиынға қатысушылардың аудан әкімі және мәслихат депутаттарының сайлау науқанында заңнаманы сақтау, ашықтық пен айқындықты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне мән беру қажеттігін атап өтті.
«СБ» ақпарат





