Даму мен тұрақтылық тұғыры

198

0

Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды.

Бұл – барша қазақстандықтар үшін айрықша маңызы бар тарихи күн.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған

Ата Заңымыз еліміздің демократиялық даму бағытын айқындап, мемлекеттік құрылыстың берік негізін қалады.

Конституцияның басты құндылығы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғарғы қазына деп танылуы. Әрбір азаматтың теңдігі, сөз бостандығы, ар-ождан еркіндігі, білім алу, еңбек ету, денсаулық сақтау сияқты негізгі құқықтары заң жүзінде кепілдендірілді. Бұл қағидаттар Қазақстанды өркениетті мемлекеттер қатарына қосып, қоғамның әділдік пен заңдылыққа деген сенімін нығайтты.

Қазақстанның саяси тарихында 2017 жылғы конституциялық реформа ерекше орын алады. Бұл кезең – елімізде билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу арқылы мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың жаңа кезеңі еді.

Өзгерістерді қабылдау жан-жақты талқы мен мақұлдауларды кең пайдаланды. Президент Жарлығымен Конститутцияға енетін түзетулер мен толықтыруларды қарау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды.

Оның жұмысына – саяси партиялардың, жоғарғы соттың мүшелері, ғалымдар мен саясаткерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары да қатысты.

Мен осы кезде ҚР Парламенті Сенатының аграрлық саясат және ауыл-аймақты дамыту жөніндегі комитет мүшесімін. Сондықтан, мемлекеттік комиссия жұмысына қатысуға бізді де шақырды.

Сенат депутаты ретінде талқылауларға қатысып, түзетулер енгізу мен нормаларды нақтылау жұмыстарына атсалыстым. Сенат қабырғасында бұл өзгерістер жан-жақты қаралып, қоғам мен мемлекет мүддесін тең ұстау мәселесіне ерекше мән берілді.

Осы кезеңде қабылданған бұл конституциялық түзетулер мемлекеттік билік тармақтарының үйлесімді жұмыс істеуіне, Парламенттің заң шығару қызметін күшейтуіне, атқарушы органдардың халық алдындағы есептілігін арттыруына ықпал етті.

Негізгінен мынадай өзгерістер орын алды:

Президенттің бірқатар өкілеттіктері Парламент пен Үкіметке берілді. Бұған мемлекеттік бағдарламаларды бекіту, бюджеттік саясаттың жекелеген аспектілерін айқындау және атқарушы билік органдарының қызметіне қатысты кейбір функциялар кірді.

Парламенттің бақылау рөлі күшейді. Енді Үкімет мүшелерінің жұмысына жауапкершілік артып, Мәжіліс депутаттары сенімсіздік білдіру құқығын кеңінен пайдалана алатын болды.

Үкіметтің дербестігі артты. Бұрын көптеген шешімдер тікелей Президент Әкімшілігі арқылы қабылданатын болса, реформадан кейін Үкімет өз жауапкершілігімен дербес шешім қабылдауға көбірек мүмкіндік алды.

Конституцияға енгізілген өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауға қосымша кепілдік берді. Нақтырақ айтқанда, заң шығару процесінде Парламенттің ықпалы артып, халықтың мүддесі мен қажеттілігі заңнамалық деңгейде кеңірек ескерілетін болды.

Сот жүйесінің тәуелсіздігіне баса назар аударылды. Судьяларды тағайындау мен сот корпусының жауапкершілігін арттыруға қатысты нормалар нақтыланды.

Бұл өзгерістер Қазақстанның саяси жүйесін эволюциялық жолмен демократияландыруға мүмкіндік берді. Ең бастысы, Парламенттің – соның ішінде Сенаттың – ел дамуы мен мемлекеттік басқару ісінде ықпалды орган ретіндегі рөлі артты.

Бұл – ел тарихындағы үлкен реформалардың бірі болды және ондағы Сенаттың үлесі де айрықша екенін айтуым керек.

Соңғы жылдары, әсіресе 2022 жылғы конституциялық өзгерістер, еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға зор серпін берді. Парламенттің өкілеттіктері кеңейтіліп, Мәжіліс пен мәслихаттарды құру тәртібі өзгерді, Конституциялық сот қайта құрылды.

Ең бастысы – азаматтардың тікелей Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі пайда болды.

Осыған қатысты Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:  «Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін», – деп баға берді.

Аталған өзгерістер халықтың құқықтарын қорғауды күшейтіп, билік пен қоғам арасындағы байланыс арта түсуіне жол ашты.

Осы реформалардың арқасында мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есеп берушілік жаңа деңгейге көтерілді. Қоғамдағы әділдік сезімі нығайып, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі арта түсті.

Конституцияның 30 жылдығы – тек мерекелеу емес, өткенге тағзым жасап, болашаққа сеніммен қараудың сәті. Қазақстандықтар үшін Ата Заң – ел бірлігінің, тұрақтылық пен келісімнің, жаңа жетістіктерге бастайтын сенімді жолдың символы.

Бүгінгі таңда әрбір азамат Конституцияны құрметтеу арқылы өзінің де, елінің де болашағына үлес қосатынын жақсы түсінеді. Сондықтан 30 жылдық мерейтой – баршамызға ортақ мақтаныш әрі жаңа жауапкершілік.

Бекмырза ЕЛАМАНОВ,

Қызылорда облысының құрметті азаматы,

Қазақстан Республикасы Сенаторлар кеңесінің мүшесі.