Депозит нарығы мен зейнетақы қорында не жаңалық?

2065

0

Жасыратыны жоқ, қазір қарама-қайшылығы мен сипаты жағынан күрделі кезеңді бастан өткізіп жатқан жағдайымыз бар. Ақшаның құны жоғала бастады. Инфляцияның қарқыны жоғары. Таңданатын дәнеңесі жоқ, бүкіл әлемде орын алған құбылыс осындай.

Жуырда Қазақстан Үкіметі Ұлттық банкпен бірігіп, бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады. Ол бойынша үстіміздегі жылғы 24 ақпан деңгейіндегі қазақстандықтардың депозит салымындағы қаржысы бюджет есебінен 10 процентке ұлғаятын болды. Шарт бойынша салымшылар өз салымдарын бір жыл көлемінде сақтағанда ғана өсім қамтамасыз етіледі. Бір ескерте кететін мәселе, жалпы зейнетақы қоры құрылғаннан бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс 6,6 трлн теңгені құраған. Бүгінгі таңда жалпы зейнетақы қорындағы салым 13,6 трлн теңге. Цифрлар негізінен оң сипатта дамып отырғанымызды дәлелдейді.

Әрине, инфляция өз болмысында біршама жоғарылау екенін жасырғымыз келмейді. Бірақ Үкіметтің жоқтан бар жасаған қарекетіне шүкіршілік етуге болады. Себебі геосаяси жанжалдан кейін доллар құны теңгеге шаққанда ә дегеннен 20-30 процент көлемінде ұлғайған еді. Кейін ол біршама бәсеңдеді. Қазақстан Үкіметі Президент тапсырмасына сәйкес теңгенің құнын біршама сақтап қалу бағытында тиісті шешімдер қабылдады. Оның үстіне Ресейдің Еуропаға газ бағасын рубльмен сату туралы шешімі де теңгенің тұрақтануына біршама оңды әсер етті.

Қазақстан Ұлттық банкі Қызылорда бөлімшесінің дерегіне сүйенсек, үстіміздегі жылдың 1 ақпандағы мерзіміне қызылордалықтардың жалпы депозит мөлшері 177,6 млрд теңгені құрайды, оның ішінде заңды тұлғалардың үлесі 31,1 млрд теңге. Теңге депозитінің жалпы депозиттегі үлесі 77,3 процент. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Жалпы халықтың ұлттық валютаға деген сенімі нығайған. Үкіметтің соңғы шешімдері осы сенімнің өсуінен болып отырғанын ашық айтқымыз келеді. Сонымен бірге кейінгі уақытта болған валюта нарығындағы қарбалас едәуір бәсеңдеді. Ақпанның соңы мен наурыздың басында болған АҚШ долларын сатып алуға деген құлшыныс байқалмайды. Сол кезеңде банктердің жан басына мың доллар көлемінде айырбастауға шектеу қойғанының куәсі болдық. Кейін Президент Жолдауда мұның алыпсатарлықтан туындағанын ашық айтты.

Қымбатшылық барлық саланы қамтып отыр. Соңғы уақытта Қазақстан Үкіметі зейнетақы қорындағы салымды ұлғайтуға назар аудара бастады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметі бойынша 2022 жылдың 1 қаңтарынан 1 наурызына дейін салымшыларға бөлінген инвестициялық табыс 522,3 млрд теңгені құраған. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам қаржы.

Жалпы инвестициялық табыс күрделі, түйткілі көп мәселе. Оның құрамына бағалы қағаздар бойынша сыйақы түріндегі кірістер, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау түріндегі кірістер, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер және басқалар кіреді. Әрине, инвестициялық табысты кіріс түрінде келтіру үшін азаматтардың біліктілігі, іскерлігі де маңызды рөл атқарады. Қалай болғанда да, халықты ырыққа көнбей отырған инфляция үдерісінен біршама қорғау мемлекеттің маңызды міндетіне айналғанда ғана оған деген сенім артатыны сөзсіз.

Осы орайда бір нәрсені атап өткіміз келеді. Халықтың қазір тұрғын үй кезегінде тұрған тобының да банкте депозит салымдары бар. Олардың барлығы тапқан-таянғанын тұрғын үй сатып алу үшін тиісті заңдылыққа сәйкес банкте сақтап отыр. Соңғы деректі келтірейік. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша қызылордалықтардың жалпы депозиттегі салымы 146,7 млрд теңге болған. Екі жыл ішінде өсім 30 млрд теңгені құрайды.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<