Департамент бастығы Ақтөбеге ауысты

212

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге орай өткен актив отырысында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Шаймерден Есенкелдиевті басқа қызметке ауысуына байланысты құрметпен шығарып салды. Ол ротация тәртібімен Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды.

– Әріптесіміз еңбек жолын қарапайым полиция қызметкерінен бастап, жоғары басшылық лауазымға дейін сатылап өскен азаматтардың бірі. Өңірімізде алты жыл нәтижелі жұмыс жасап, департамент жоғары жетістіктерге қол жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан ал­шақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек, – деген болатын.

Аймақта атқарылған жүйелі жұмыс­тардың арқасында кейінгі жылдары жазасын өтеушілерді еңбекке тарту үлесі 68 пайызға өсті. №60 мекемеде 18 өндірістік цех іске қосылып, 400-ден астам бас бостандығынан айырылған азамат жұмыспен қамтылды.

Қылмыстық-атқару жүйесі инфра­құрылымын жақсарту бағытында жер­гілікті атқарушы органдармен бір­лесіп, ауқымды жұмыс атқарылды. №60 мекемеге 91 млн теңгеге 97 электрондық есік орнатылып, №68 мекеменің емхана ғимаратына 171 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Пробация қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 39 млн теңгеге серверлік жүйе орнатылып, 34 млн теңгеге 176 смарт-білезік алынды. Бұл шаралар қайта қылмысқа бару деректерін 28 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі.

Басқосуда Шаймерден Тәжіқ­ұл­­ұлына өңірдің әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуына, қоғамдық қауіп­сіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін Қызылорда облы­сының Құрмет грамотасы, «Қы­зылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Облыс прокуроры Ризабек Ожаров, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеуімбетов ізгі тілектерін жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі