Еліміз үшін маңызды саяси науқан – республикалық референдум өтті. Ел тұрғындары Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау үшін таңдау жасады.
Конституция – ел дамуының бағыт-бағдары, ұрпақ келешегінің кепілі. Қазіргідей әлемде геосаяси жағдай ушығып тұрған уақытта ел тыныштығын, мемлекет тұрақтылығын сақтай отырып, келешекке қадам басудың маңызы зор. Бұл орайда Президент әр сөзінде атап көрсеткендей, бізге заң мен тәртіп қағидаты аса қажет. Сондықтан тереңірек ойланып қарасақ, еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау тарихи әрі саяси маңызды қадам екенін түсінеміз.
Жалпы айтқанда, референдумға қатысу – әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін білдіретін маңызды қадам. Мемлекет тағдырына қатысты шешімдер қабылданатын сәтте халықтың белсенділігі аса маңызды. Әрбір азамат өз таңдауын жасап, елдің ертеңіне бейжай қарамайтынын көрсетуі тиіс деп ойлаймын. Сондықтан осы күні мен де халықпен бірге азаматтық борышымды орындап, дауыс бердім.
Референдум нәтижесі көрсеткендей, ел таңдауын жасады. Ата Заңымыз қабылданды, алдағы шілде айынан бастап күшіне енеді. Мемлекет үшін маңызды құжаттың мазмұны халықтың өмір сүру сапасына, әділетті Қазақстан орнығуына қызмет етеріне сенімдіміз. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері






