Депутаттар ел ішінде

937

0

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сапары Қармақшы, Жаңақорған және Сырдария аудандарында жалғасты.


Мәжілістегі «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері, Бақытбек Смағұл, Геннадий Шиповских Қармақшы ауданындағы «Nur Otan» партиясының сай­лауалды бағдарламасы аясын­да жаңғырту жұмыстары жүр­гізілген Төретам, Ақай елді меке­ніндегі электр станциясының жұмысын көрді. Төретам кентіндегі «Ажар Сити» сауда үйінде болып, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бағамдады. Көшелерге жасалған орташа жөндеу жұмыстарының сапасын көрді. Аудандағы брусчатка мен тротуарларға арналған плиталар, бордюрлар, пластик есік -терезе шығаратын «Мир-2001» ЖШС құрылыс материалдарын өндіру зауыты жұмысымен таныс­ты. Жергілікті кәсіпкерлермен, ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдар мен ұсыныстарды тыңдап, шешу жолдарын қарастыруды назарда ұстайтындарын жеткізді.


Жаңақорған ауданында депутаттар жаңадан салынып жатқан 300 орындық және жаңадан бой көтерген 600 орындақ жаңа мектептердің құрылысымен танысты. Қос мек­тептің де аудан үшін маңызы зор. Бүгінде МАИ бекетінен 300-ден аса оқушы Жаңақорған кентіндегі мектептерге қатынап оқиды. Ал, №169 мектепте оқушы сыйымдылығына байланысты мәселе бар. Осыған орай қос мектептің ашылуын жаңақорғандықтар асыға күтіп отыр.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева құры­лысшыларға мектеп құрылысын сапалы жүргізуді әрі әлеуметтік нысанды мерзімінде тапсыру маңызды екенін айтты.


Онан соң, Жаңақорған кен­тіндегі «Премиум Класс-Строй» ЖШС-ның әк зауытына барды. Зауыт қысы-жазы өнім өндіреді. 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Онда тәулігіне 240 тонна әктас өндіріледі. Бүгінде 8 пешке сағатына 1500 текше метр «көгілдір отын» жұмсалады. Егер тағы 1500 текше метр газ алуға мүмкіндік болса, тәулігіне әктас өндіруді 500 тоннаға дейін жеткізіп, қосымша 40 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Серіктестік басшысы «көгілдір отынның» қысымын (мөлшерін) арттыруға көмек беруді сұрады.
ХХ ғасырдың 60-жылдардың аяғында Келінтөбе магистралды каналы іске қосылып, Жаңақорған ауданының халқына халық қосылып, Түгіскен мас­сивін игеріп, елдің әлеуметтік әлеуеті арта түсті. Сол уақыттан бері диқан қауымына канал қалтқысыз қызмет етіп келген-ді. Бірақ кейінгі жылдары Сырдария өзенінде қайыр жерлер көбейіп, судың мөлшері жыл өткен сайын азайып келеді. Бұған халық қатты алаңдаулы.


Ең болмағанда дария суын бір қалыпта ұстап тұратын су тос­пасы болса дейді. Шаруа қожалықтары төрағалары Мәжіліс депутаттарына осы мәселені шешіп беруді айтты.


Сондай-ақ, партияның бес­жылдық сайлауалды бағдар­ла­ма­сына енген жобаларды жүзеге асырудың маңызы айты­лып, оның ішінде, Төменарық ауылдық округіне аурухана салу және т.б жүзеге асыру жолдары талқыланды.


«Nur Otan» партиясының аудан­дық филиалында Б.Кесебаеваның қоғамдық қабылдауы жалғасты. Онда аудан тұрғындарын қабыл­дап, еркін форматта пікір алмасты. Әрі партияның сайлауалды бағдарламасының басты аспектілерінің орындалу деңгейі сараланып, әрбір мәселе терең, жан-жақты талқыланды.


– Сапарымыздың мақсаты – партияның сайлауалды бағдар­ламасының міндеттері жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанын, өңірлердің өндірістік және ауылшаруашылық әлеуетін арттыру үшін қандай шаралар қабылданғанын, халықтың әлеуметтік мәселелері қалай шешілгенін көзбен көру. Жаңақорған ауданында айтылған әрбір мәселені өз бақылауыма алып, тиімді шешілуіне ықпал етемін, – деді Б.Кесебаева.


Сырдария ауданындағы сапар барысында халық қалаулылары тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Парламент қабырғасында талқыланған және қабылданған заң жобалары жөнінде қысқаша ақпарат берді. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ғ.Әміреев кәсіпкерлік саласын дамыту, баға өсімінің алдын алу мен болдырмау бағытында пікір білдірді.

Депутат азық-түлік өнімдерін сақтау қоймаларының жұмысын ретке келтіру, кәсіпкерлерге берілетін несиелерді жеңілдету, кәсібін жаңадан бас­тағандар үшін әкімшілік кедер­гілерді болдырмау жөнінде нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ жи­на­лысқа қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиналысқа қатысушылар ауданның ерекшелігіне сәйкес депутаттар назарына бірқатар ұсыныстар айтты. Мысалы, аудан­дық мәслихат депутаттары және кәсіпкерлер халық көп тұтынатын заттардың бағасы кейінгі екі айда күрт қымбаттағанын, несие ұйым­дарының талаптарын, ауданның Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл ауылдарында дәрігер жоқ екенін, кәсіпкерлікті дамыту мәселелері мен жем-шөпке берілетін субсидия мерзімі жайлы өз ұсыныстарын жеткізді. Айтылған пікірлер мен сұрақтарға депутаттар толыққанды жауап берді.


Кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды аралады. Ең алдымен «Углесбыт» ЖШС-ның күріш ақтау зауытының жұмы­сымен танысты. Сондай-ақ тойхана ғимаратын қазіргі уақыттың талабына сәйкес «Бақнұр» бөбек балабақшасы ретінде жабдықтаған нысанға барды. Сапар барысында Тереңөзек кентінен салынып жатқан 10 отбасыға арналған тұрғын үй құрылысымен танысып, құрылысшылармен пікірлесті. Депутаттар сонымен бірге «Аңсар» дәріханасын аралап, дәрілердің бағасын бағамдады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<