«Декретке миллионмен» немесе заңсыздықтың залалы

474

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Осыдан екі-үш жыл бұрын әлеуметтік желідегі «Декретке миллионмен» жарнамасынан көз сүрінетін. Қазір де толастамай тұр. Дегенмен бұрынғыға қарағанда бәсеңдеген секілді. Оның себебі де жоқ емес. Табыс көзін көбейтіп көрсету арқылы декреттік демалысқа миллионмен шығып, бір-бірімен жарысқандар болды. Әйтсе де мұның соңы жақсылыққа апармаған тәрізді. Оңай «олжаға» кенелгісі келген 113 келіншекке қатысты 16 қылмыстық іс қозғалған. 

Енді әйел қанша табыс тапса да, бір жолғы декреттік төлем 2 249 100 теңгеден аспайды. Жаңа ереже 8 сәуірден бастап күшіне енді. Тақырыпқа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеме жасаған болатын.

– Біздің бұйрық ашық порталда жарияланды. Мемлекеттік органдардың бәрінің келісімінен өтті. Барлық өзгерістер заңды түрде жұмыс істейтін азаматшалардың құқығын қорғауға бағытталған. 12 жыл бойы әлеуметтік сақтандыру қорына жарнасын аударып отырған жұмыс беруші әйел 1,2 млн теңге алса, ешқашан жұмыс істемей, екі айдың ішінде «жеке кәсіп» аша салып 14 млн теңге алып кеткен әйелдер бар. Сондықтан, әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін бұйрыққа өзгерістер енгізілді. Қазір бұйрыққа сәйкес, төлемдер ең төменгі жалақының жеті есе мөлшерінде төленеді. Егер 595 мың теңге айлық табысы болып есептелсе, 2 млн теңгеден астам қаражат алады, – деді министр.

Рас, қомақты төлем алудың жолдары кәдімгідей бизнеске айналды. Әлеуметтік желілерде декретке шыққанша жасалуы керек аударымдарды төлеп беретін «инвестор» іздеуден бастап, бүкіл құжатты рәсімдеп беретіндердің хабарландыруы аз емес. Есепке жүйріктердің бюджетке келтірген шығыны 158 млн теңгені құрапты. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап 1,5 мың алушы өз кірісінің жасанды түрде артқанын ерікті түрде мойындаған. Олар табысының жалған екенін айтқан. Соның нәтижесінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының 3,4 млрд теңгесі қазынада қалды.

БЛОГЕРЛЕРДІҢ ҚАТЫСЫ БАР МА?

Жалпы жүкті әйелдерге арналған төлемнің үш түрі бар. Алғашқысы, босанғанға дейін соңғы 12 айдағы табысқа байланысты, екіншісі босанған соң берілетін бірреттік, одан кейін бала 1,5 жасқа толғанға дейін төлем. Міне, осы жерде даудың басы алғашқы төлемнен басталып отыр. Қанағат тұтпай көпке қол созғандардың үстінен іс қозғалып тексеріс жүруде. Экономикалық қылмыстарды тергеумен айналысатын Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, қазір төрт аймақта тексеріс жүріп жатыр. Оның ішінде Ақтөбе, Абай, Қызылорда, Шымкент қаласы бар. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер аяқталғаннан кейін, заңсыз әлеуметтік төлемдер алуға ықпал еткендердің және заңсыз жәрдемақы алғандардың іс-әрекеттеріне заңды баға берілетінін айтады.

Салық сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызының айтуынша, ешқандай кәсіпкер болмаса да, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аударым жасап бастағандар, сонымен қатар бірнеше жерде жұмыс істесем көбірек ақша аламын дегендер, аз табысын көбейтіп көрсеткісі келгендер заң­бұзушылықтарға жол берді. Мәселен, бір адам 40 жерден аударым жасап, заңсыздыққа барған.

Жүкті әйелдердің барлығын кінәлі деуге келмес. Олардың заңсыз жолмен төлем алуына блогерлердің де әсері болды. Осының басында бес жыл бұрын желіде ашықтан ашық жарнама жасаған бұрынғы блогер, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың тұрғаны айтылуда. Оған қатысты депутаттың өзі де мәлімдеме берді.

– Сабаққа қатыспаған адамға сырттай заңсыз әрекетке барыңдар деп үгіттегендей көрінуі мүмкін. Бірақ сабақта жалған ИП (жеке кәсіпкер) ашпаңдар, оның барлығының сұрауы бар деген нәрселер сан мәрте айтылған. Заңды айналып өткісі келетін адамдар бар. Олар көп ИП ашып, қомақты қаражат алғысы келді ме екен?! Бірақ менің сабақтарымда теріс әрекеттерге үгіттейтін дүниелер айтылған жоқ. Ашық «egov» сынды ресми порталда миллион емес, 2,5 миллионмен декретке шығудың схемасы тұр, – дейді депутат. Ол декреттік төлем алатын адамның кәсібі адал, табысы заңды болса, ешқандай қиындық туындамайтынын айтады.

ТӨЛЕМ ТӘРТІБІНДЕГІ ЖАҢА ӨЗГЕРІС

Төлем тәртібіне енгізілген негізгі өзгерістер қандай? Декреттік төлемге қатысты осы және өзге де сұрақтарды «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Гүлсім Денееваға қойған едік.

– Қазіргі уақытта республика бойынша жүйемен 6,8 млн-нан астам адам қамтылған, өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 958 млрд теңге сомаға шамамен 1,4 млн  адам әлеуметтік төлем алды. Төлем құрылымындағы негізгі үлес ана мен балаға байланысты төлемдерге тиесілі. Жыл сайын осы мақсатқа Қордан төленетін төлемдердің жалпы көлемінің 82%-дан астамы жұмсалады. Бұл ретте, еңбекке қабілеттілігінен айырылуы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша екі ұзақ мерзімді әлеуметтік маңызы бар төлем көзделген. Ұзақ мерзімді төлемдерден басқа, жұмысынан айырылу жағдайына да қолдау бар.

Бұған дейін МӘСҚ-ның тексеру шараларының нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді алуға жүгінушілермен еңбек қатынастарын растамаған кезде «жалған» еңбек қатынастары фактілері анықталған болатын. Осындай фактілердің себептері көбінесе жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік тәуекелдің алдында жекелеген әйелдердің нақты еңбек қатынастарының болмауына қарамастан бір кезеңге  бірнеше жұмыс берушілерден әлеуметтік аударымдарды төлеп, өздерінің кірістерін жасанды түрде арттырған, – дейді филиал басшысы.

Жаңа өзгеріске сәйкес, жұмыс берушілердің санына қарамастан, жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем мөлшерін есептеу кезінде орташа айлық кірісті 7 ЕТЖ-ге дейін шектеледі. Енді ең төменгі айлықтың 7 еселенген мөлшеріне дейінгі кіріс есепке алынады. Қазір ең төменгі айлықтың жеті еселенген мөлшері – 595 мың теңге. Одан көп жалақы алатындарға да осы сома көлемі ғана ескеріледі. Демек, бұл сомадан төмен жалақы алатын аналар үшін ешқандай өзгеріс болмайды дегенді білдіреді.

Екінші өзгеріс – әлеуметтік тәуекел туындаған күннен кейін түскен аударымдар ескерілмейді. Жалақысы жоғары әйелдердің бала босанғаны үшін алатын әлеуметтік төлеміне шектеу қойылды. Әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептегенде орта айлық кірістің көлемі ең төменгі 7 айлықпен  шектелді. Бұл дегеніңіз, қанша жұмыс берушіде жұмыс істесе де, жалпы орташа айлық мөлшері ретінде ең төменгі жалақының жеті еселенген көлемін ғана есепке алады. Тағы бір ескеретіні, орташа айлық кірісі белгіленген лимиттен жоғары әйелдер үшін қосымша ақы алу мүмкіндігі қарастырылған. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленген соманы шегеріп, орташа айлықты сақтап, жүктілік пен босануға ақылы демалыс береді. Мұндай мүмкіндік еңбек және ұжымдық шарттарда қарастырылуы ықтимал. Егер мұндай ереже болмаса, жұмысшы шартқа осындай тармақты қосуға бастама көтере алады.

Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш берудің бірнеше тәсілі бар. Мәселен, қызметті  алу туралы автоматты түрде SMS-хабарлама келіп, оған әйел келісімін берсе, өтінішіне 4 жұмыс күні ішінде жауап беріліп, қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, egov.kz веб-порталы арқылы өтініш жіберуге болады. Мұнда да қызмет 4 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. Ал «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып өтініш берсе, 8 жұмыс күні ішінде қаралады.

ҚАНША ӘЙЕЛ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ АЛДЫ?

Жыл басынан бері мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты 246 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 221,8 млрд теңге төленген. Ал бала туғанда берілетін жәрдемақыны республикалық бюджеттен барлығы 15,6 млрд теңге сомаға 86 мыңнан астам адам қамтылған. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары барлар, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.

Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 10,8 млрд теңге сомасына орта есеппен 123 мың адам қамтылды, оның ішінде наурыз айында 3,6 млрд теңге сомасында 123 мың адам алды.

Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақының мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 6,5%-ға индекстелді.

Облыс бойынша жүктілікке және босануына байланысты әлеуметтік төлемді өткен жылы 14902, бірінші тоқсан бойынша 2897 әйел алған. Бала күтіміне байланысты 1,5 жасқа дейін былтыр  20171,  бірінші тоқсан бойынша 4 640 әйелге төлем тағайындалған.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы».