ДАЛА ҚОСЫНЫҢ ДҮБІРІ ЕСТІЛЕДІ

3

0

Өңірде көктемгі егін науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл облыс бойынша 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда негізгі дақыл – күріштің көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, жалпы 70 мың гектарға орналастырылады. Қысқарған күріш алқаптарының орнына жүгері егу жоспарланып отыр.

11 наурыздағы дерекке сүйенсек, «Шардара» су қоймасына жоға­рыдан секундына 1176 текше метр су тү­суде. Қоймадағы су көлемі 5 млрд текше метрді құрайды. Төменгі ағы­сына 600 текше метрі жіберілуде. Ал «Көксарай» су рет­тегішінде жинақ­талған су көлемі – 1,5 млрд текше метр. Ол былтырғы жылдан 354 млн текше метрге артық.

– Жылдағыдай күріш егу нау­қаны сәуір айының ортасында басталады. Облыс бойынша егілетін күріштің 2,7 пайызы ғана отандық сорттар. Ауыл шаруа­шылығы дақыл­дары тұқымының сапасын себу дәрежесіне жеткізу жұмыстары егін науқаны бастал­ғанға дейін толықтай аяқталады. Вегетациялық кезеңде егін­ді сумен қамтамасыз ету үшін су жүйелерін тазарту, құрылғыларды реттеу жұмыстары қар­қынды жүр­гі­зілуде, – деді  облыс­тық ауыл шаруа­­шылығы және жер қатынас­тары бас­қармасының бас­шысы Тал­ғат Дүйсебаев.

Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармай қоры ал­дын ала қарастырылған. Атап айтқанда, шаруаларға 10,1 мың тонна арзан­датылған дизель отыны бөлінген. Ал өңірдегі негізгі дақыл – күрішті егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігіне жос­парлануда. Биыл егін көлемінің 89,7 мың гектарын дәндi дақылдар, 6,1 мың гектарын майлы дақылдар, 73,2 мың гектарын малазықтық, ал 16,8 мың гектарын картоп, көкөнiс, бақша дақылдары құрайды. Қолда бар 3975 ауыл шаруашылығы техни­калары толы­ғымен жөндеу­ден өткізілген.

Жалпы, өңірде көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүр­гізіліп, шаруалар жаңа маусымға тың дайындықпен кірісуде.

Облыста су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақ­сатында мемлекеттік қолдау шара­ларына алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарас­ты­рылған. Оның ішінде 2026 жылға 10 млрд теңге бөлініп отыр. Сол арқылы су үнемдеу техно­логияларымен егіндік көлемін 16 мың 700 гектарға ұлғайту жоспар­ланған.

– Бұл үшін Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған, Қармақшы аудан­дарында 6 инвестициялық жоба­ны іске асыру қолға алынды.  Алдағы вегетациялық кезеңге дайындық мәселелері бойынша салалық рес­публикалық және облыстық мекеме басшылары, су шаруашылығы меке­мелері және қаржылық институттар басшы­ларымен арнайы жұмысшы топ құрылды. Олар суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтай­ландыру, су үнемдеу технологиясын енгізу, оларға берілетін мемле­кеттік қолдау, заңсыз артық егін екпеу жөнінде барлық ауданда желтоқсан айынан бастап шаруа­шылық құры­лым­дарына түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүр­гізуде. Сонымен қатар, 2025 жылы диқандар күріштің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізсе, биыл бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізу жоспар­ланған,  – деді басқарма басшысы.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»