«Даму» өрлеуге жол ашты

191

0

Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырған саланың қатарында кәсіпкерлік бар. Әсіресе, шағын және орта бизнеске бет бұрғандарға «Даму» қоры демеу көрсетеді. Бүгінде қордың игілігін көрген қаншама кәсіпкер шаруасын ширатып отыр. Осы орайда қордың аймақтық филиалы тиімді жеңілдіктерге қол жеткізіп, заманауи технологиямен жабдықталып, кәсібін кеңейткен, өнімін еселеген бизнес өкілдерімен кездесу үшін пресс тур ұйымдастырды.

Алдымен филиал директоры Айдос Жыл­қайдаров баспасөз өкілдерімен кездесіп, биылдан бастап «Даму» қоры базасында ірі инвестициялық жобалар мен шағын және орта бизнесті несиелеуге арналған екі кепілдік тетігі іске қосылғанын жеткізді.

– «Даму» қоры ұлттық даму институ­ты болған­дықтан, елі­міздің барлық өңі­ріндегі шағын және орта бизнестің са­палы дамуына ықпал етеді. Бұл эко­номикаға айтарлықтай серпін береді. Біз кәсіпкерлерге үйрен­шікті қолдау тетіктерін сақтап қалдық, дегенмен олардың маз­мұнын жетілдіріп, жұмыс­тың тиімділігін арттырдық, – деді ол.

Өңірде 2010-2024 жылдар аралы­ғында мемлекеттен қолдау алған кәсіпкерлер 11,3 мың жаңа жұмыс орнын ашып, бюджетке 537 млрд теңге салық төлеген. Жаңа жұмыс көзінің көптеп ашылуы нәтижесінде қан­шама адам екі қолға бір күрек тапты. Кәсіпкерлерге ұсынылған тиімді мүмкіндіктің арқасында олар ісін дамытып қана қоймай, өнімін шетелдік нарыққа да шығарып келеді.

– Біз бұған дейін пайыздық мөлшерлемелерді субсидияласақ, енді кепілдік және жеңіл несие беруді басым бағыт етіп ұстандық. Биыл маусым айынан бастап «Даму» қоры  «Өрлеу» атты жеңілдікпен несиелеу бағдарламасын іске қосты. Бұл құрал пайыздық мөлшерлемелерді субси­дия­лаудың баламасына айналып, кәсіп­керлердің кідіріссіз қаржы алуына мүмкіндік береді. Бағдарлама экономиканың басым салалары – өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына жеңілдетілген несие беру арқылы кәсіпкерлерді ынталан­дыруға бағытталған. Оның шарты оңтайлы, 12,6 пайыздық мөлшерлеме қарыздың бүкіл мерзімінде өзгермейді. Ең ұзақ мерзімі 10 жыл. Сондай-ақ кепілдік беру құралы бойынша биыл Мемлекет басшысының тапсыр­масымен 7 млрд теңгеге дейінгі және 7 млрд теңгеден жоғары несиені қажет ететін жобалар үшін екі жаңа кепілдік қоры іске қосылды. Енді кәсіпкерлер кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда «Даму» қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға кепілдікті өте қысқа мерзімде  небәрі 2 жұмыс күні ішінде береді. Бұл портфельдік кепіл­дендірудің арқа­сында мүмкін болып отыр. Кепілдік несиеге, лизинг мәмілелерін және келісімшарттарды орындауға, несие сомасының 85%-на дейін беріледі. Бұл кепілдік сомасы 3,5 млрд теңгеден аспайды. Екіншісі – 7 млрд теңгеден жоғары несиені қажет ететін ірі жобалар. Бұл жерде жобалар зерт­теледі, қарастырылады. Бағдар­ламалар өзінің жемісін беруде. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы бас­талған уақыттан бері облыста 1,9 млрд теңгенің 19 жобасы қолдау тапты. Ал бірінші кепілдік қоры аясында 30 жоба мақұлданды. Бұл бағдарламалар жа­йын­да халық енді біліп, пайдалануда. Сондықтан кеңінен насихатталуы керек, –дейді филиал директоры.

Сондай-ақ Айдос Әмірқұлұлы «Даму» қорынан қолдау алған жер­гілікті тауар өндіруші кәсіп­керлердің өнімдері қойылған бұ­рышпен таныстырды.

ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫ ТЫҢАЙТҚЫШПЕН ҚАМТИТЫН СЕРІКТЕСТІК

Одан әрі Жалағаш ауданындағы «Агрохимсервис-С» ЖШС зауытына бардық. Жалпы серіктестік өңірдегі күріш шаруашылықтарын минералды тыңайтқыштармен (аммоний суль­фаты) қамтамасыз етеді. Құрамында азот бар құрамаларды өңдейді. Зауыт сағатына 10 тоннаға дейін түйір­шіктелген тыңайтқыш шы­ғарады. Өндірістік базасы заманауи тех­нологиялармен жабдықталған. Онда дайын өнімді сақтауға арналған қой­малар, екі теміржол тұйығы, тиеу-түсіру техникасы мен теміржол таразысы бар. Қазір облыстағы шаруа­шылықтардың 80-90 пайызын тыңайт­қышпен қамтып отыр. Шаруалар өнімді тікелей зауыт басынан алып кетуде.

Қаржы директоры Валентина Ким мемлекеттік жеңілдіктің, соның ішінде «Даму» қорының қолдауының арқа­сында істері алға жылжып келе жатқанын жеткізді.

– Тыңайтқыш – өсімдіктердің то­пы­рақтан қоректенуін жақсарту үшін қолданылатын органикалық және минералдық заттар. Оны дұрыс пайдаланғанда дақылдардың түсімі артады, өнім сапасы жақсарады. Осы ретте елімізде өсірілетін түрлі дақылдардан мол, тұрақты әрі сапалы өнім алуда агротехникалық шаралармен қатар, тыңайтуды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Сол себепті біз шаруашылыққа қажетті минералды тыңайтқыштар өндірумен айналысып отырмыз. Зауыт тоқтаусыз жұмыс істейді. Қазір мұнда 25 адам еңбек етеді. Шикізат Ресейден келеді. Құрылғының  бәрі де – Қытайдан әкел­інген жаңа технологиялар. Өнімге сұраныс жоғары. Қазіргі таңда өзге өңірлерге де өткізуге әрекет жасап жатырмыз,  – дейді ол.

Зауытта жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Екі жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бекмұрат Жетібаевтың мамандығы механик. Ол қапталған тыңайтқышты өлшеп тұ­рады. Айтуынша бір қапқа 1 тонна тыңайтқыш салынады. Таразы авто­маттандырылған. Салынып жатқан өнім салмағы бір тоннаға жеткенде қап ажырайды. Әрі қарай келесі қапқа салына береді. Дайын өнім шағын жүк машиналары арқылы тасылып, қоймаға жиналады.

Биыл тамыз айында «Агро­химсервис-С» ЖШС «Даму» қорының «Өрлеу» жеңілдікпен несиелеу бағ­дарламасы аясында «Қазақстан Халық банкі» АҚ-нан несие алды. Бағдарлама аясында кәсіпкер 12,6 пайызбен тиімді несиеге қол жеткізіп, шаруасын дамытуда. Бұдан бөлек, серіктестік қор ұсынған мүмкіндіктер­ді тұрақты пайдаланып келеді.

ЖОЛАУШЫ ВАГОНДАРЫ ӨЗІМІЗДЕ ЖӨНДЕЛМЕК

Келесі нысан өңірдегі теміржол жолаушылар тасымалы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі атанған «Марал-Нұр» ЖШС болды. Компания 2005 жылдан бері ел аумағында әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде 20 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорын «Қызылорда-Павлодар» және «Жезқазған-Астана» бағыт­тарын­дағы қалааралық тасы­малды қамтамасыз етіп келеді. Қызмет аясын кеңейту мақсатында «Жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені «Цифрлық депо» инвес­тициялық жобасын жүзеге асырды. Жобаның жалпы құны 5,4 млрд теңге, оның 2,2 млрд теңгесі «Даму» қорының «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауы арқылы «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дан қаржы­ландырылды. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде несие мөлшер­лемесі жылдық 8 пайызға дейін төмендетілді. Компания 500-ден астам жолаушылар вагонына техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкіндігіне ие болды.

«Марал-Нұр» ЖШС дирек­торы­ның орынбасары Олжас  Өткелбаев мұндағы атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталды.

– Қазіргі ең маңызды мәселе – жолаушылар вагон­дарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету. Елі­міз­де жолаушылар ва­гоны көп бол­ға­ны­мен, жөндеу орны аз. Сондықтан біз 2020 жылы осы жобаны қолға алдық. Құ­рылыс мемлекет тарапынан қол­дауға ие болып, қаражатқа құрал-жабдықтар алынды. Бүгінде мұнда 80-нен астам техника әкелініп, орнатылды. Құрылыс толық аяқталды. Жыл аяғында іске қо­сыламыз. Бүгінде дайындық жұ­мыс­тары қызу. Жоба бойынша 100-ден астам адам жұмыспен қамтылады, –деді ол.

Ал серіктестік директорының кеңесшісі Әбдімәулен Әлішев за­ма­науи «Цифрлық депо» кешенінің маңы­зына тоқталды. Бұл – жолаушы­лар вагондарын жөндеу мен тех­никалық қызмет көрсетуді жаңа дең­гейге көтеруге бағытталған тың бастама. Ерекшелігі, жөндеу про­це­сінің бар­лығы цифрлық басқару жүйесі арқылы жүзеге асады. Қызмет сапасын арт­тырумен қатар, уақыт пен шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол осындай жемісті жобаның тиімді жүзеге асуына қолдау білдірген «Даму» қоры екенін айтып,  техникалық қызмет көрсететін әр цехтың жұмы­сына жеке-жеке тоқталды.

– Қазіргі таңда екі пойыз, 59 вагонымыз бар. Осы кезге дейін вагондарымызды сыртта жөндетіп келдік. Бұл тиімсіз болды. Сол себепті заманауи депоны іске қосып жатырмыз. Құрал-жабдықтар орнына қойылып, енді жұмысшылармен қамтамасыз етуге кірістік. Іске қосылған кезде жылына 500-ден астам вагонды жөн­деп шығатын боламыз. Бұл «Марал-Нұр» мекемесіне эко­но­микалық жағынан да, сапасы жағынан да тиімді болады. Себебі жолаушылар вагонына кез келген техникалық жөндеуді жасай аламыз, –дейді ол.

ЖАЙЛЫ ЖАТАҚХАНА

Одан әрі «Іңкәр-7» ЖШС жүзеге асырған әлеуметтік маңызы бар жобаның бірі қала орталығында орна­ласқан студенттерге арналған жатақ­ханаға бардық. Жоба студенттерді жайлы тұрғын үймен қамтамасыз етуді және өңірдің білім беру инфра­құры­лымын дамытуды көздейді. Былтыр серіктестік 200 орынға арналған жатақ­хананың құрылысын аяқтап жаңа оқу жылында пайдалануға берген.

 Ғимарат заман талабына сай бой көтерген. Айналасы кө­галдан­дырылған, мұнтаздай таза. Әр бөлмеде 4 студенттен орналасқан. Қазір мұнда 207 тұрғын бар. Бәрі де Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің білім алу­шы­лары. Онда оқу бөлмесі, мейірбике бөлмесі, акт залы, асхана, кір жуатын, жуынатын орындар қа­рас­ты­рылған. Комендант Гүлсара  Әбдіхалықова мұнда жас­тар­дың білім алуы­на, бос уақытын тиімді өткізуіне барынша жағдай жасалғанын айтты.

Бұл жобаның да сәтті жүзеге асуына «Даму» қоры ықпал еткен. Соның арқасында жатақхана құрылысы уақытылы аяқталып, пайдалануға берілген.

Белсенді студенттің бірі Ақниет Жүнісбеков заманауи жатақхананың ашылғанына, оның тұрғыны болғанына қуанышты екенін жеткізді.

– Қармақшы ауданы Төретам кентінің тумасымын. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студентімін. Биыл 4-курста, дене­шынықтыру мамандығында оқып жатырмын. Былтыр жатақхана ашыл­ғанда орналасқан едім, ұнады. Осы оқу жылында қайта келдім. Мұнда студенттер үшін барлық мүмкіндік бар. Интернет желісіне қосылған.  Түрлі іс-шараға белсенді қатысамыз. Бөлмеде сабақ оқитын орын, жеке асхана, жуынатын орын қарас­тырылған. Бағасы да тиімді, айына 12 мың теңге төлейміз, –дейді ол.

Кәсіпкерлікті ынталандыру ел эко­номикасының дамуына ықпал етеді. Мемлекет тарапынан қолдау көр­сетудің нәтижесінде отандық тауарлар мен қызметтер өндірісі дамып, тұр­ғындар жұмыспен қам­тылуда. Олар үшін «Даму» қорының қолдауы аса маңызды. Қордың несие бағдар­ламалары сан салалы көмек түрлерін ұсынып келеді. Міне, соның нәти­жесінде бизнес өкілдері өнімін шы­ғарып, отандық тауардың көлемін ұлғайтып отыр. Оған пресс тур барысында тағы да бір көз жеткіздік.

Түйгеніміз,  кәсіпкерлік саласында қарқын бар, қолдау жылдан жылға артып келеді. «Даму» қоры да кәсіп­керлерге жеңілдетілген несие бағдар­ламаларын барынша оңтайлы етіп ұсынуда. Нәтижесінде «Дамудан» көмек алғандар, қызығушылық та­ныта­тындар саны артып, кәсіпкер­ліктің көкжиегі кеңейді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»